Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін 600 миллион доллар қарыз алайын деп отыр

Oinet.kz 17-06-2026

Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен 92 миллиард 316 миллион иен (293 млиллиард теңге) көлемінде қарыз алмақ. Несиені өтеу мерзімі – 11 жыл. Оның алғашқы бес жылы жеңілдік кезеңі ретінде қарастырылған. Тиісті келісім бүгін Мәжілісте қаралып жатыр.

Screenshot_1.jpg

Қаржы министрі Мәди Такиевтың сөзінше, бұл қаржы биыл көлемі 4,6 триллион теңге болатын республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады.

Талқылау барысында депутат Болат Керімбек елге жаңа қарыздың не үшін қажет болғанын және оның алдын ала жоспарланған-жоспарланбағанын сұрады.

“Бұл қаражат бюджетте алдын ала қарастырылған. Өздеріңіз білетіндей, биыл бюджет тапшылығы 4,6 триллион теңге. Қарыз көлемі – 600 миллион доллар. Біз бұл қаражатты бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін тартып отырмыз. Бұл мәселе алдын ала жоспарланған”, – деді Мәди Такиев.

Сонымен қатар Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен жылдық 1,2% мөлшерлемемен 400 миллион доллар (195 млрд 660 млн теңге) қарыз алады. Бұдан бөлек, 1,5 млрд доллар (733 млрд 725 млн теңге) көлемінде еурооблигациялар шығару жоспарланған.

Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімге 20 мамырда Астанада қол қойылған.

Қазақстан қарызды қандай шарттармен алады?

Қарыз 11 жыл мерзімге беріледі. Оның алғашқы бес жылы жеңілдік кезеңі саналады. Сыйақы мөлшерлемесі TONA базалық мөлшерлемесі мен өзгермелі спред негізінде есептеледі. TONA – жапон иенімен жүргізілетін операциялар бойынша базалық мөлшерлеме.

Сонымен қатар қарыз сомасының 0,25%-ы көлемінде біржолғы комиссия қарастырылған. Ал игерілмеген қаражат қалдығына жыл сайын 0,25% резервтеу комиссиясы есептеледі.

Алынатын қарыздарға қызмет көрсету және оларды өтеу шығындары республикалық бюджет қаражаты есебінен Қаржы министрлігі арқылы жүзеге асады.

Министрдің сөзінше, тартылатын қаражат экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Заң жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан қандай да бір теріс салдарға әкелмейді.

Мәжілістің барлық комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытынды берген. Қаржы және бюджет комитеті құжатты қабылдап, Сенаттың қарауына жіберуді ұсынды.

Неліктен қарыз жапон иенімен алынады?

Пленарлық отырыста депутаттар соңғы уақытта Қазақстанның ірі қарыздарды неге дәл жапон иенімен тартып жатқанын, үкімет бұл валютаның нығаю қаупін ескерген-ескермегенін сұрады. 

Мәди Такиевтің айтуынша, жапон иенімен қарыз алу тиімді. Өйткені Жапонияда пайыздық мөлшерлеме төмен, ал теңге мен иена бағамдары соңғы жылдары айтарлықтай құбылмаған.

“Біз халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп соңғы бес жыл бойынша сценарийлік талдау жүргіздік. Осы кезеңде теңге мен жапон иенасының арақатынасы салыстырмалы түрде тұрақты болған. Сонымен қатар бағам өзгерісінің әртүрлі нұсқалары бойынша есептеулер жасадық. Тіпті қолайсыз сценарийлердің өзінде жапон иенімен қарыз алу біз үшін тиімді болып қала береді”, – деді министр.

Оның айтуынша, Халықаралық қайта құру және даму банкі Қазақстанға жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен, ұзақ мерзімге және жеңілдік кезеңімен қаржы ұсынады. Сонымен қатар елдің аталған банкте қолжетімді қаржыландыру лимиті жоғары.

“Неліктен Халықаралық қайта құру және даму банкі таңдалды? Себебі Қазақстанның бұл банктегі рейтингі жоғары. Банк бізге жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен қаржы ұсынып, жеңілдік кезеңі мен ұзақ мерзімді өтеу шарттарын қарастырады”, – деді Қаржы министрі.

Екі келісімнің жалпы сомасы

Мәди Такиев Қазақстан бір мезгілде екі халықаралық қаржы институтымен келісімге қол қойған. Бұл банктер:

Халықаралық қайта құру және даму банкі;

Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі.

Екі келісімнің жалпы көлемі 154,7 миллиард иен. 

“Бұл қаражат үкіметтің басым міндеттерін жүзеге асыруға, соның ішінде экономиканың маңызды салаларын қаржыландыруға мүмкіндік береді”, – деді министр.

Екі қарыз да 11 жыл мерзімге беріледі және бес жылдық жеңілдік кезеңін қамтиды. Қарыздарды өтеу республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Қаржы министрлігі мемлекеттік қарыз туралы не дейді?

Такиевтің айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік қарызы белгіленген қауіпсіз деңгейден аспайды және рұқсат етілген шектерде сақталып отыр.

“Еліміздің қаржылық тұрақтылығы жетекші рейтингтік агенттіктердің тұрақты болжамы бар жоғары несиелік рейтингтерімен расталады. Ірі халықаралық қаржы ұйымдарының сарапшылары мемлекеттік қарыз деңгейін төмен деп бағалап, оны басқаруға болатын қарыз ретінде сипаттайды”, – деді ол.

Министрдің сөзінше, халықаралық қаржы ұйымдарының жеңілдетілген қарыздарын тарту экономикалық өсімді қолдау шараларын қаржыландырудағы қалыпты тәжірибе.

Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкімен 1992 жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді. Елдің банктегі үлесі 0,17%. Қаржы министрлігінің дерегінше, осы уақыт ішінде Қазақстан экономикасына 10,7 миллиард доллар инвестиция тартылған.

Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне 2017 жылы қосылған. Республика үлесі – 0,754%. Ал тартылған инвестициялар көлемі 1,1 миллиард долларға жеткен.

“Бұл келісімдерді ратификациялау еліміз үшін қандай да бір теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейді”, – деді Мәди Такиев.

Алматыда "Kizdar.net" сайтының ұйымдастырушылары ұсталды
Қазақстандықтардың жеке деректері жабық сайт арқылы шетелге сатылған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу