Сайрамның әкімі отставкаға кете ме?

Oinet.kz 17-06-2026

Screenshot_2.png

 Биыл наурызда  Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев пен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбековтің, сондай-ақ жеті ауыл әкімінің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғаны белгілі. Содан бергі аралықта үш айға жуық уақыт өтіпті.

Жалпы, Түркістан облысында бір мезгілде бір аудандық әкімдіктің бірнеше қызметкерінің қылмыс жасады деген күдікке ілігуі бұған дейін кездескен емес. Қалай алып қарасаңыз да бұл  мемлекеттік қызмет үшін төтенше жағдай. Бірақ осы жағдайға қарамастан үш айдан бері құзырлы органдардың ешқандай ақпарат таратпай отырғаны таңқаларлық. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үндемеуінде не астар бар?

Есесіне қазір осыған қатысты қарапайым жұртшылық арасында әрқилы әңгімелер көбейіп тұр.

Сол наурызда Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев пен бірнеше ауыл әкімінің ісі облыстық Әдеп кеңесінде қаралып, оларға атқарып отырған лауазымынан босату жөнінде ұсыныс берілген болатын. Кеңестен шыққан шенеуніктерді ҰҚК-нің қызметкерлері алып кетті.  Сайрамдық атқамінерлердің тәртіптік істерін жеңілдету үшін Мемлекеттік қызмет істері департаментінің лауазымды қызметкерлеріне пара бермек болғаны айтылды. Ал қозғалған тәртіптік істер жерге қатысты. Бұл туралы біз сол кезде «Рейтинг» газетінде жан-жақты жазған болатынбыз.   

Сайрам  – халық тығыз қоныстанған әрі жерге сұраныс жоғары аудандардың бірі. Соңғы жылдары осы жер саласындағы заңбұзушылықтарды көтеріп жүрген қоғам белсендісі Қаныбек Өмірбекұлының айтуынша, ауданда жер үшін талай шенеунік қызметтен кеткен, қылмыстық жауапқа тартылған.

–Былтыр облыстық прокуратура Сайрамдағы жерге қатысты қабылданған шешімдерге тексеру жүргізген. Қазан айында облыс прокурорының бірінші орынбасары С.Келдібеков облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолдайды. Осы хатқа қарағанда, облыста жерге қатысты былық-шылықтардың басым бөлігі Сайрам ауданында орын алған. Шамасы осы кезден бастап Ұлттық қауіпсіздік комитеті сайрамдық шенеуніктерге қатысты жасырын тергеу амалдарын жүргізген  деген әңгіме бар. Кім біледі, атқамінерлердің мәселені ақшамен шешетінін алдын ала сезген шығар. Көп ұзамай осы тексеруге қатысқан облыстық прокуратураның бір қызметкері ұсталған көрінеді. Бірақ бұл туралы да осы уақытқа дейін құзырлы органдар ешқандай мәлімет таратпай отыр. Артынша аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаев, жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Жүнісбеков және жеті ауыл әкіміне қатысты тергеу басталды. Олар тәртіптік іс бойынша тексеруге келген Әдеп кеңесінің лауазымды қызметкерлеріне пара бермек болғанға ұқсайды. Қылмыстық істер облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары мен Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысы, қазіргі Түркістан қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Алибжан Ибрагимовтың де үстінен қозғалған дейді. Бұл істің анық-қанығы сотта белгілі болады, --деді Қаныбек Өмірбекұлы.

Қоғам белсендісі  бізге Түркістан облысы прокурорының бірінші орынбасары Келдібековтің былтыр қазан айында жолдаған қызметтік хатымен де таныстырды. Құжатта соңғы екі жылда облыс көлемінде әкімдіктер жалпы көлемі 6112 гектар болатын 190 жер учаскесін заң талаптарын бұза отырып бергені, жердің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту, жерлерді бөлшектеу, аукцион рәсімдерін айналып өту және мемлекеттік жерлерді түрлі тәсілдермен жеке айналымға шығару фактілері жүйелі сипат алғанын атап өтілген.

Солардың елеулі бөлігі Сайрам ауданында анықталған. Атап айтқанда, Манкент ауылдық округінде 2024-2025 жылдары тұрғын үй құрылысына арналған мемлекет меншігіндегі 27 жер учаскесі жалған шешімдер арқылы рәсімделген. Аудан және ауылдық округ әкімдері 300 гектардан астам жердің нысаналы мақсатын заңсыз түрде кәсіпкерлік мақсатқа өзгерткен. 40 гектар елді мекен жері кәсіпкерлік мақсатқа ауыстырылып, кейін 276 учаскеге бөлшектелген.

Хатта нақты мысалдар да келтірілген. Соның бірі – З.Эргешовтың пайдалануындағы 6,26 гектар ауыл шаруашылығы жері. Құжатқа сәйкес, бұл жердің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертіліп, кейін жер учаскесі 49 бөлікке бөлінген. Оның бірқатар бөлігінің мақсаты тұрғын үй құрылысына қайта өзгертіліп, сатылып кеткені көрсетілген. Прокуратура бұл ретте жердің сатып алу құны мен басқа да міндетті төлемдер толық өтелмегеніне қарамастан шешім қабылданғанын атап өткен.

Құжаттағы тағы бір қызық дерек аудандық жер комиссиясының жұмысына қатысты. Ақсукент ауылдық округінің әкімі 2024 жылғы тамызда аудандық мәслихат депутаты әрі жер комиссиясының мүшесі Молшыбековке 0,4511 гектар жерді бау-бақша шаруашылығын жүргізу үшін уақытша пайдалануға берген. Арада екі ай өтпей жатып, сол жер учаскесінің нысаналы мақсаты «жеңіл конструкциялы спорт кешені мен балалар ойын алаңын салу үшін» деп өзгертіліп, кейін жеке меншікке сатылған. Прокуратура бұл жерде мүдделер қақтығысының белгілеріне назар аударған. Өйткені сол жер комиссиясының құрамында депутат М. Жолшыбековтың өзі де болып, өзіне қатысты мәселеге дауыс берген.

Құжатта Сайрам ауданында шамамен 65 мың азамат жер кезегінде тұрғаны көрсетілген. Соған қарамастан, сұранысқа ие ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік мақсатындағы жерлердің басым бөлігі ашық аукционға шығарылмаған. Керісінше, кейбір жер пайдаланушыларға іргелес аумақ ретінде қосымша жер беру тәжірибесі қолданылған. Прокуратура дерегіне сәйкес, 2023-2025 жылдары аудан әкімдері жалпы көлемі 13,7 гектар болатын 70 қосымша жер учаскесін осындай тәсілмен берген.

Әрине, прокуратура анықтаған заңбұзушылықтардың басым бөлігі қазіргі аудан әкімі Мадияр Оразалиев қызметке келгенге дейін орын алған. Алайда қоғам белсенділері жерге қатысты күмәнді шешімдер оның кезеңінде де жалғасып отыр дейді.

--Жалпы ауданда жерге қатысты мәселенің бәрін Убайдуллаев немесе ауыл әкімдері шешті дегенге сену қиын. Менің ойымша бәрі жоғарыдағылардың келісімімен жасалады. Жақында мен ауданда 24 жер телімінің нысаналы мақсаты кәсіпкерлікке заңсыз ауыстырылғанын анықтадым. Шешімдер былтыр желтоқсанда, биыл қаңтарда қабылданған. Яғни жерге қатысты былық-шылықтар Мадияр Оразалиевтің кезінде де жалғасып жатыр деген сөз. Мен кешегі күні осы жөнінде Жер ресурстарын басқару департаментіне арыз жолдадым. Тиісті шешім қабылданады деген ойдамын,-деді Қ.Өмірбекұлы. 

Мадияр Оразалиев Сайрам ауданының әкімі қызметіне өткен жылдың қазан айында кіріскен болатын. Дәлірегі ол бұл лауазымға сайланды (оған дейін ұзақ жылдары Сайрам ауданы әкімінің орынбасары болған). Егер оның орынбасары Шухратулла Убайдуллаевқа қатысты айыптау үкімі шықса, аудан әкімі отставка арыз жазуға міндетті.  Ал ол арыз қабылдана ма қабылданбай ма. Ол өз алдына бөлек мәселе.

Сондықтан Сайрамдағы жағдай бойынша әзірге асығыс қорытынды жасамай, әліптің артын бағып көрейік.

«Рейтинг» газеті, 17 маусым 2026 жыл.


100 миллион теңге... Түркістанда қызметтің құны қанша?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу