Сауда министрі азық-түлік құнына қатысты пікір білдірді
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев электр энергиясы мен жанармай бағасының өсуі азық-түлік құнына қалай әсер ететінін айтты. Министр сауалға нақты мысалдар келтіріп жауап берді.
“Мысалы, сүт өнімдерін алайық. Оның өзіндік құнының 80%-ы – шикізаттың бағасы. Нан-тоқаш өнімдерінде өзіндік құнның 65%-ын ұн құрайды. Ал сиыр етінің өзіндік құнында жем-шөп шығындарының үлесі 80%-а дейін жетеді. Электр энергиясының әсері жоқ деп айта алмаймын, әрине, бұл да факторлардың бірі. Бірақ оның бағасындағы өзгерістер шешуші рөл атқармайды. Негізгі әсер ететін нәрсе шикізат пен өндірушінің шығындары. Оның ішінде жалақы және басқа да шығыстар”, – деді министр.
Журналистер министрден жанармай бағасының қымбаттауы азық-түлік бағасына қаншалықты әсер ететінін және ведомство бұл өсімді есептеді ме деп сұрады.
“Бізден баға 20% өседі дегенді естігілеріңіз келе ме? Соны күтесіздер ме? Мен ондайды ешқашан айтпаймын. Ешкім бағаның нақты қаншаға өсетінін алдын ала жоспарламайды. Қайталап айтайын, өнімнің өзіндік құнын есептеген кезде өндіруші нарықтағы бәсекелестік жағдайына қарай өзінің табыс мөлшерін белгілейді. Біз олардың табыс көлемін шектемейміз. Сондықтан бағаны мемлекеттік реттеу жоқ”, – деді Арман Шаққалиев.


