Тәжібаевтың карьерасы елордада жалғасады
01-10-2025
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай соңғы апталарда болған кадрлық өзгерістерге байланысты түсініктеме берді.
Оның ішінде Президент Жарлығымен вице-премьер – Сыртқы істер министрі лауазымынан Мемлекет басшысының көмекшілігіне ауыстырылған Мұрат Нұртілеуге тоқталды.
«Кейінгі кадрлық өзгерістерге байланысты БАҚ өкілдерінен көптеген сауал келіп жатыр. Ең алдымен, мына мәселені баса айту керек, бұл – әдеттегі кадрлық ротация. Негізгі мақсат – мемлекеттік жүйедегі ең маңызды бағыттардың тиімділігін күшейту», – деді Р.Желдібай.
Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ұлттық экономикаға түсетін инвестиция көлемін арттыруды басым міндеттің бірі ретінде белгіледі. «Бұл маңызды сала тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді. Президенттің көмекшісі ретінде ол халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын ілгерілету мақсатында шет мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдерімен, сондай-ақ әлемдік ірі компаниялардың жетекшілерімен байланысты дамытады»,– деп жазған баспасөз хатшысы.
Жуырда «Орда» сайтында Мұрат Нұртілеудің белгілі кәсіпкер Гаджи Гаджиевпен және Ұлттық қауіпсіздік комитетінң шенділерімен бірге ұсталғаны туралы ақпарат таратылды. Оны аталған сайттың бас редакторы, белгілі журналист Гүлнар Бажкенова мәлім етті. Дегенмен бұл ақпарат расталмады. 8 қыркүйекте Нұртілеу Президент Жолдауына қатысты.
Алайда өткен аптаның соңында Мұрат Нұртілеу ойламаған жерден қызметінен кетіп, көмекшілікке ауысты. Бұл кадрлық ауыс-түйістің астарында не бар? Бұл Нұртілеу үшін өсу ме, әлде өшу ме? Соңғысы басымырақ сияқты.
Ал Гүлнар Бажкенова телеграмдағы каналында былай деп жазды: «Мені президенттікке кандидаттардың қатарынан Нұртілеуді түсіріп, белгілі бір тапсырысты орындады деген тағы бір таралған нарративке жауап бергім келеді. Ең алдымен айтарым – мен өмірімде ешқашан ешкімге қатысты, тіпті маған ұнамайтын адамға қатысты да, қаралау тапсырысын орындаған емеспін әрі ондайға ешқашан бармаймын. Нұртілеуге мен өз Ордам үшін күрес барысында тап болдым – менің медиа ресурсымды тартып алуға бұйрық берген адамның дәл өзі, яғни Сыртқы істер министрі, Нұртілеу екенін анықтадым. Ол Вячеслав Киммен бірге қаржылық-саяси одақ құрады, тіпті осы жазда олар отбасыларымен бірге Грецияда демалып қайтқан. Бұл одақта басшылық рөлді Нұртілеу атқарды, өйткені Қазақстанда саясаткерлер әрдайым жоғары тұрады. Қазір жағдай қалай екенін білмеймін. Менің медиа жобамды тартып алып қана қоймай, маған кейін жаңа медиа ашуға мүмкіндік қалдырмай, яғни ақшасыз қалатындай етіп тартып алуға бұйрық берген адамның кім екенін білген соң, мен тергеуімді одан әрі жалғастырдым – қолыммен тікелей қазғандай болып, ақыры жариялаған ақпаратқа дейін жеттім»,–деп жазған журналист. Бажкенова бұған дейін Мұрат Нұртілеудің қазақ-қытай шекарасындағы контрабандаға қатысы барын жазған болатын.
Мұрат Нұртілеу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең сенімді кадрларының бірі саналады. Тіпті оның «мұрагер» екендігі де айтылатын. Жоғарыдағы жағдайдан кейін Нұртілеудің Президент болуға деген «шансы» қаншалықты өзгереді?