Алматыда "Kizdar.net" сайтының ұйымдастырушылары ұсталды
Алматыда атышулы “Kizdar.net” интернет-ресурсының қызметін тоқтатуға бағытталған арнайы операция өтті. Қала прокуратурасының мәліметінше, іске қатысы бар деген күдіктілер ұсталды.

Тергеу дерегіне сүйенсек, сайт 2011 жылдан бері ақылы интим қызметтерді жарнамалау және ұйымдастыру үшін пайдаланылған. Қазір интернет-ресурстың ықтимал ұйымдастырушылары ұсталып, олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 309-бабы 2-бөлігі бойынша сараланған. Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.
Прокуратура мәліметінше, тінту кезінде қомақты ақша, цифрлық активтер, компьютерлік техника және іске қатысы бар өзге де айғақтар тәркіленген. Алдын ала есеп бойынша, заңсыз табыс көлемі 2 миллиард теңгеден асқан.
9 мың интим анкета жарияланған атышулы “ұят-сайттың” серверлік инфрақұрылымын ұйымдастырғандар мен түпкі бенефициарлары ұсталды.
Тергеу барысында күдіктілердің IT-компаниялардың бірінің негізін қалағаны анықталды. Олар “ұят-сайтта” заңды сайттарға енгізілетін бағдарламалық шешімдерді сынақтан өткізген.
Бұл сайт ай сайын 500 миллион теңгеден аса табыс әкеліп отырған. Төлем айналымында криптовалюта қолданылған.
Күдіктілерден 144 миллион теңге қолма-қол ақша тәркіленді. Бұдан бөлек, 1,3 миллион доллардан аса қаражат, оның ішінде 300 мың доллардан астамы криптовалюта түрінде, қару-жарақ пен оқ-дәрі, шамамен 150 техника, автокөліктер, құжаттар және басқа да айғақтар алынған.
Қазір соталды тергеу жалғасып жатыр. Істің барысы Алматы прокуратурасының ерекше бақылауына алынды.


