Бөлешовтың «қамқоршысы» кім?
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков сыбайлас жемқорлықпен күрестегі ұстанымын әу бастан анық білдірген, «арқаға пышақ ұратындарды» аямайтынын ашық айтқан азамат. Алайда бергі жақтағылар қала басшысының осы ұстанымына қиянат жасап жатыр ма деген күдіктің құлағы қылтияды.
«Рейтинг» газеті мен Oinet.kz порталында осыдан екі апта бұрын «Не бел кетер, не белбеу кетер, Беркімбаев мырза!» деген тақырыппен материал жарияланып, онда Шымкент қаласын жылумен қамтамасыз ететін «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны басшысының міндетін атқарушы Асқар Бөлешовтың жоғары білімін растайтын дипломының жалған болып шыққаны баяндалған болатын. (материалдың сілтемесі https://www.oinet.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=2&id=62914 )
Осы жөнінде редакцияға арызданып келген аталған кәсіпорынның бұрынғы қызыметкері, басшылық тарапынан көрсетілген түрлі қысымдар мен заңсыздықтардан (ол заңсыздықтардың бәрі еңбек инспекциясы мамандарының нұсқамасымен, сот шешімімен дәлелденген) кейін жұмысынан кетуге мәжбүр болған Ерғали Рүстембеков мәлімдеп, тиісті құжаттармен таныстырған болатын.
--Осы жөніндегі тексеруді алдымен антикор бастаған екен. Бұдан кейін оны экономикалық тергеп- тексеру департаменті өз өндірісіне алып, анықталған фактілерді «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны тікелей бағынатын Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловқа жолдаған. Меңдіқұлов өз тарапынан тексеру жүргізу үшін Бөлешов диплом алды деген М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне сұрау салған,--деген Рүстембеков аталған университет басшылығының басқарма басшысы Меңдіқұловтың сұрауына берген жауабымен де таныстырды.
Хатты М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің проректоры С.Бейсенбаев жолдаған. Орыс тілінде жазылған құжатта:
-- Булешов Аскар Кудайбергенович М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін 2009 жылы бітірген түлектердің тізімінде жоқ, университет оған ЖБ №0210440 сериялы дипломын бермеген»-делінген.
«Еңбек кодексі бойынша егер қызметкердің дипломы жалған болып шықса, онда бұл онымен арадағы келісім шарттың бұзылуына негіз болады. Тіпті жалған дипломды пайдаланушыға Қылмыстық кодекс бойынша айыппұл салудан, қамаққа алуға дейінгі қылмыстық жаза көзделген. Жоғарыдағы хат бірнеше сауалды еріксіз көлденеңдетеді: Бөлешовтың аты-жөні диплом алғандардың тізімінен неге табылмады? Оның жоғары білім алғанын растайтын басқа дипломы бар ма? Егер жалған дипломды пайдаланғаны расталса, онда бұл факті бойынша қандай шешім қабылданады?» деп жазған болатынбыз мақалада.
Осы аптада Ерғали Рүстембеков редакцияға келіп, материал жарыққа шыққанымен Шымкент қалалық әкімдігінің, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшылығының ешқандай шара қолданбай, қол қусырып отырғанын алға тарты.
--Егер Бөлешове берілген диплом расында да жалған болып шықса тексеру амалдары жүргізілуі тиіс емес пе? Егер дипломы рас болса, онда мән-жайды түсіндіруге не кедергі? Әлде бәрін осылай жауып-жасыру, үндемей құтылу Меңдіқұловтың әбден еті үйренген әдіс-тәсілі ме? Қала әкімінің коммуналдық салаға жаупты орынбасары лауазымына жуырда тағайындалған Берік Беркімбаев бұл қызметке елордадан, Президент әкімшілігінен келген екен. Ақордадан келген шенеунік Президенттің «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барын білмей ме? Себебі жоғарыдағы мәселенің жауабын жалғыз мен емес, «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнындағы жүздеген жұмысшылар күтіп отыр. Бәлкім кәсіпорын басшылығына келген екі жылға жуық уақыт ішіне айналасына өзінің таныс-тамыр, туған-туысын жинап алған Асқар Бөлешовтың әкімдіктегі «қамқоршылары» мықтылық танытып жатыр ма? Жоғарыдағылардың шарасыздығы осындай күдікті ойларға жетелейді. Бұл неғылған үнсіздік?—деді Е.Рүстембеков.
Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.