Дубайда өмір бойына сотталған қазақстандық азаматқа байланысты жаңа мәлімет шықты
Дубайда ауыр қылмыстар бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық азаматтың ісіне қатысты жаңа мәлімет белгілі болды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, сот үкімі әлі заңды күшіне енбеген, ал сотталған азамат апелляциялық шағым түсірген. Ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, Қазақстан тарабы бұл жағдайдан хабардар және істі бақылауда ұстап отыр.
«Құзыретті органдардан алынған ресми ақпаратқа сәйкес, 18 наурызда Дубайдың бірінші сатыдағы соты оны қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын және айыппұл тағайындады», — деді ол.
СІМ мәліметінше, қазақстандық азамат 2025 жылы БАӘ құзырлы органдары қозғаған қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың бірі болған. Әмірлік тарабы бұл істі адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру секілді ауыр қылмыстар санатына жатқызады.
Алайда министрлік өкілдері үкімнің әзірге заңды күшіне енбегенін атап өтті. Себебі сотталған азамат апелляциялық шағым түсірген. Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен елшілік бұл жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр.


