100 миллион теңге... Түркістанда қызметтің құны қанша?

Oinet.kz 10-06-2026

Screenshot_2.png

Түркістан қалалық әкімдігінде әжептәуір қызмет атқаратын шенеунік, дәлірегі бөлім басшысы өзіне қатысты шығарылған әкімшілік қаулының күшін жою үшін 100 миллион теңге берген. 100 миллион теңге... Алғашында «бәлкім қателесіп отыр ма, 100 мың теңге шығар» дедік, кейін «1 миллион емес пе?» деп қайта үңілдік. Жоқ, сот үкімінде 100 000 000 деп тайға таңба басқандай анық жазылған.

Бұған дейін шенеуніктердің, құзырлы органдарда істейтін шенділердің қылмыстық жазаны жеңілдету үшін 10 миллион, 50 миллион теңге пара алғанын естіген едік. Келешек карьерасына көлеңкесін түсіруі мүмкін деген әкімшілік актінің күшін жою үшін бөлім басшысының 100 миллион теңге бере салғанын естігенде не сенерімізді, не сенбесімізді білмедік.

Бұл нені білдіреді? Соңғы уақытта теңгенің  құны қатты түсіп кеткенін бе? Әлде шенеуніктік аппетиттің тым көтеріліп кеткенін бе?

2024 жылдың 13 сәуірінде таңғы сағат төрттердің шамасында Түркістан қаласы Жаңа қала мөлтек ауданындағы «Нұрсұлтан сити» тұрғын үйінің ауласында полиция инспекторлары «GEELY AZKARRA» маркалы көлігін тоқтатқан. Көліктен Түркістан қалалық әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникация бөлімінің басшысы Ержан Исмайлов түседі. Тәртіп сақшылары оған көлікті алкогольдік масаң күйде басқарды деген күдік келтіреді. Алайда шенеунік полиция қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес алкогольдік масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындаудан бас тартады. Осы себепті оған қатысты ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлігімен (медициналық тексерістен өту туралы тәртіп сақшыларының заңды талабынан бас тарту) әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылады. Сонымен сот болады.

Алайда  бұл іс Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының өндірісіне маусым айында түскен көрінеді. Ал сот оны одан әрі сағызша созып, он айға дейін жалғастырған. Исмайловтың өзі сот отырысына келмей, оны мәжбүрлеп әкелу шаралары қолданылған. Толғағы тым ұзаққа созылған қаулы 2024 жылдың 31 желтоқсанында шығарылады.

Осы қаулыға қарағанда, сотта Исмайлов хаттамамен келіспей, өзіне ақылы жүргізуші шақырғанын алға тартқан. Ал шақыртумен келген азаматтың полиция қызметкерлері тоқтатқан кезде көліктен түсіп қашып кеткенін айтады. Қаулыда хаттама түзген инспекторлардың сотқа шақыртылып, жауап алынғаны, олардың көлікті Исмайловтың басқарғанын растайтын бейнежазбаның жоқтығын айтқаны келтірілген.

«Сонымен қатар, сот отырысында полиция инспекторы Е.Исмайловтың автокөлікті өзі басқармағандығын, жүргізуші түсіп қашып кеткендігі туралы айтқандығын растады. Сот осы мән-жайларды ескере келе, Е.Исмайловтың кінәсі дәлелденбеген деп есептейді», — деп жазылған судья Жанысбаеваның шығарған қаулысында.

Алайда кейінірек бұл іске Түркістан қалалық прокуратурасы араласады. Әкімшілік сот шығарған қаулыға апелляциялық шағым келтіріліп, іс енді Түркістан облыстық сотында қаралады.

Облыстық соттың мәжілісінде алғашқы сот отырысының бейнежазбасы қаралып, шенеунікті тоқтатқан инспекторлардан қосымша жауаптар алынады. Инспекторлардың сотта Исмайловтың «автокөліктен жүргізуші түсіп қашып кетті» деген сөздерді айтпағанын мәлім еткені анықталады. Яғни, Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты куәгер-инспекторлардың сөздерін бұрмалап жіберген болып тұр ғой. Не үшін? Соттың осыншалықты бұра тартқанын неге жоруға болады? Мұның арғы жағы бұлыңғыр, сонымен бірге күмәнді, күдікті екені айтпаса да түсінікті ғой.

Қысқасы, облыстық сот алғашқы сатыдағы соттың тұжырымын жай ғана қателік деп бағалайды, Исмайловты 15 тәулікке әкімшілік қамауға алып, көлік басқару құқығынан 8 жылға айыру туралы қаулы шығарады. Осымен бұл оқиғаның бірінші бөлімі аяқталады. Енді екінші, ең қызықты — 100 миллион теңгеге қатысты жерін баяндайық.

Өзіне қатысты шығарылған әкімшілік қаулы карьерасына үлкен зиянын тигізетінін түсінген Исмайлов басқаша амал іздей бастаса керек. Былтыр мамыр айында ол бұл ойын таныстары Б.Ибрагимова мен Ж.Қуатбековке айтқан. Олар көмектесуге уәде беріп, бұл қызметтің ақысын 100 миллион теңгеге бағалаған. Исмайлов айтқан ақшаны тауып берген. Бірақ уәде орындалмайды. Оның ақыры қылмыстық іске ұласады.

Біз осыған қатысты шығарылған Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының биылғы 1 сәуірде шығарған үкімімен танысып шықтық. Бірақ үкімде бұл оқиғаның жай-жапсары жалпылама жазылған. Мәселенің мән-жайы толық көрініс таппаған. Тіпті үкімнің шығарылған мерзімі де 2025 жыл деп қате жазылып кеткен. Дегенмен мәлім болған фактілерге тоқталайық.

Үкімде қос сотталушы Ж.Қуатбеков пен Б.Ибрагимованың кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне шын жүректен өкінетінін білдіргені жазылған. Олар жәбірленуші Е.Исмайловпен ұзақ уақыттан бері таныс екенін, былтыр мамыр айында ол өзіне Түркістан облыстық сотының қаулысымен әкімшілік жауаптылыққа заңсыз тартылғанын айтып, көмек сұрағанын айтқан. Дәл осы сәтте оларда жәбірленушінің ақшалай қаражатын иемдену мақсатында оны алдап, 100 000 000 теңге мөлшерінде ақша талап ету ойы пайда болған. Бұған жәбірленуші келіскен. Ақшаның 25 000 000 теңгесін Ибрагимова, 75 000 000 теңгесін Ж.Қуатбеков алып, жеке бастарына жұмсап жіберген. Тіпті сотта Қуатбеков ақшаға үй салғанын да мойындаған.

Сот олардың жасаған әрекеттеріне шын өкінетіндігін, жәбірленушіге келтірген зиянды толық өтегенін ескере отырып, екеуін Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен (аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау) 5 жылға бас бостандығынан айырып, жазаны шартты деп есептеген. Оның үстіне Ата заңның 30 жылдығына жарияланған рақымшылықты қолданып, жазаның бір жылын қысқартқан. Нәтижесінде Ибрагимова мен Қуатбеков түпкілікті 4 жылға шартты жаза алған (егер олардың орнында басқа біреулер болса он жылды арқалап кетер ме еді?).

Бір қызығы, үкімде сотталушылардың екеуі де жұмыссыз деп көрсетілген. Алайда осы оқиға туралы жазған ақпарат құралдарындағы мәліметтерге қарағанда, Ж.Қуатбеков Отырар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, ал Ибрагимова дәл осы қызметті Сарыағаш ауданында атқарған көрінеді. Ашық дереккөздерде жарияланған мәліметтерге қарағанда, Жандос Қуатбеков расында да күні кешеге дейін Отырар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болып істеген. Мұны сол жақтағы біз әңгімелескен азаматтар да растап отыр.

Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай биыл сәуірде, яғни Қуатбековке шығарылған үкім күшіне енген соң, оның орнына осы бөлімде сектор меңгерушісі болып істеген азаматты тағайындаған. Соған қарағанда, Қайрат Жолдыбай Жандос Қуатбеков  қызметіне қайта оралады деген үмітін соңғы сәтке дейін үзбесе керек. Осы жерде айта кетейік, Қуатбековке тағылған айып сыбайлас жемқорлық санатына кірмейді. Яғни Қайрат Жолдыбайға дәл қазір отставкаға арыз жазу қаупі төніп тұрған жоқ деген сөз. Біздің айтпағымыз — сотталушы Жандос Қуатбековтің шенеунік немесе экс-шенеунік екені сот үкімінде неге жазылмады? Ол кімге керек болды? 

 100 миллион теңгенің иесі, жәбірленуші Ержан Исмайлов туралы ақпарат та аздау болып тұр. Естуімізше, ол бұған дейін Отырар аудандық әділет басқармасын басқарған, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары болып істеген екен. Әкімшілік қамаудан кейін шамасы ол атқарып отырған лауазымынан босатылған сияқты. Дәл қазір Түркістан қалалық әкімдігінің ресми сайтында Исмайлов деген фамилия кездеспейді.

Енді ең маңызды сұрақ— қарапайым қала әкімдігіндегі бөлім басшысы 100 миллион теңгені қайдан алған? Егер бөлім басшысы отырған «кресло» 100 миллион теңгеге бағаланса, қала әкімінің орынбасары, қала әкімінің «ставкасы» қанша тұрады? Мұны енді кімнен сұраймыз?


«Рейтинг» газеті, 10 маусым 2026 жыл.


Домбыраны "ібілістің мүшесіне" теңеген ақтөбелік сотталды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу