Тәжібаевтың карьерасы елордада жалғасады

Oinet.kz 01-10-2025 42

Ақорда мен Үкіметте кадрлық ауыс-түйістер жалғасып жатыр. Апта басында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қызметтен кетті. Оның орнын Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова басты.

Screenshot_4.jpg

Оның алдында  Президенттің екі көмекшісі Тамара Дүйсенова мен Қанат Шарлапаев та лауазымдарынан босатылды. Алпыстан асқан Тамара Қасымқызының мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылдық карьерасы осыменен тәмамдала ма, әлде еңбекқорлығы, іскерлігі ескеріліп тағы бір жауапты қызмет тапсырыла ма? 

Ауыс-түйіс Түркістан облыстық әкімдігінде де жүріп жатыр. Осы аптада облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың қызмет жаңартқаны белгілі болды. 

Бейсен Тәжібаевтың негізгі мамандығы – журналист. Еңбек жолын «Шымкент келбеті» басылымында тілші болып бастаған кезде ол  әлі студент болатын. Бұдан кейінгі жылдары облыс әкімінің (Өмірзақ Шөкеевтің, Нұрғали Әшімовтің) баспасөз хатшысы лауазымын абыроймен атқарып, 2009 жылы небәрі 26 жасында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Бұл қарашаңырақ басылымның тарихында болмаған жағдай еді.

Бейсен Тәжібаев мемлекеттік қызметтегі карьерасын 2017 жылы Түркістан облысының сол кездегі әкімі Жансейіт Түймебаевтың баспасөз хатшысы лауазымында жалғастырды. Осыдан кейін облыстық ішкі саясат басқармасына жетекшілік етті. Одан әрі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, «Аманаттың» атқарушы хатшысы болды. 2022 жылдың соңында Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымына келді. Бұл кезде облыс басшысы Дархан Сатыбалды болатын.

Үш жылға жуық уақыт ішінде Тәжібаев білім, денсаулық, әлеумет сияқты маңызды салалардың жұмысын үйлестірді. Осы жылдары білім саласында бұрынғы басшылардың кезінде болған қаржылық жымқырулар анықталды. Талан-таражға түсті деген қаржының көлемі он миллиард теңгеден асады. Осындай сын сағатта білім саласына басшылық жасаудың кімге болса да оңай еместігі айтпаса да түсінікті шығар.

Тәжібаевтың ендігі қызметі Президент Әкімшілігінде, мемлекеттік инспектор лауазымында жалғасады. Оның өңірге қашан, қандай қызметте оралатынын уақыт көрсете жатар.

P.S. Бізге жеткен ақпараттарға арағанда, жуырда облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің тағы бір орынбасары жаңарғалы жатқан көрінеді. Тағы бір орынбасардың қызметі өсіп кетеді дейді. Кім білсін...

Не бел, не белбеу кетер, Беркімбаев мырза!
Нұртілеу өсті ме, өшті ме: Оның енді Президент болу «шансы» қандай
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу