«100 миллион сұраймын»: Алматыдағы 3 адамның өмірін қиған жол апатына байланысты іс басталды
Алматы қаласында үш адамның өмірін қиған ірі жол-көлік оқиғасына байланысты ZEEKR электромобилінің жүргізушісіне қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Қылмыстық іс бойынша айыпталушы – 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак. Ол сот отырысында өз кінәсін толық мойындап, қаза болғандардың туыстарынан кешірім сұрады. Балдақпен келген айыпталушы заңмен қарастырылған кез келген жазаны өтеуге дайын екенін жеткізген.
Прокурордың мәліметінше, қайғылы оқиға 21 наурыз күні болған. Мас күйде болған (1,30 промилле) жүргізуші жалған мемлекеттік нөмірі бар Zeekr автокөлігімен жоғары жылдамдықта – 219 км/сағ қозғалып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Сол сәтте ол Mercedes-Benz 300C көлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан Mercedes көлігінің 30 жастағы жүргізушісі мен 2003 және 2005 жылы туған екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1-бабы бойынша («Мас күйде көлік жүргізіп, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу») қаралып жатыр.
Сот Алматы қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өтіп жатыр. Жәбірленуші тараптың өкілі марқұм Теңілбаева Құмардың адвокаты сот барысында 100 миллион теңге көлемінде азаматтық талап-арыз берілетінін мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, заң бойынша айыпталушыға 7–10 жыл аралығында жаза қарастырылған. Алайда іс абайсызда адам өліміне әкеп соғу ретінде сараланып отыр. Ол сотталушының жазасын жеңіл режимдегі мекемеде өтеу мүмкіндігі бар екенін де атап өтті.
Еске салайық, тергеу материалдарына сәйкес, жүргізуші оқиға кезінде алкогольдік масаң күйде болған. Сараптама оның жеңіл дәрежеде мас екенін растаған.
Қайғылы жол апаты кезінде Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Нәтижесінде үш адам сол жерде қаза тапты.
Сонымен қатар, бұл іске байланысты қосымша қылмыстық іс те қозғалған. Ол Алматы полициясы басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты болып, қызметтік әрекетсіздік бабы бойынша тергелуде. Бұл іс бойынша да 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


