Е.Жиембайға қатысты үкім заңды күшіне енді
Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы биыл сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атқан сотталушы Ернар Жиембайға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады.
Айта кетері, ауыр жарақат алған әкім орынбасарына күрделі операция жасалған болатын. Е.Жиембайды алғашқы сатыдағы сот ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі - 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтiруге оқталу) кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына соттаған.
Шымкент қалалық сотының хабарлауынша, үкіммен келіспеген жәбірленуші, сотталған мен оның қорғаушылары апелляциялық тәртіппен шағым түсірді. Жәбірленуші тарап өз шағымында, Е.Жиембайды ҚК-нің ауыр бабымен, яғни ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі - 99-бабының 2-бөлігінің 2) және 6) тармақтарымен кінәлі деп тануды сұраған. Сотталған және оның қорғаушылары өз шағымдарында Е.Жиембайдың әрекетін ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабының 1-бөлігінен ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігіне (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) қайта саралауды және оған осы баппен белгіленген ең төменгі бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған. Прокурор үкімді өзгеріссіз, апелляциялық шағымдарды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Алқа істі қарап, бірінші сатыдағы соттың Е.Жиембайдың кінәлі екені туралы тұжырымдарымен келісті. Іс бойынша қабылданған сот үкiмiнiң күшiн жоюға не оны өзгертуге ҚПК-нің 433-бабында көрсетілген негіздер анықталмады. Сол себепті, 2025 жылғы 9 қазандағы қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылды.