Бұйырмаған бойжеткен (әзіл әңгіме)

Oinet.kz 10-09-2020 1671

Бойжеткен қыз.jpg

Жазда күн шықса жадырап,қыста жел тұрса қалтырап, сары құмдары алтындай жалтырап жататын "Жылтыр" селосында көпшілікпен бірге менде тай-құлындай тебісіп өскен едім.

1989 жыл.Мамыражай мамыр айы. Екі жыл бұрын дорбасын арқалап әскерге кеткен ауылдың "өңшең сен тұр,мен атайын" деген бозбалалары сотқалдай жігіт болып оралып жатыр.Арасында Жұбатқанның немересі Нұрлыбек бар. Өзімді айтамын. Екі жылда оң мен солыңды танып,кәдімгідей есейіп кетеді екенсің. Бойыңда күш-қуат тасып тұр.Бірдеңені түбімен қопарғың келіп тұрады. Енді алдымызда екі мақсат бар. Бірі жоғары оқу орнына түсу,не болмаса совхозда жұмыс жасап, бұйрыған бойжеткенге-үйлену. Басқа жол жоқ. Ауылдан қыз табу қиын. Пысықтары мектеп бітіріп оқуға түседі. Жолы болмағандар көрші ауылға тұрмысқа қашып кетеді. Біз сияқты мектеп бітіріп әскери борышын өтеуге кеткендерге ауылда жөні дұрыс қыз қалмайды.

Қыз демекші,мен он жылдықты бітірісе сала үйге өзімнен 3-4 жас үлкен қызды ауданнан алып келдім. Әскерге аттанғанша үйленіп алып, әскерден оралғанда екі жасар балам алдымнан жүгіріп шықса деген арман ғой. Айыбы әлгі қыз темекі шегеді.Көзімді уқалап ақшалы тек кинодан болмаса, тірі қыздың темекі шеккенін алғаш көруім еді. Басым кетті. Кешіресізер,ұнатып қалдым. Нәзік сұқ саусағына темекіні қыстырып,дүрдиген ернімен шылымды әлсін-әлсін сорып, паровоздай бұрқыратып жібергенде түтіннің иісін иіскеп рахаттанып сезімге беріліп тұрамын. Өзім темекі шегу білмеймін. Бұл әдемі көріністі қораға түйе сауа шыққан шешем көріп қалыпты. Бетін шымшып ойбайлап әкеме келіп айтыпты.

Содан не керек үйдегілер қарсы болды.

Жастық қой.Желігім басылып келесі жылы әсерге аттанып кеттім.

Сонымен Жылтырда Отанын қорғаған өз қатарымның қарасы көбейді. Күнде отырмақ. Той.Түнде бір мезгіл көшеге шығып ысқырып қайтамыз. Әр жылғы туғандардың ысқырықтары әр-түрлі болады. Ұқсамайды. Қараңғы көшеде ысқыру арқылы бір-бірімізді адаспай тауып аламыз.

Бір күні ауылға қаладан бір қыз келді. Оны ауданнан күніге екі мезгіл қатынайтын жолаушылар автобусын дүкен алдында табжылмай,кірпік қақпай  аңдып отыратын құрдасым Жырболат көріпті.Ауылдың  "диспетчері" десе болады. Кімнің келіп кететінін біліп отырады. Ол қыздың қайда келгені белгілі болды. Ауылдың шетінде тұратын Сәлімнің үйіне түсіпті.Кеш бата сол үйдің шарбағын аңдуға бардық. Қасымда шұбырып бір топ құрдастарым жүр. Мақсатымыз мынау қыз кімді ұнатса соған алып қашу. Қаладан ауылға қонаққа қыз да есепсіз келмейді. Оның да өз ойлағаны бар. Қызыл құмның үстінде қаланың қызы кімді ұнатар екен деп,қиялдап отырмыз. Жылтырдың құмына жатып алып аунасаң да шаң жұқпайды.Түн салқындай бастаса құмды қолмен қазып жіберсең топырағы жып-жылы мамық төсек сияқты. Етпетеп жата кеттің кетеді.

Ысқырып қалып едік ауланың жарығы жанды. Қыз емес сол үйдің кіші ұлы шықты. Аула сыртына шаптырып кетті.Қонақ қыздың қарасы көрінбейді.Аздап денеміз тітіркеніп тоңа бастадық.

-Жігіттер,қыз шыққанша бойды жылытып алайық, - деп,Көсемғали құрдасым бір шөлмекті төс қалтасынан суырып ортаға қойды. Майлыбек құрдастың көзі жайнап кетті.

-Отан алдындағы борышымызды аман-есен өтіп келгеніміз үшін-деп,бір стақанды Мұратжан қағып салды. Кезек маған келді.

-Жоқ,мен ішпеймін-дедім.

-Ой,Нұреке сен әскерден келдің ғой-деп,достарым қайрап жатыр. Туғалы дәмін татып көрмедім. Көзімді жұмып тартып жібердім. Қақалып, тұншығып әрең жұттым. Арақ емес,су қосылған спирт екен.Сол жылдары арақтар дүкенде тапшы еді. Екінші рет қайталағанда денем қызып кеудемде батырлық пайда болды.

-Қызды үйге кіріп өзім жетектеп алып шығамын-дедім.

-Жындысың ба? Бұл үйде Ауғанстанда әскерде болған кісі бар,ашуланса мылтықпен атады-деді Майлыбек. Күдері үзілген құрдастарым қайтуға ыңғайланды.Мен шамалы күте тұруға бел будым. Бұрын-соңды ішімдік ішпеген соң,ішім өртеніп,ұйқым келе бастады.Енді,не болды дейсіздер ғой...

Нұрекең қаладан келген бойжеткенді күте-күте қалың ұйқыға кетіпті. Таң бозарып ата бастағанда темір шелегін сылдыратып Сәлім апа сиыр саууға шықпай ма? Есіктің  алдында топырыққа көміліп жатқан біреуді көзі шалады.Жақындап келіп бірден тани кетеді.Бір қапшық қиды өзі арқалайтын апамыз мені көтеріп алып үйіне төргі бөлмеге диванға апарып жатқызыпты. Тоңып бүрісіп жатқанымды көріп үстімді мақта көрпемен жауып тастапты.Қызға келген жігіт қорылдап жатыр.Түске таман мұрныма майға қуырылған пияздың иісі келді.Қарным ашып,таңдайым кеуіп барады.Шешем тамақ пісіріп жатыр екен-деп ойладым.

-Апа-деп, айқаладым.Үн жоқ.Көрпені ашып қалдым.Көзім төбеге түсті.Біздің үйге ұқсамайды.Қабырғада мен танымайтын мұрты ербиген біреудің портреті ілулі тұр. Анадай жерде столда гүбір-гүбір дауыстар естіледі.Көрпені қайтадан басыма бүркеп шетінен білдіртпей сығаладым. Масқара,Сәлім апа сылқиып шоқ самаурыннан шәй ішіп отыр. Кімнің диванында жатқанымды енді білдім.

-Мынау кім?-деді дастархан басындағы біреу саусағымен мені көрсетіп.

-Орталық жақта тұратын  Қайрекеңнің баласы ғой.Жақында әскерден келіп еді.Түнде мас болып ауланың алдында ұйықтап  қалыпты.Есін жиғасын үйіне қайтады ғой. "Вечерден" шыққан шығар-деді.

Біздің ауылдың адамдары керемет қой.Далада жатқан біреудің баласын төріне әкеліп жатқызып қойды.

Ал, мен енді орнымнан қалай тұрамын? Қаладан келген қыз да сызылып шәй ішіп отыр.Әдемі екен.Көздері ботадай мөлдірейді. Түнімен итше торуылдаған бойжеткенім қақ алдымда тұр. Әлде,"Саламатсыз ба қарындас,шәй тәтті болсын"-деп дастархан басына жетіп барсам ба екен деймін ішімнен. Онда Ауғанда болған кісі оңдырмайтын шығар. Бірақ,ондай батырлық түнде болды. Қазір тарап кетті. Ұялып барамын. Үйдегілер де іздеп жатқан шығар. Енді көздеріне көрінбей үйден қашып шығу керек.Содан көрпені басыма жамылып сыртқа тұра жүгірдім. Аяқ-киімді киюге мұрша болмай үйге қарай жалаң аяқ қаштым. Тайлақтың жабуы құсап жалбыратып көрпемен үйге жақындағанда, сыртта түнімен мені іздеп көз ілмеген шешем шошып кетті.

-Ойбай-ау,мынауың не? Қайдан келесің?-деді

-Апа,қыздан келемін - деп,үйге кіріп кеттім. Сүйтіп,қаладан келген қыз ешкімге бұйырмады.

Айтпақшы,өткенде шылым шеккіш алғашқы махаббатымды көшеден көріп қалдым. Арада отыз жыл уақыт өтседе тани кетті. Тұрмысқа шығыпты.Алты баласы бар екен...

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН. ҚОЙ НЕГЕ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫ?
Кім қалай сыйлы? (Мысал)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу