Атырау әкімінің орынбасарына қатысты тергеу жүріп жатыр – Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың ұсталғаны туралы ақпарат қоғамда қызу талқыланды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын растады.

Маусым айының басында БАҚ-та Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл мәселеге қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті пікір білдірді.
Мәліметтерге сенсек, істі ҰҚК департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатыр.
Қылмыстық іс материалдарында 40 миллион теңге көлеміндегі сома және тағы бір күдікті туралы деректер бар.
Сондай-ақ ұсталғаннан кейін Мейіржан Мұқасов процессуалдық келісім жасауға ниет білдіргенімен, кейіннен бұл шешімінен бас тартқаны айтылған.
ҰҚК өкілдері қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды", – деп хабарлады ведомство.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау қаласы әкімінің орынбасарынан бөлек, "Тұрғын үйлерге қалалық коммуналдық қызмет көрсету" ЖШС бас директорының орынбасарына да қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Кейін адвокат Нұрлан Жолболов қала әкімі мен оның орынбасары қылмыстық іс аясында жауап алынғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Мейіржан Мұқасов 2025 жылдың қаңтар айында Атырау әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған. Оған дейін облыс әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеген.


