Кім қалай сыйлы? (Мысал)
Жануарлар дүниесінде де депутаттар сайлауы өтіпті. Бір орынға төрт хайуан таласса керек. Олар Кит, Жарқанат, Түлкі және Бегемот.Кит былай деп бағдарлама жасапты:
- Құрметті халқым! Су – тіршілік көзі. Су – ащы, тұщы болып екіге бөлінеді. Мен депутат болсам, әр үйдің ауласына мұхит жасаймын, судан құралатын заттың бәрі тегін болады. Оның ішіне арақ-шарап, коньяк, шөлдегенде шөліңді басатын сыра кіреді. Үйлеріңде ыстық, мұздай су күндіз-түні ағып тұрады. Шылпылдатып шомыла бересіңдер. Қысқасы, су сатылмайды. Тегін болады. Бұл әңгіме көпшіліктің көңіліне жақты. Әсіресе, ішкіштер жағы мен үйінің мұздай су мен ыстық суының ақшасын төлей алмай қарызға белшесінен батып отырғандар жамырай қол көтерді. Монша көрмеген ағайындар айқайлап бөріктерін аспанға лақтырды.
Ал, Жарқанат былай деді:
- Айналайын жұртым, мені бір ауыздан сайласаңыздар күндіз ешкім жұмыс жасамайтын болады. Күн сәулесі тұрғанымен – У. Радиация. Тек түнде ғана шаруа тындырасыздар. Қолымнан келіп жатса, Күнді бір жола ысырып орнына Айды әкелемін. Сонда сіздер қымбат уақыттарыңызды өмір бойы ұйқыда өткізесіздер. Бұл бар шындығым. Күндіз-түні ұйқыдан қолдарың босамайды. Мұны естіген кейбіреулер бастарын шайқады. Дегенмен де жарқанатты қолдайтындар табылды. Әсіресе, түнде жортып жүретін қарақшылар, ұрылар, түнгі бикештер және жұмыссыздар уралап бір ауыздан дауыс берді.Түлкі бағдарламасында бадырайтып былай депті:
- Қоғамда аңқау, сенгіш адамдар болмауы керек. Мені сайлап жіберсеңіздер, жерде аяқ басатын орын болмайды, егін ектіремін. Ауылдық жерлерге темір жол салдырамын. Кедей, жарлы деген мүлдем жойылады. Аспаннан ақша жаудырамын – деп жиналғандарға бір уыс ақшаны шашып жіберді. Қолына тиын-тебен іліккендер дауысты түлкіге беріп жатты.Бегемот тіпті саспады. Басын шайқап, арандай ауызын аңқайта ашып, көзін алартып, тісін қайрап - кайрап былай деді:
- Мені сайламасаңдар жарық өшеді, газ тоқтайды, жалақы мен зейнетақы берілмейді. Завод, фабрикалар жабылады. Бензин он есе, нан бес есе қымбаттайды. Және неге, құрт-құмырсқа мен бақа-шаяндардың Парламент мәжілісінде бір заңды қабылдау үшін айқай-шу, төбелес, жанжал туады? Ол мүлдем дұрыс емес. Біздер, яғни малдар, кешіріңдер жануарлар арасындағы депутаттар! Мен заңды ұйқылы-ояу бір сөз айтпастан басын изеп қабылдай беруге мүмкіндік жасаймын? Мен егер депутат болсам, болуға тиіспін де, бір өзім он депутаты ұрып-жығар едім -деп, Бегемот столды тоқпақтай жұдырығымен қойып қалды. Залда отырғандар оның қаһарынан үрпиісіп қорқып кетті. Ешкім бетіне қарсы келмеді. Кезекпе-кезек дауыс беруге ұмтылды. Әзірге кімнің депутат болатыны белгісіз. Сайлау әлі қызу қарқынымен жүріп жатыр.
Нұрлыбек Жұбатқан
Мәдениет қайртакері