Берденов Шымкентке қашан әкім болады?

Oinet.kz 15-10-2025 85

Screenshot_5.png 

Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы биыл сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атқан сотталушы  Ернар Жиембайдың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Ернар Жиембай мен оның адвокатының келтірген арыз-шағымдары қанағаттандырылмады. Алқа сондай-ақ,  жәбірленуші тараптың келтірген уәждерін де негізсіз деп тапты.

  Ал, жәбірленуші, Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке қатысты түсініксіз жағдайлар жиілей бастаған сияқты. Жуырда оның Алматы қалалық әкімдігіне қарасты бір мекеменің басшылығына тағайындалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда бұл жөнінде ресми мәлімет әлі күнге еш жерде жарияланған жоқ. Экс-әкім орынбасарының  өзі де үнсіз?

Еске сала кетейік, сотталушы Ернар Жиембай Руслан Берденов бақылау жасайтын қалалық құрылыс басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-інің директоры қызметін атқарған. Екіарадағы келіспеушіліктің салдарынан, дәлірегі басшысының ар-намысына тиетін сөздеріне ашуланған Ернар Жиембай 21 сәуір күні  Руслан Берденовты қалалық әкімдіктің жанында бытыра оқтармен бес мәрте атқан. Жәбірленушіге оның үшеуі (кейбір мәліметтерде төртеуі) тиген.  Берденовке шұғыл операция жасалып, дәрігерлер оны ажалдан құтқарып қалды. Тамызда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған  соты Ернар Жиембайды адам өлтіруге оқталды деген айып бойынша кінәлі деп тауып,  9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескені белгілі.

Шымкент қалалық сотының хабарлауынша, апелляциялық сотта қорғаушылары Е.Жиембайдың Берденовты өлтіру ниеті болмағанын, оның тек қорқытуды жоспарлағанын алға тартып, оның әрекетін Қылмыстық кодекстің «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бабымен  қайта саралауды және оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған. Ал жәбірленуші тарап өз шағымында, Е.Жиембайдың жазасын ауырлатуды, оны Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі - 99-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп тану қажеттігін айтқан. Прокурор үкімді өзгеріссіз, апелляциялық шағымдарды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде ұстаным білдірген.

--Апелляциялық алқа істі қарап, бірінші сатыдағы соттың Е.Жиембайдың кінәлі екені туралы тұжырымдарымен келісті. Іс бойынша қабылданған сот үкiмiнiң күшiн жоюға не оны өзгертуге ҚПК-нің 433-бабында көрсетілген негіздер анықталмады. Сол себепті, 2025 жылғы 9 қазандағы қаулымен үкім өзгеріссіз қалдырылды,-делінген Шымкент қалалық сотының таратқан мәліметінде.

Тәртіп бойынша апелляциялық алқаның қаулысы шыққан күні сот үкімі заңды күшіне енеді. Бірақ Ернар Жиембайға әлі жоғары сатыдағы инстанцияларға шағымдану құқығы бар.  Руслан Берденовтың де мемлекеттік қызметтегі карьерасына нүкте қойылды деуге әлі ертерек болып шықты.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне биыл ақпанда тағайындалған Р.Берденовтың алға қойған жоба-жоспары өте көп болатын. Тіпті кейбір ақпарат құралдары оны алдағы уақытта Шымкент қаласының әкімі болуы мүмкін екендігін де жазып жатты. Сәуірдегі оқыс оқиға жағдайды күрт басқа арнаға бұрды.

Сотқа алғашқыда оның адвокаты ғана қатысты. Айыпталушы тараптың адвокаттары Берденовтың сотқа келіп жауап беруін қайта-қайта талап етті. Алайда қорғаушысы оның денсаулығының нашар екендігін, денесінде әлі алынбаған оқтардың барын, осыған байланысты тағы да ота жасатынын мәлім етті. Дегенмен кейінірек Берденов сотқа онлайн жауап берді. Жауабында ол Жиембайға кешірім бермейтінін нақты айтты.

Сот болып жатқан кезде Ернар Жиембайдың әкесі Жиембай Пірәлиев әлеуметтік желідегі парақшасында:

--Жәбірленушінің еркін қозғалатындығына сот отырыстарынан бірнеше күн бұрын,  1 тамызда Шымкент қаласы әкімдігіне барғаны дәлел. Бұл оның жарақаттарының, мүмкін, оның айтқанынан аз маңызды екенін растайды және сот отырысына әдейі қатыспағанын  нұсқайды... Аңшылық қарудан 5 рет тікелей атқан оқтан тірі қалу тек фантастикалық фильмдерде үйлесімді,--деген мәлімдеме жасаған болатын.

Бір қызығы, тамызда сотта онлайн жауап беріп, жағдайының ауыр екенін айтып жүрген Берденов қыркүйектің басында Президент Тоқаевтың Қытайға жасаған сапарында бой көрсетті. Дәлірегі ол аспан асты елінде өзінің «Сандық» деп аталатын мейрамханасын ашқаны белгілі болды. Ғаламторда оның  мейрамханада сыртқы істер министрі, сол Қытай сапарынан кейін ыңғайсыз жағдайларға тап болып, қызметінен кеткен Мұрат Нұртілеумен бірге түскен фотосы жарияланды. Сот отырысында жағдайы өте ауыр деп сипатталған шенеуніктің арада 15-20 күн өтер-өтпес шетелде жүргені көпшіліктің арасында түсініксіздік тудырды.  

Қыркүйектің ортасында ол инстаграмдағы парақшасында Қазақстан боксшыларының әлем чемпионатындағы тарихи жеңісіне байланысты пост жазып, Генадий Головкинді, Қазақстан бокс федерациясының басшыларын мақтады. 1 қазанда чемпион боксшыларымен бірге суретін де жариялады. Айтпақшы, 30 қыркүйекте оның  Алматыда өткен «Қайрат» пен «Реал Мадрид» футбол командаларының кездесуінде жүргені де интернет арқылы таратылды.  Арада бірнеше күн өткенде Руслан Берденов Дархан Сатыбалды басшылық ететін  Алматы қалалық әкімдігінен қызмет алды.

Жалпы, Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымынан кеткені тамызда, сот үкімінен кейін белгілі болды. Шымкент қалалық әкімдігі бұл туралы ақпаратты инстаграмдағы парақшасы арқылы ғана таратты. Берденовтың өзі бұған қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

-- Берденовтің бұл жолғы үнсіздігі нені білдіреді? Келіскендіктің бе, әлде келіспегендіктің бе?  Қалай десек те, бұл жағдай Берденовтің қызметтен «өз еркімен» кеткеніне күмән туғызады. Дәлірегі  өзіне қатысты қолданылған кадрлық шешіммен келіспегенін білдіретін сияқты,-деп жазған едік сол кезде. Оның жақын арада Алматы қалалық әкімдігіне қарасты мекемелердің біріне басшы болып баратыны телеграм каналдардың бірінде жазылған болатын. Сол расқа айналды. Берденов басшы болды деген «Алматы қаласын дамыту орталығы» мекемесі  2008 жылы құрылған. Орталықтың негізгі миссиясы – Алматының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу, қаланы басқару тиімділігін арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және Алматыны өмір сүруге ең қолайлы қалалардың қатарына енгізу.

Алайда содан бергі аралықта екі аптаға жуық уақыт өтті. Алматы қалалық әкімдігі бұл жөнінде ешқандай ресми мәлімет таратқан жоқ.  «Алматы қаласын дамыту орталығының» ресми сайты да жұмған ауыздарын ашпай отыр. Білдей мекеме тым құрыса Берденовтың орталықтың басқарма төрағасы лауазымына тағайындалғаны жөнінде бір ауыз ақпарат беруі тиіс еді ғой.

Бұл жолғы үнсіздік нені білдіреді? Әлде «Алматы қаласын даму орталығы» Берденовтың тақиясына тар келіп отыр ма? Бәлкім бұл Берденовтың «менің алар асуым әлі алда» деген амбициясын білдіре ме?

Берденовтың енді Шымкентке әкім болу «шансы» бар  ма? Сіз қалай ойлайсыз?

«Рейтинг» газеті, 15 қазан 2025 жыл.

 


Қасым-Жомарт Тоқаев: Реформа-- Сенатты тарату деген сөз емес
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу