Не бел, не белбеу кетер, Беркімбаев мырза!

Oinet.kz 01-10-2025 250

Screenshot_1.png

Былтыр Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өтіп жатқан жиналыс үстінде тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Момыновты антикордың қызметкерлері тұтқындап әкетіп, бұл жағдай шенеуніктерді «шокқа» түсіргені естеріңізде шығар. Бірақ байқасаңыздар, соңғы айларда шымкенттік атқамінерлер  қайтадан «естерін жинай» бастаған сияқты. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық қайтадан бас көтерді. Бұған жуырда қаладағы бір емес, екі бірдей басқарма басшысының жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын айтсақ та жеткілікті. Бұл ненің әсері? Тәртіп әлсіреді ме, әлде шенеуніктер тым шектен шығып кетті ме? Сіз қалай ойлайсыз?

Әсіресе Шымкент қаласы әкімінің өткен аптада ғана тағайындалған «су жаңа» орынбасары Берік Беркімбаевты оған жауапкершікке жүктелген коммуналдық саладағы былық-шылықпен күрес күтіп тұр.

Таратыңқырап  айтайық.

«Рейтинг» газетінде біз бұған дейін қаланы жылумен қамтамасыз ететін, 500-ден астам жұмысшысы бар – «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің басшылығында болып жатқан заңсыз әрекеттер туралы жазғанбыз. Осы тақырыпқа тағы да айналып соғуға тура келіп отыр. Жуырда редакцияға аталған кәсіпорынның бұрынғы қызметкері Ерғали Рүстембеков келіп, мекеме басшының міндетін атқарушы Асқар Бөлешовке қатысты қызықты фактілерді мәлім етті. Алдымен Ерғали Рүстембековке тоқтала кетейік.

Ерғали Рүстембеков «Қуатжылуорталық-3» мекемесінде жиырма бес жылдан астам уақыт еңбек еткен. Былтыр жыл басында кәсіпорынның басшылығына Асқар Бөлешов келген соң қызметкерлерді жаппай жұмыстан шығару, олардың орнына біліктілігі төмен, тәжірибесі аз кадрларды алу науқаны басталады. Орнын өз еркімен босатып бергісі келмегендер емтихан арқылы қысымға ұшырайды. Осы емтиханнан «құлап қалып», ойда жоқта жұмыссыз қалған Е.Рүстембеков бақылаушы органдарға арызданады. Сол бойынша тексеру жүргізген Шымкент қаласының еңбек испекциясы оны жұмысқа қайта орналасу және заңсыз шешімді қабылдаған Бөлешовке әкімшілік айыппұл салу жөнінде нұсқама береді. Бұдан бөлек Рүстембеков сот төрелігіне де жүгінген. Сот талап арызды қанағаттандырады. Осылайша бірнеше ай сергелдеңге түскен Рүстембеков жұмысына қайта оралады. Алайда  жүйкені жұқартар тірліктерден кейін инсульт алып, денсаулығына байланысты қызметтен кетуге мәжбүр болған.

  Рүстембеков редакцияға бұл жолы не үшін келді?

– Жақында бізді жұмыстан заңсыз босатқан Бөлешовтің кезекті заңсыз тірліктері әшкере болды. Оның  2009 жылы алған дипломының түбірі табылмай, масқара жағдай болып отыр. Жалпы, мекемеде жалған дипломмен жұмыс істеп жүргендердің қатары бірінші басшымен бітпейтін көрінеді.  Осы жөніндегі тексеруді алдымен антикор бастаған екен. Бұдан кейін оны экономикалық тергеп-тексеру департаменті өз өндірісіне алып, анықталған фактілерді «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны тікелей бағынатын Шымкент қаласының  энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловқа жолдаған. Меңдіқұлов өз тарапынан тексеру жүргізу үшін Бөлешов диплом алды деген М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне сұрау салған,– деді Рүстембеков. Осыдан кейін ол бізді жуырда аталған университет басшылығының басқарма басшысы Меңдіқұловқа жолдаған хатымен таныстырды.

Хатты  Р.Меңдіқұловтың сұрау салуы бойынша М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің проректоры С.Бейсенбаев жолдаған. Орыс тілінде жазылған хатта:

«Булешов Аскар Кудайбергенович М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін 2009 жылы бітірген түлектердің тізімінде жоқ, университет оған ЖБ №0210440 сериялы дипломын бермеген», –делінген. Хат соңында мұндай жауапқа мұрағат құжаттарының негіз болғаны көрсетілген.

Еңбек кодексі бойынша егер қызметкердің дипломы жалған болып шықса, онда бұл онымен арадағы келісімшарттың бұзылуына негіз болады. Тіпті жалған дипломды пайдаланушыға Қылмыстық кодекс бойынша айыппұл салудан, қамаққа алуға дейінгі қылмыстық жаза көзделген.

Жоғарыдағы хат бірнеше сауалды еріксіз көлденеңдетеді: Бөлешовтің аты-жөні диплом алғандардың тізімінен неге табылмады? Оның жоғары білім алғанын растайтын басқа дипломы бар ма? Егер  жалған дипломды пайдаланғаны расталса, онда бұл факті бойынша қандай шешім қабылданады?

Бұған дейін Бөлешовтің көп заңсыз тірліктеріне жоғарыдағылардың көз жұмып келгені жасырын емес. «Рейтинг» газетінде былтыр жазғанымыздай,  «Қуатжылуорталығындағы» жұмысымыздан заңсыз босатылдық» деген арызданушылар оның жеке басына қатысты да келеңсіз фактілерді көлденең тартқан болатын.  Тиісті орындардан (құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының базасынан) алынған құжаттарға қарағанда,  директордың міндетін атқарушы бұған дейін бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Мәселен,  1998 жылы тонау бабымен 3 жылға, 2003 жылы «өзінше билік ету», «адамды бас бостандығынан заңсыз айыру» баптарымен 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұдан бөлек тағы бір қылмысы үшін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына кесілген көрінеді. Әрине, бұл уақыт аралығында оның соттылығы заңға сәйкес жойылған болуы мүмкін. Дегенмен пайдакүнемдік қылмыстар бойынша кінәлі деп танылған азаматтың миллиардтаған бюджеті бар мекемеде басшылық қызмет атқаруы моральдық тұрғыдан қисынға келе ме? Мұны бір деңіз?

Екіншіден, Бөлешов кәсіпорынның басшылығына келген соң көптеген кадрлық ауыс-түйістер жасағанын жоғарыда айттық. Ол қызды-қыздымен мекемеде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алумен айналысатын офицер-комплаенс лауазымына бұған дейін прокуратура органдарында қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасағаны үшін, дәлірегі сыбайлас жемқорлықпен байланысты баптар бойынша сотталған Данияр Толыбаевты тағайындаған. Нақтырақ айтқанда, жемқор деген айыппен кінәлі деп танылған адамға жемқорлықпен күресумен айналысу міндетін жүктеген. Осы мәселені тексерген еңбек инспекциясы Д.Толыбаевтың бұл қызметке тағайындалуын заңсыз деп табады. Мұнымен келіспеген «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының басшылығы әкімшілік сотқа талап арыз берген. Алғашқы сот еңбек инспекциясының тексеру қорытындысын заңды деп табады. Алайда апелляциялық алқа сыбайлас жемқорлық бойынша сотталған адамға квазимемлекеттік сектор субъектілерінде тек басқарушылық функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарды ғана атқаруға болмайтынын алға тартып, «офицер-комплаенс» жұмыскері басқарушылық функцияларды орындаумен байланысты лауазымдар қатарына жатпайды» деген тұжырым жасаған. Осыдан кейін еңбек инспекциясы нұсқамасының Д.Толыбаевқа қатысты бөлігінің  күші жойылған. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаумен сотталған Толыбаев кәсіпорында әлі күнге дейін сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен айналысатын «офицер-комплаенс» қызметін атқарып жүргенге ұқсайды. Сонда бұл заңның осалдығы ма, әлде осындай масқара тірлікке жол берген басшылардың осалдығы ма? Айта кетейік, офицер-комплаенс лауазымы мекемелерде антикордың ұсынысы бойынша ашылған штат.  Бұл антикордың бастамасын мазаққа айналдыру емей немене?!

Ең қызығы, «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнында болып жатқан  осыншама заңсыздықтардың бәріне қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов назар аудармады. Рүстембеков  басқарма басшысы жалған дипломға қатысты фактіні де жасырып қалуы мүмкін деген күдігін жасырған жоқ. Меңдіқұлов бұған дейін «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнында директор болған. Бөлешовті директордың міндетін атқарушы етіп тағайындаған соның өзі. 

Ал енді жоғарыдағы фактілерге әкімнің  коммуналдық салаға бақылау жасайтын орынбасары Берік Беркімбаев  қаншалықты мән береді?  Өзі туып өскен Шымкенттің дамуына үлесімді қоссам деп келген орынбасар қиюы кете бастаған салаға тәртіп орната алады ма?

 Не бел, не белбеу кетер, Беркімбаев мырза!


«Рейтинг» газеті, 1 қазан 2025 жыл.



Ғани Бейсембаев қызметінен босатылды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу