Қазақстандықтар күн көру және азық-түлік сатып алу үшін несие алып жүр – Депутат
Мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов қазақстандықтар азық-түлік алу үшін және күн көру үшін несие алуға мәжбүр екенін мәлімдеді. Жоғары аудиторлық палатаның есебінен кейін өткен мәжіліс отырысында депутат қазақстандықтардың қарызға белшеден батуы қаржылық сауатсыздықтан емес, өмір сүрудің амалынан туындап отырғанын айтты.

"Экономиканың даму көрсеткіштерін ғана қуалап кетпеуіміз керек. Егер қарапайым қазақстандықтар оның игілігін сезінбесе, мұндай өсімнің мәні жоқ. Шенеуніктердің есептері бойынша азық-түлік бағасы 13,5% қымбаттап, халық шығындарының құрылымында тамаққа жұмсалатын қаржының үлесі 52%-ға жеткен. Егер ресми статистиканың өзі осындай жағдайды көрсетсе, шынайы өмірдегі ахуал одан да күрделі. Бұл қазақстандықтардың табысының басым бөлігін ең қажетті азық-түлік сатып алуға жұмсап отырғанын білдіреді", – деді депутат.
Оның айтуынша, орташа жалақы номиналды түрде өскенімен, инфляцияны есептегенде нақты табыс 3,2% төмендеген.
"Адамдар тек күн көру және азық-түлік алу үшін жаппай банктерге жүгінуге мәжбүр. Бүгінде экономикалық белсенді халықтың 90%-дан астамының несиесі бар. Мұны шенеуніктер айтып жүргендей “қаржылық сауатсыздықтың” салдары деуге болмайды. Бұл табыстың тоқырауы жағдайында халықтың өмір сүру үшін қолданатын тетігі", – деді Асхат Рахымжанов.
Жоғары аудиторлық палатаның есебінен кейін өткен мәжіліс отырысында депутат Азат Перуашев те Қазақстанның сыртқы қарызы рекордтық деңгейге жеткенін мәлімдеді.
"Жыл сайын жаңа қарыздардың 36%-ы бұрын алынған міндеттемелер бойынша берешекті өтеуге жұмсалып келді. Яғни, ескі несиені жаңа несиемен жабу тәжірибесі қолданылды. Ал 2025 жылы мұндай қайта қаржыландыру көлемі 51%-ға дейін өсті", – деді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстан Ұлттық банкі деректеріне сәйкес, 2025 жылдың соңына қарай Қазақстанның сыртқы қарызы рекордтық көрсеткішке жетіп, шамамен 182 миллиард доллар болған.
"Бір жылдың ішінде елдің сыртқы қарызы 10,4%-ға артты. Бұл соңғы 17 жылдағы ең жоғары өсім", – деді Азат Перуашев.


