Сарбаздардың өліміне байланысты тергеу амалдары басталды
Маңғыстауда оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты тергеу жалғасып жатыр. Іс бойынша күдіктілер бар. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті.
Оқиға орнына қарап-тексеру жүргізіліп, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынып, құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленген. 12 сараптама тағайындалды.
— Қызметке салғырт қарады деп күдік келтірілген, сондай-ақ метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдардың қаза болуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды, — делінген хабарламада.
Тергеу барлық күдіктілердің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты процестік шаралар қабылдайды.


