Төрт адамның өлімі, көмілген мәйіттер, өртелген айғақтар: Атыраудағы іс сотқа жетті
Атырауда бір отбасының қазасына қатысты резонанс тудырған іс бойынша сот отырысы басталды. Процесс барысында прокурорлар айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке тағылған айыптарды жария етті. Тергеу деректеріне сәйкес, отбасы мүшелері әр кезеңде қаза тапқа, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Іс материалдарында Наурыз Мұқанғалиевтің бір жылдан астам уақыт бұрын Атырау маңындағы Геолог ауылында жалға алынған үйлердің бірінде өлтірілгені көрсетілген. Оның мәйіті ұзақ уақыт бойы жасырылып, тек қылмыстан кейін 6-8 ай өткен соң табылған.
Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыстан кейін Сәрсемәлиев мәйітті үй ауласына көміп, ізін жасыруға әрекет жасаған. Прокурордың айтуынша, ол түнді күтіп, ауладан шұңқыр қазып, денені үй іргетасының маңына жасырған. Қабір шамамен бір метр тереңдікте болған.
"Қылмыс жасағаннан кейін Сәрсемалиев куәгерлерден аулақ болу үшін қараңғы түскенше күтуді шешті. Түн ортасы шамасында ол күрек алып, ауласының оңтүстік бөлігіне шұңқыр қаза бастады. Ол мәйітті ғимараттың іргетасынан небәрі 60 сантиметр қашықтықта көмді. Сағат 3:00-ге дейін күдікті шамамен бір метр тереңдікте және 80 сантиметр енде қабір қазып үлгерді", – деді прокурор сот отырысында.
Сот барысында айыпталушының марқұмның жеке заттарын иемденгені де айтылды. Ол жеке куәлік, банк картасы, телефон мен ақшаны алып кеткен. Бұдан бөлек, қылмыс орнын мұқият тазалап, қан іздерін жойып, қолданылған пышақ пен мәйіт оралған кілемді өртеп жібергені мәлім болды.
"Сот-медициналық сараптамасының мәліметтері бойынша Наурыз Мұқанғалиевтің денесі жерде алты-сегіз ай болған. Осы уақыт ішінде тіндер шіріді, бұл алғашқы сараптама кезінде өлімнің нақты себебін анықтауды айтарлықтай қиындатты", – деді прокурор.
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, мәйіттің ұзақ уақыт жерде жатуы өлімнің нақты себебін анықтауды қиындатқан.
Жауап беру кезінде Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыппен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, оқиға өзін-өзі қорғау кезінде абайсызда болған. Алайда ол басқа эпизодтар бойынша кінәсін мойындады.
Айыпталушы Мақсот Қарабалинге 9, Насипа Өтешқалиеваға 8, ал Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ жарақатын салғанын растаған. Сонымен қатар ұрлық, алаяқтық және құжаттарды заңсыз иемдену баптары бойынша да кінәсін мойындады.
Осылайша, өзіне тағылған 13 айыптың ішінде Сәрсемәлиев тек Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты кінәсін жоққа шығарып отыр.
Еске салайық, 18 мамырда Атырауда әйелінің туыстарын аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі сотта қарала бастаған еді.
Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсанында полицияға бір отбасының түгелдей жоғалып кеткені туралы хабар түскен. Атап айтқанда, 66 жастағы Мақсот Қарабалин, 64 жастағы Насипа Өтешқалиева және олардың 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызы бірнеше ай бойы байланысқа шықпаған.
Полиция оларды із-түзсіз жоғалғандар ретінде тіркеп, арнайы тергеу тобын құрған. Кейін жедел шаралар нәтижесінде мәйіттердің әртүрлі жерге көмілгені анықталды.
ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басшысы Қанат Нұрмағамбетовтің мәліметінше, биыл қаңтар айында үйдің шаруашылық аумағынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері табылған. Осыдан кейін іс адам өлтіру бабымен қайта сараланып, жоғалған басқа отбасы мүшелерін іздеу жалғасқан.
Күдікті ретінде отбасының бұрынғы күйеу баласы — 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке халықаралық іздеу жарияланды. Кейін ол Индонезия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.
Тергеу барысында күдіктінің көрсетуімен Атыраудағы үй ауласынан бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттері де табылған.


