Жібек САДУАҚАСОВА: Түркістан әлем туристерінің сүйікті мекендерінің біріне айналады

Oinet.kz 10-06-2026

 Қазіргі таңда жастардың шетелде білім алып, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауға деген қызығушылығы артып келеді. Солардың бірі – Халықаралық туризм және меймандостық университетінің бітіруші түлегі Жібек Садуакасова. Туризм саласына мектеп қабырғасынан қызығушылық танытқан талапты жас бүгінде бірнеше елде болып, шетелдік білім беру жүйесін өз көзімен көріп үлгерген. Жібектің бір ғана батыл қадамы  Оңтүстік Кореядағы «Woosong» университетіне жетелеп қана қоймай, екі оқу орны арасында халықаралық меморандум жасалуына  себеп болды.

Шетелдік тәжірибе мен үздіксіз ізденісті қатар алып жүрген жас маман бүгінгі таңда халықаралық білім беру, туризм саласының дамуы және жастардың жаһандық бәсекеге қабілеттілігі жайында  өз ойымен бөліскен еді.

Screenshot_17.jpg

– Жібек, туризм саласын таңдауың – бала күнгі арманың ба, әлде уақыт өте келген саналы шешім бе?

–  Бұл – бала күнгі арманнан басталған, уақыт өте келе қалыптасқан толықтай саналы шешім. Иә, 7-сыныпта оқып жүргенде әлемді шарлап, өзге мәдениеттермен танысу мен үшін тәтті қиял ғана болатын. Ал қазір бұл қызығушылық үлкен мақсатқа айналды.

Университетке түскелі бері мен географиялық тұрғыдан да, туристік бағыты жағынан да мүлдем әртүрлі Болгария, Түркия, Оңтүстік Корея, Вьетнам және Өзбекстан сияқты бес мемлекетте болып үлгердім. Саяхат барысында бұл елдердің мәдениетін ғана емес, туризм индустриясын қалай дамытып отырғанын – Өзбекстанның тарихи мұрасын сақтауын, Түркия мен Болгарияның сервисін, Корея мен Вьетнамның заманауи технологияларын (Smart-туризмді) іштей бақыладым. Сондықтан бұл сапарлар мен үшін жай ғана демалыс емес, болашақ мамандығымның қыр-сырын өз көзіммен көруге мүмкіндік берген үлкен практикалық тәжірибе мен баға жетпес өмірлік сабақ болды.

– Бірінші курсты аяқтағаннан кейін Болгарияда екі айлық кәсіби тәжірибеден өткен екенсің. Бұл елді өзің таңдадың ба және бұл сапар   болашақ мақсатыңа қаншалықты әсер етті?

– Бұл университет бағдарламасынан тыс ашылған, жіберіп алуға болмайтын үлкен мүмкіндік болды. Сондықтан бұл елді таңдау – халықаралық тәжірибе жинақтау мақсатында жасалған саналы қадам еді. Өзіммен бірге оқитын 15 студент және басқа да белсенді жастармен бірге Болгарияға аттанып, қонақ үй индустриясының (Hospitality) жұмысын іс жүзінде көрдік. Біз тек бақылаушы емес, ресепшн, мейрамхана қызметі сияқты ең маңызды бағыттарда тікелей қызмет етіп, жұмыстың «асханасын» ішінен сезіндік.

«Көре-көре көсем боласың» дейді ғой, бұл сапар менің болашақ мақсаттарыма өте үлкен әсер етті. Университетте алған теориялық білімімді халықаралық деңгейдегі тәжірибемен ұштастыра алдым. Туризм саласының ішкі құрылымын, қонақпен жұмыс істеу этикасын және сервистің қандай болу керектігін терең түсіндім. Бұл сапардан кейін осы саланың нағыз маманы болуға деген сенімім мен мақсатым одан сайын айқындала түсті.

– Кореяның туризм мамандығын оқытатын 15 университетіне хат жазыпсың. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, сенің осы табандылығың мен сенімің екі университеттің ортасынан көпір қалануына себепші болды. Осы оқиға жайлы кеңірек айтып берсең...

– Негізі Кореяда оқу – бала күнгі армандарымның бірі еді. 11-сыныптан кейін  Корея университетіне ақылы бөлімге түскен болатынмын. Бірақ қаржылық жағынан тиімсіз болғандықтан, алдымен Қазақстанда білім алып, кейін шетелге шығуды жоспарладым. Халықаралық туризм және меймандостық университетінде оқып жүрсем де, бұл арманымнан бас тартпадым. Үшінші курстың қыркүйегінде шетелге оқуға кеткім келді. Университеттің халықаралық бөлімі Түркия, Тайланд сынды елдерді ұсынды. Бірақ менің көңілім Кореяға ауа берді. «Шешінген судан тайынбас» деп, тәуекелге бел будым да, Кореяның туризм мамандарын даярлайтын 15 университетіне хат жолдадым. Соның тоғызы жауап беріп, үш университет оқуға қабылдауға дайын екенін айтты. Солардың ішінде «Woosong University» маған тегін оқу мүмкіндігін ұсынды. Осылайша бір семестр бойы Оңтүстік Кореяда білім алдым.

Бір қызығы, ол кезде біздің университет пен «Woosong University» арасында ешқандай меморандум болмаған еді. Кейін менің осы талпынысымның септігі тиіп екі оқу орны арасында ресми келісім жасалды. Қазір сол меморандум аясында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттері жыл сайын Кореяда бір семестр білім ала алады. Мұны естігенде еңбегімнің зая кетпегенін түсіндім.

– Кореядағы білім беру жүйесінің қандай ерекшелігі сені таңғалдырды?

– Ең алдымен студенттерді бағалау жүйесі қызықтырды. Кореяда білім деңгейі жоғары болғандықтан, бәсекелестік те мықты. Барлық студент бірдей жоғары балл ала алмайды. Белгілі бір пайыздық көрсеткішпен бағаланады.
Сонымен қатар профессорлар мен студенттердің арасындағы қарым-қатынас ерекше ұнады. Егер түсінбей қалған нәрсе болса, профессордың кабинетіне барып, еркін сөйлесе аласың. Әр студентке жеке Student ID беріледі. Соның арқасында бір топпен шектеліп қалмай, түрлі студенттермен бірге білім алу мүмкіндігі болады. Бұл адамның ортаға тез бейімделуіне көмектеседі.

– Қазір «Woosong University Kazakhstan» университетінде жұмыс істейді екенсің. Оқу мен жұмысты қатар алып жүру қиын емес пе?

– Қазір университетте әкімшілік қызметкер болып жұмыс істеймін. Студенттерді оқу жүйесіне тіркеу, сабақ кестесін реттеу, кері байланыс жасау, жаңа студенттерге ақпараттық экскурсия өткізу сияқты жұмыстармен айналысамын. Сабақтарым онлайн болғандықтан, жұмыстан кейін лекцияларды қарап, тапсырмаларымды уақытылы орындауға тырысамын. Әрине, бәріне бірдей үлгеру кейде оңай емес. Бірақ уақытты дұрыс жоспарласаң, барлығына мүмкіндік табуға болады. Оған қоса демалыс күндері Кентауда бірнеше студентке корей тілінен сабақ беремін. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөздің мағынасын қазір анық түсініп жүрмін.

– АҚШ-тың University of Arizona университетінде онлайн білім алу мүмкіндігін де жеңіп алыпсың. Бұл тәжірибе саған не берді?

– Қазақстанда, Кореяда және америкалық университетте оқып көргеннен кейін үш елдің білім жүйесін салыстыруға мүмкіндік алдым. Америкалық жүйеде студенттің жеке пікірі мен ойлау қабілетіне ерекше мән беріледі. Discussion форматында өз ойыңды айтып қана қоймай, өзге студенттердің пікіріне қаншалықты талдау жасай алатының да бағаланады. Маған осы еркін ойлау мәдениеті қатты ұнады. Уақыт айырмашылығы 12 сағат болса да, профессорлар студентке жылдам кері байланыс беруге тырысады.

Жалпы ағылшын тілі мен үшін әрдайым еркін орта болды. Себебі алғашында ағылшын тобында оқыдым. Қазір корей тілін де меңгеріп келемін. Шетелде оқу барысында көптеген халықаралық достар тауып, түрлі мәдениет өкілдерімен тәжірибе алмасу дүниетанымымды кеңейтті.

– Туризм саласын тек табыс көзі деп қарау дұрыс па? Түркістанның туристік болашағын қалай елестетесің?

– Туризм тек табыс көзі емес. Ол – елдің мәдениетін, тарихын, руханиятын әлемге танытатын маңызды сала. Бүгінде Түркістанға шетелдік туристердің қызығушылығы артып келеді. Қалада жаңа ғимараттар, демалыс орындары, саябақтар ашылып жатыр. Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы. Сондықтан Қазақстанға келген әрбір турист бұл киелі шаһарға соқпай кетпейді. Болашақта Түркістан әлем туристерінің сүйікті мекендерінің біріне айналады деп ойлаймын.

– Жібек, сенің талпынысың мен еңбегің  жастарға «мүмкіндікті күту емес, оны өзің жасау керек» деген ойды дәлелдеп тұрғандай. Осы орайда халықаралық мүмкіндік іздеп жүрген жастарға қандай кеңес берер едің немесе қазіргі жастар халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болу үшін қандай дағдыларды дамытуы керек деп ойлайсың?

– Қазіргі таңда қай мамандықта оқыса да, халықаралық деңгейге шығу үшін ағылшын тілін меңгеру өте маңызды. Себебі тіл білу – жаңа мүмкіндікке ашылған есік. Сондықтан жастарға ең алдымен тіл үйренуге көңіл бөлуді айтар едім. Сонымен қатар өзіңді өзгемен салыстырмау керек деп ойлаймын. Әр адамның өмір жолы әртүрлі. Біреудің жетістігінің артында қанша еңбек пен қиындық тұрғанын біз білмейміз. Сондықтан әркім өз жолымен дамып, өз мақсатына сеніммен қадам басуы керек.

Әңгімелескен Айнұр ОҢҒАРБАЙ

КИМ БОҢ КЁН: Орталық Азиядағы жаңа технологиялық хаб Түркістаннан басталады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу