Түркістан дәрігерлері алғаш рет роботтың көмегімен 18 операция жасады

Түркістан облысында алғаш рет KANGDUO роботтандырылған хирургиялық жүйесінің көмегімен бірқатар күрделі операциялар сәтті орындалды. Медицина мамандары робот ассистенттік технологияны бірнеше хирургиялық бағытта қолданды. Бұл туралы Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының басшысы Нұрлан Мәуленов айтты.
– Бірнеше жыл бұрын роботтың көмегімен операция жасау болашақтың медицинасы секілді көрінетін. Бұл технология бүгінде Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Түркістан облысында алғаш рет роботтандырылған жүйенің көмегімен 18 операция жасалды. Оның 12-сі өт қабы мен өт жолдары операциясы, 2-еуі нефрэктомия – бүйректі алып тастау операциясы, біреуі несепағарға реконструктивті операция, 2-еуі гистерэктомия. Сонымен қатар, өңірімізде алғаш рет асқазан обыры бар науқасқа робот ассистенттік радикалды субтоталды асқазан резекциясы орындалды. Яғни, асқазан ісігіне операция істелді. Қазіргі таңда науқасымыздың жағдайы тұрақты, жергілікті амбулаторлық емге жолданды. Дәл осы операция барысында роботтандырылған технологияның нақты мүмкіндіктерін байқалдық. Мұндай күрделі операцияларды лапароскопиялық әдіспен жасау үшін шамамен 6 сағат қажет болса, роботтандырылған жағдайда 2 сағатта аяқталады. Айырмашылығы тек уақытында емес. Бұрын операциядан кейін пациент стационарда 13-14 жатып ем қабылдаса, робот ассистенттік операция жасалған науқастар 7 тәулікте қанағаттанарлық жағдайдан үйлеріне шығарылады. Робот операцияны өздігінен жасамайды. Оны хирург толық басқарады. Сондықтан заманауи технология озық технологияның артында ең алдымен дәрігердің білім-біліктілігі, тәжірибесі және кәсіби шеберлігі тұр. Осындай робот ассистенттік операциялар біздің елімізде де дамуы керек. Оған дәрігерлеріміздің тәжірибесі, білімі, кәсіби шеберлігі жетеді деп нақты айта аламын. Қай уақытта болса да робот ассистенттік операцияны жасауға біздің мамандар дайын, – дейді Нұрлан Байбекұлы.

Робот-ассистенттік технологияларды енгізу Түркістан өңірінде жоғары технологиялық хирургиялық көмекті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, облыстық клиникалық аурухана мамандарына заманауи операциялық әдістерді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда роботтандырылған хирургиялық жүйені ауруханаға сатып алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аталған жүйені ауруханаға тұрақты түрде енгізу робот-ассистенттік хирургияны одан әрі дамытуға және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.


