Мәслихат сайлауынан ел не өзгеріс күтеді?

Қазақстанда Құрылтай сайлауы біте салысымен мәслихат сайлауы өтеді деген әңгімелер расқа айналды. Өткен аптада алғаш рет жасақталған Халық Кеңесінің сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылатынын мәлім етті. Дәл қазір елдің аманатын арқалаған халық қалаулылары елордаға қарап алаңдап отыр. Президент Жарлығы әні-міне шығып қалуы керек.
Кешегі күні Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары таңертеңнен бастап сапырылысқа түсті. Түске дейін және түс қайта тұрақты комиссия отырыстары өтсе, мәслихат сессиясы кешкі беске қойылды. Президент Жарлығы шыққанша біраз маңызды құжаттарды бекітіп алу керек. Бұл сегізінші шақырылымдағы мәслихаттың соңғы сессиясы болуы мүмкін. Енді жаңа мәслихаттың құрамы екі айдан кейін жасақталады. Ол қанша пайызға жаңарады? Жаңа мәслихаттан кімдер кетеді, кімдер келеді? Мұны алдын ала тап басып айту қиын.
Осылайша мәслихат депутаттарының тағы бір маңызды кезеңі түгесілді. Сегізінші шақырылымның мерзімі үш жарым жылға созылды. Бұл шақырылым да жұмысын мерзімінен бұрын тоқтатты. Жалпы, дәл қазір көпшіліктің көкейінде саяси науқандар мен саяси реформаларға қатысты сауал көп. Мәслихатты мерзімінен бұрын таратуға нендей қажеттілік туды? Егер Мәжіліспен бірге мәслихатты да тарату көзделген болса, онда оны әдеттегідей, Құрылтай сайлауымен бірге өткізіп жіберуге не кедергі болды? Әзірге бұл сұраққа жауап жоқ.
Халық Кеңесінің сесиясында Президент:
– Қазіргі кезеңде біз жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет. Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі «Amanat» партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды. Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек, – деп тапсырма берді.
Жалпы, елімізде мәслихаттар 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Алғашқы сайлау 1994 жылдың наурызында Жоғарғы Кеңеспен бірге өткен екен. Кейінгі сайлаулар 1999 жылдың қазанында, 2003 жылдың қыркүйегінде, 2007 жылдың тамызында, 2012 жылдың қаңтарында, 2016 жылдың наурызында, 2021 жылдың қаңтарында және 2023 жылдың наурызында ұйымдастырылды. Осылардың ішінде тек 2003 жылы ғана мәслихат сайлауы Парламент сайлауынан бөлек өтті. Қалған барлық науқандарда Мәжіліс пен мәслихат депутаттары бірге сайланған.
Заң бойынша мәслихат сайлауының мерзімі екі ай. Алдын ала болжам бойынша, Президенттің мәслихаттарды тарату жөнінде Жарлығы осы аптада шықса, сайлаудың мерзімі қарашаның үшінші онкүндігіндегі жексенбіге қойылуы мүмкін. «Сайлау туралы» Заңның 12-бабына сәйкес мәслихат сайлауының күнін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. Сайлау науқанының алғашқы айы кандидаттарды ұсыну, тіркеу, декларациясын тексеру сияқты шараларға кетсе, қалған бір ай үгіт-насихатқа арналады. 2023 жылдың наурызында өткен соңғы сайлауда мәслихаттардың құрамы 60 пайызға жаңарып еді. Бұл жолғы өзгеріс қанша пайызды құрауы мүмкін?
Еске түсіріп көрейік, Қазақстанда 2020 жылы өткен сайлауда мәслихаттар алғаш рет 100 пайыз партиялық тізім бойынша жасақталған. Қаңтар оқиғасынан кейін бұл жүйе өзгерді. 2023 жылдың наурызында өткен науқанда облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары 50/50 пропорциясымен (жартысы партиялық тізіммен, жартысы бір мандатты округтермен), ал аудандық және қалалық мәслихаттар 100% бір мандатты округтер бойынша жасақталған. Бұл жүйе өзін-өзі ұсынған жаңа тәуелсіз кандидаттардың келуіне жол ашты. Сонымен бірге партиялық тізімдерде әйелдер, жастар және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін енгізілген 30 пайыздық квота депутаттар құрамының жасаруы мен әлеуметтік баланстың өзгеруіне септігін тигізген еді. Бұл жолғы сайлау да осындай әдіс-тәсілдермен өтеді. Өйткені сайлау туралы заңнамаларға әзірге ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ.
Бірақ 2023 жылғы сайлаудан бергі аралықта біраз саяси өзгерістер болды. Биыл маусымда отыз жылға жуық саяси сахнада басым күшке ие болған «Аманат» (бұрынғы «Нұр Отан») партиясы таратылды. Оның орнын «Әділет» басты. «Әділет» биыл өткен сайлауда Құрылтайдағы 145 мандаттың 110-нын иеленді. Жаңадан жасақталатын мәслихаттардағы мандаттардың басым бөлігін де «Әділет» партиясының өкілдері еншілейтіні айтпаса да түсінікті.
Айпақшы, «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының креслосы біраз уақыттан бері бос тұрғанын да айта кетейік. Филиалдың тұңғыш төрағасы Нұрлан Толыбаевтың Құрылтай депутаты болып кеткен белгілі. Оның орнына әзірге жаңа төраға келген жоқ. Үлкен саяси науқан кезінде төрағалық креслоның бос тұрмайтыны айтпаса да түсінікті. Әлеуметтік желіде төрағалыққа кандидаттар туралы түрлі болжамдар айтылып жатыр. Ал, сенімді ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, «Әділеттің» Түркістан облыстық филиалының конференциясы бүгін сағат үшке белгіленіп, жаңа төраға осы жиында белгілі болады. Партия филиалының тізгіні облыстық мәслихаттың депутаты, есімі белгілі абыройлы азаматқа сеніп тапсырылатын көрінеді.
Жалпы, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында мәслихат сайлауының тарихына көз жүгіртсек, бұл науқандардың ешқайсысы мамыражай өткен емес. Сайлау науқаны ресми басталмай жатып-ақ ықтимал кандидаттардың арасындағы бәсеке қыза түседі. Бір мандаттың өзі талай адамның саяси амбициясын таразыға салып, талай мүдденің тоғысатын нүктесіне айналады.
Бұған дейінгі сайлауларда да түрлі әңгімелер аз болған жоқ. Біреуді жарыс жолынан ерте шығару, болмашы себеппен кандидатурасына кедергі келтіру, өзара келісімге келіп, бір округті бөлісу, бірінің жолын екіншісіне босату секілді тәсілдер туралы әңгімелер ел арасында айтылып жүрді. Мұндай жағдайлардың барлығының шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін тиісті органдар бағалауға тиіс. Бірақ осының өзі мәслихат сайлауының қоғамдық маңызы мен бәсекелестік деңгейінің қаншалықты жоғары екенін аңғартады.
Сондықтан алдағы науқанға қойылатын басты талап – депутаттардың қаншасы жаңаратыны емес, сол мандаттардың қандай бәсекеде сарапқа түсетіні. Кімнің жеңгенінен бұрын, кімнің жарысқа еркін қатыса алғаны, сайлаушының таңдауына қаншалықты мүмкіндік берілгені, үміткерлерге қандай жағдай жасалғаны және әрбір дауыс қаншалықты әділ есептелгені маңызды. Өйткені халық үшін сайлаудың қашан өтетіні емес, оның қалай өтетіні маңызды. Жаңа мәслихаттың құрамынан бұрын, жаңа сайлаудың сапасына деген сенім қалыптасуы керек.
Алдағы науқан осы сенімнің қаншалықты берік екенін көрсетеді. Жалпы мәслихат сайлауынан ел не өзгеріс күтеді? Сіз не өзгеріс күтесіз?
Бәрін уақыттың төрелігіне тапсырдық. Тақырыпты алдағы нөмірімізде қайта тарқататын боламыз.
«Рейтинг» газеті, 30 қыркүйек 2026 жыл.


