Сайрамда әкім сайлауы мәресіне жетті
5 қазанда Түркістан облысы Сайрам ауданы әкімінің сайлауы өтті. Айта кетері, бұған дейінгі әкім Арман Сәбитов жуырда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған болатын.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес және учаскелік сайлау комиссияларының Түркістан облысы Сайрам ауданының әкімін сайлау нәтижелері туралы хаттамаларының негізінде, Сайрам ауданының аумақтық сайлау комиссиясы сайлау қорытындыларын белгіледі:
Дулат Талғатұлы Абылгазиевке 4 724 сайлаушы дауысы берілді, Мадияр Мұхтарұлы Оразалиевке 66 837 сайлаушы дауысы берілді, Алмас Мейрбекұлы Тураровқа 7 132 сайлаушы дауысы берілді. «Бәріне қарсымын» белгісі бар бюллетеньдер саны – 255.
Сайлау қорытындысымен 1986 жылы туған, ұлты – қазақ, Түркістан облысы Сайрам ауданы, Манкент ауылдық округінің тұрғыны Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев сайланды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 14, 45, 113-11 баптарына сәйкес Сайрам ауданының аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылғы 7 қазандағы шешімімен 2025 жылғы 5 қазанда сайланған Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев Түркістан облысы Сайрам ауданының әкімі болып тіркелді.
Сайланған әкімге ҚР Орталық сайлау комиссиясы бекіткен үлгіге сай қызметтік куәлік табысталды.
Мадияр Оразалиев уақтысында ұзақ жылдары Сайрам ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. Биыл жыл басында ол Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары болып ауысқан болатын.