Анкараға «Бекзат» келді: Қазақтың жеңісі түріктің тілінде

Oinet.kz 10-06-2026

Screenshot_4.jpg

Мәңгілік мазмұнға ие ісімен өз дәуіріне мән бітірген жап-жас жігіттің отты көздерін көресіз әуелі. Кітаптың жұқалтаңдығы алғашқы әсер ғана, әйтпесе қыны кірпіштей болғанымен іші жұтаң талай кітап сөрелерде шаң басып тұр емес пе?! Шыңдаса, кісінің жетпіс жыл жүріп жасағанын жиырма жылға сыйғызып жіберетін жүректер бар екен. Қолымыздағы ықшам кітап сондай бір жастың өмірі мен ерлігіне арналған. Жарқ етіп сөнген жиырма жыл ғұмырында халқына зор жеңіс сыйлап мәртебесін асырған Бекзат аға Саттархановқа арнап жазылған жырлар жинағы. Мәңгілік чемпион жайлы өзге кітаптардан ерекшелігі - түрік тілінде Түркия астанасы Анкарада жарық көргені. Анкараға «Бекзат» келіп жетті осылай.

Қазақты қуанышқа кернеген жеңіс пен жеңімпаз ұлының хикаясы ендігі түрік оқырманына ұласты. Ozanların Gözüyle/Sözüyle Bekzat Sattarhanov (Ақындардың көзінде/сөзінде Бекзат Саттарханов) деп аталатын бұл еңбекте чемпионның өмірбаяны қысқаша баяндалып, 30 автордың Бекзат Саттархановқа арнап жазған 45 өлеңі түрік тілінде ұсынылған. Сонымен қатар, бұл еңбекте осы уақытқа дейін Сидней олимпиадасының чемпионына арнап жазылған және ішінде Бекзат туралы айтылған кітаптардың тізімі де бар. Анадолы жұрты кітаптан Қазақстанның танымал тұлғалары мен спортшыларының және боксшының Сидней олимпиадасындағы қарсыластарының чемпион жайлы жылы лебіздерін де оқи алады.

Өлең жинап кітап түзу бір қарағанда оңай көрінгенімен тыңғылықты еңбекті талап етеді. Бүгінгідей интернет жоқ шақта жазылып түрлі газет-журнал беттерінде тарыдай шашылған жырларды жинау үшін кітапхана қоймаларына түсіп мұрағаттан том-том тігінді оқуға мәжбүрсің. Бұл үшін уақыт керек, сабыр керек, бәрінен де ізденіске құштарлық қажет. Қанша титықтатса да жіті ізденген Ержан Арғынбаев, ақырында жинаған өлеңдер санын қырық беске жеткізіп әуелі қазақша басқан. Міне тыңғылықты еңбек тағы да жалғасын тауып Арғынбаевтің тікелей өзінің аударуымен түрікше жарық көріп отыр.

Сөз басындағы мәңгілік мазмұн – қай тұлғаны болмасын үлгі тұтудағы басты критерий. Мәңгілік мазмұнға ие іс жасаған адам сол арқылы өз дәуіріне мән бітіреді. Ол адамды идеал көріп өскен жеткіншек те өмірін мәнге толтыра түседі. Себебі оны көңілі сүйгендіктен, оған еліктегендіктен көңіл сарайынан орын береді. Қиналғанда, қамыққанда сол тұлғаның мәнді ғұмыры оған жігер сыйлайды. Жансарайындағы идеалдар сапалы болған сайын адам да берік, төзімді тұлғаға айналады. Денсаулығының әлсіздігі, замананың тарлығы, уақыттың аздығы секілді кедергілерге қарамастан жиырма жасында чемпион атанған Бекзаттың болмысы, оның өнегелі өмірі талай жеткіншекке жол сілтері анық. Мәңгілік мазмұн дегеніміз осы.

Мәңгілік дегеннен шығады, кітап жарық көрген баспаның атауы көне түрікше «мәңгі» деген сөзден келеді. «Bengü» баспаүйі, Еуразия Жазушылар Одағына қарасты тәжірибелі де салмақты баспа. Түркі әлемінің түкпір-түкпірінен авторлар мен шығармаларды түрік тілінде басып насихаттап отырған бұл одақтың орталығы Анкара қаласында орналасқан. «Бенгү» баспасынан шыққан түркі халықтарының әдебиеті, мәдениеті, тарихы жайлы зерттеу кітаптары және түркі тілдерінен тәржімаланған көркем әдеби шығармалар бұл күнде оқырман сұранысын өтеп отыр. Осы уақытқа дейін баспадан түркі халықтарына байланысты мыңға таяу кітап жарық көрсе,  оның сексен шақтысының Қазақстанға қатысты кітаптар болуы сөзіміздің айғағы. Қазақстан кітапханасы сериясымен шыққан кітаптардың көпшілігі таңдамалы қазақ прозасының тәржімалары. Одан бөлек ақындардың жыр жинақтары мен зерттеу еңбектер де бар. Енді осы кітаптардың қатарына қазақ бокс тарихына аты алтын әріптермен жазылған жиырма жасар Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов жайлы еңбек те енді.  Осы орайда кітапты түрікше жариялауды ұсынып демеушілік жасаған Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы, ғалым-аудармашы Уфук Тузман мырзаға алғыс айтқымыз келеді.

Йашар Доғу, Наим Сүлейманоғлы секілді атақты спортшыларын қатты қастерлейтін, олар жайлы фильмдер түсіріп кітаптар шығарған Түркиядағы бауырлас оқырман қауымы түркістандық қазақ жігітіне бей-жай қарамас деп ойлаймыз. Бекзаттың отты көздері, ол жайлы отты сөздер Анадолының бір бұрышындағы жас өреннің жүрегінде жалын оты тұтата алса не ғанибет?!

 

Бекзат БЕКБОЛАТ

Анкара университетінің магистранты

Казахстан признали лучшей страной СНГ для переезда в 2026 году
Қазақстандықтар күн көру және азық-түлік сатып алу үшін несие алып жүр – Депутат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу