Мен сенбеуші едім

Oinet.kz 19-11-2022 3371

Таң алдындағы тамылжыған тыныштықты бұзып, бозарып атқан күнмен таласа тұруға еті үйреніп кеткен Айнұр бүгін де ерте тұрды. Жуынуға ыңғайланып шүмекті ағыза бере қарсы алдындағы айнадағы өз сүлдерінен өзі шошып кетті. Құдды басқа бір адам қарап тұрған секілді…

Screenshot_8.jpg

- Апыр-ау, мынау мен бе? Маған не бол­ған? Күнделікті күйбең тіршілік қамытын мойнына ілгелі өмір деген өтпелі дүние­нің, шүмектен аққан судай тоқтаусыз зымырап құрдымға сіңіп жатқанын енді бай­қағандай. Аршыған жұмыртқадай жұ­мыр денесін көтеру де ауырлаған. Жүзіне уа­қыт өз өрнектерінен аяусыз зер салған іздерін енді байқаған сияқты. Қос бұрымы тобықты ұрған, қыпша бел, сыңғырлаған күл­кісі өмірге деген құштарлықты оятып, жігіттердің назарын еріксіз өзіне аударатын Айнұр қайда?.. Кенет айна алдына осылай байланып қалды.

Уақыт та біраз болыпты. Жұмысқа кету ке­рек. Жұмыс дейтіндей мекеменің жұмы­сы болмаса да, жұмысы күнделікті ер адам­­дар­дың аяқ киімін сататын дүң­гір­шек­ті уақтылы ашу, сауда жасау. Кешкісін иесі келіп түскен ақшаны санап алып, Айнұрға өз пайызын береді. Міне, Айнұр­дың Астанаға көшіп келгелі істейтін жұ­мысы, бітірген шаруасы осы аяқ киім сату.

* * *

– Мен сенбеуші едім, – деді де кіртиген жанарынан кішкене ғана бір тамшы ыстық жас ыршып түскен. Бұл шарасыздық пен са­ғыныштан, лажсыздықтан аққан жас еді.

Елорданы қақ жарып ағып жатқан ерке Есілдің келбетінде Астанаға әр беріп тұр­ған зәулім ғимараттар толқын-толқын болып ағып барады. Буырқанып, бусанып жатқан Есілдің жағасы қарақұрым халық, немерелерін ерткен әжелер, сұрапыл се­зім­ді бастан кешіп жүрген ғашықтар, осы қаланы бір көруге алыстан аңсап келген қонақтар. Алыстан алқына ағып жеткен асау өзен қалаға кіргенде кенет тына қа­лып жағалаудағы ырғағынан жаңылмаған тіршілікті өз арнасында тербетіп келеді. Ырғағынан жаңылған жалғыз…

Ағысқа қарсы қарап тұрған Айнұр «Мен сенбеуші едім…» деп күбірледі. Көзі ке­нет бірін-бірі қаусыра құшақтап мына дүниені ұмытқан, шамасы жиырмалардағы қазақтың қара домалақ ұлы мен қарлығаш­тай көрікті қызына түсіп кетті. Ұрланып, қос ғашықты бақылап отырған адамдай өзінен-өзі ұялып кетті. Сосын қазіргінің жас­тарында ар-намыс, ұят, қоршаған орта­ға деген құрмет мүлдем жоқ деген ой санасына сап ете қалды да, өзінің жастық шағын есіне түсірді.

Ол кезде Айнұр найзағайдай жарқыл­дап тұр­ған жанары, үріп ауызға салғандай ажа­ры, көркіне көз тоймас еліктің лағын­дай кө­рік­ті қыз еді. Аппақ гүлді көйлектен тө­мен қарай құлдилаған бұрым мен қыпша бел. Алатаудың етегін мекен етіп, тек оның алқызыл гүлдерін ғана теріп жеп, әмсе сыл­дырап аққан мөлдір бастаудан су іше­тін, оңы мен солын әлі тани қоймаған, құ­ра­лай шақтан енді ғана үлкен өмірге қа­дам басқан балаң елік еді ғой. Оның тек қана сырт бейнесі ғана емес, ішкі жан дүниесі де таза, сұлу еді. Даланың еркесі құсап Айнұр да бір орында тұра алмай тынымсызданып кететін. Осы бір тынымсыз мінезінің арқасында талай оқиғалар­дың бел ортасында жүрді.

Бірде автобус ішінде келе жатса, шашы қайратты, жылқы жақты, кең иықты, әде­мі ғана мұрты бар қазақ жігіті ешкімге орын бермей отыр екен. Мұны көрген  Ай­нұр:

– Аға, аға, – деді де әлгі жігіттің иығы­нан түртіп еді, орындықта қалғып отырған жігіт селк етті:

– Ау, – деп селқос жауап берді де, іші­нен «менде несі бар екен» деп ойлады.

– Мына тұрған маған немесе басқа да мадамдар мен ханымдарға, ханшалар мен ханшайымдарға, миледилерге орын бер­гіңіз келмейді ме? Все таки джентельмен деген атыңыз болмаса да, жігіт деген заты­ңыз бар емес пе? – деп қалды.

– Кешіріңіз, мен жай ғана ұйықтап ке­тіп­пін, келіңіз, сіз отырыңыз, – деді де жігітке тән байсалдылықпен орнынан тұрды. Осыдан кейін екеуі аялдамаға жеткенше бірін-бірі бұрыннан танитын адамдар секілді тоқтамастан әңгіме айтты. Автобус тоқтап еді, қыздың артынан жігіт те түсті. Екеуі бір-біріне қарап күлді де, әңгімелерін жалғастырып кетті. Сол күні жігіт қызды  үйіне дейін шығарып салды.

* * *

– Мен сенбеуші едім, – деп күп болып іскен екі қолымен өмірдің тауқыметін тартқан беттерін басты. Саусақтары добалдай, дүниенің машақатын тартып келе жатқаны көрініп-ақ тұр. Саусақтарының арасынан сығалап қарап еді, манағы қыз бен жігіттің арғы жағында аппақ әдемі мәшинеден бірін-бірі жетектеген екі жас түсті. Артынан ілесіп келе жатқан бір топ жолдас-жоралары іле-шала суретке түсіп, манағы көңілсіз жағалауды думандатып-ақ жібергені. Бұл қос ғашықтың үйлену сәті, бұл екі жастың үміттерінің ақталған сәті, бұл екі жүректің қауышқан сәті. Шы­нымен де екі жас өздерін шын қалап  қо­сыл­­са, олардың арасында махаббат та шы­найы болмақ.

Шын махаббатпен дүниеге келген бала махаббатпен өмір сүреді де, жақсылық пен ізгілікке деген құмары басым, әрі қос ғашықтың шынайы сезімі мен арасындағы пәк­тіктен туған бала да адал, өмірге құш­тар болады екен.

…Олардың автобуста ыңғайсыз жағдай­да табысқан кездесулеріне, одан бері орталарында ерекше бір алау, ынтықтық пен бір-біріне тартылу сезімінің пайда болға­ны­на бүгін тұп-тура бір жыл болған еді. Екеуі осы күнді атап өтпекке ару Алматыны аялы алақанында тербеткен асқақ Ала­таудың бауырындағы тәкаппар Көктөбеге келген-ді.

– Асхат, сен білесің бе, екі ғашық бірін-бірі сүйген кезде екеуінің арасында тілмен айтып жеткізгісіз ерекше жақындық пайда болады екен. Ал ол жақындыққа тек қана арнайы кілті барлар ғана жете алады дейді ме, қалай өзі?! Айтшы, сонда сенің қолыңда менің жан сарайымның ғана емес жүрек деген қамалымның қақпасының да кілті бар болғаны ма? – деді де, Айнұрдың күлкісі сыңғырлай ала жөнелді.

– Иә, алтыным, мен сені қатты, тіптен тым қатты жақсы көремін. Өзіңді бір сәтке де жанарымнан таса қылғым келмейді. Алдында өзің туралы жеңгеме айтқаным есіңде ме?

– Иә, есімде.

– Бұл жәйттан көкем мен тәтем де ха­бардар. Олар бала өзі қалап тұрса қарсы емеспіз десе керек. Алатын қызы болса, оны таңдағанынан қателеспейтіндей болса, тойдың қамына кірісейік деген екен, – деді де үнсіз қалды.

Екеуі айлы түнде аспанға қарап, ма­мық­тай жұмсақ Алатау алабының төсінде жатыр. Жұлдыздар қол созым жерде ғана тұрғандай, сәлден соң қос ғашықтың самсап тұрған жұлдыздарды алақандарына толтырып алардай ғажайып бір күй кешуде. Аспан жұлдызының жарығына көше бойы сап түзеген әскердей қаз-қатар тұр­ған жолшамдардың жарығы қосылып, айналаны ерекше күйге бөлеп тұр.

Айналадағы тыныштық пен біраздан бері орнаған үнсіздікті жігіттің ақырын ғана сыбырлаған үні бұзды:

– Айнұржан, алтыным менің, жаңа ата-анамның өзіміз туралы ойын айттым ғой. Сен менің балаларымның, біздің айбынды  ұлдарымыз  бен  ару  қыздарымыздың анасы, көкем мен тәтемнің ақ келіні, жеңгемнің қайнына адал жар болшы.

– Содан…

– Содан… Содан сен маған тұрмысқа шығасың ба? – деді де, манадан бері сал­қын тартып қалған саусақтарын Айнұрға ұсынды.

Өзіне қарай күтпеген сәтте созылған жігіттің қолын қайтармастан алды да, ақырындап кеудесінің  тұсына апарып, жүрегін ұстатты.

– Асхат,  қарашы, жүрегім лүп-лүп етіп тынымсызданып кетті ғой. Тіптен не дерімді де білмей тұрмын. Бұның ерте ме, кеш пе айтылатынын сезсем де, дәл бүгін­ бо­ла­ды деп ойламаппын.

– Жаным, сонда әлі ерте демекпісің?

– Жоқ, жоқ, олай емес. Қандай жағ­дай болса да, мен саған өзімнің өмірімді арнауға дайынмын…

* * *

– Мен  сенбеуші едім, – деді де, қорап­тан шығарған аяқ киімнің шаңын сүртіп,  өмірін тозаққа айналдырғанына да, біраз уақыттан кейін тозақ оты өшіп жұмаққа айналғанға да осы туфли кінәлідей сөреге тарс еткізіп қоя салды. Ойына кешегі жұмысындағы оқиға қайта оралды. Бұның санасындағы жұмыс дейтіні сондай жұмыс емес. Тек қана Алматының «барахолкасынан» сапалы деген аяқ киімдерді әкелген «хозяйкасының» тауарларын, осындағы «Алтай» базарында, «Қаратал» деген мей­рам­­хананың қарсы бетінен бір дүңгір­ше­гінде сатып, сол жерден күнделікті шай-пұлы мен бала-шағасын киіндіруге жетерлік қаражат тауып жүргені. Құдай осы нәпақамнан айырмаса екен деп те тілейтін. Енді қайтсін, жалғыз күн көрісі осы.

Сондай қым-қуыт күндердің бірі еді. Азаннан бері сауда қызу жүріп, түскі ас ішетін кез де жақындап қалған. Күндегі әдетінше үйден әкелетін асын алдына алып ерекше бір құлшыныспен асай бергені сол еді:

– Сәлеметсіз бе, оюлы қара туфлидің  43 размері  бар ма? – деген дауысқа бұрыла бере, көңіл-ауаны бұзылды. Бұл дауысты бұрын бір жерден естіген. Қашан және кім­нен естігені есінде жоқ. Әйтсе де шамалайды. Шамаласа да сенгісі келмейді. Ол тағдырдың кездейсоқтығына сенбейтін. Ол өмірдің бұралаң жол екендігіне сенбеуші еді. Бұл ол үшін мүлдем жат еді. Тіптен қиял, ойдан шығарылатындай болып, кейде фантастика секілденіп көрінетін.

– Қайсы туфли? Ана-а-а-а-а-у  ма,  – де­ді де тұрған орнында серейіп қатты да қалды. Не қозғалыс жоқ, не үн жоқ. Құд­ды ­біреу келіп тілі мен аяғын ­кесі­п әкет­кендей.  Басынан бақайына дейін ток жүрі­п өткендей болды. Денесі дір-дір етеді. Тілі енді ғана шығып келе жатқан бала секілді ежіктеді де қалды:

– Сен, сен Асхатпысың?

– Иә, мен Асхатпын. Біз таныспыз ба? Сіз мені қайдан танисыз, – деп таңданған­ кей­пі тұрып қалды.

Асхат дәл сол қалпы. Еш өзгермеген. Бойы тіп-тік, қайратты шаштары ара­да о­тыз жыл өтсе де күнге жалтылдап, самал­ға желкілдеп тұр. Кең маңдайымен ас­тас­қан қалың қастары мен дөңгелек көздері әлгі автобустағы таспа мұртты жігітті ерік­сіз еске салады. Сол жас жігіт бүгін міне Айнұрдың алдында елуден асқан жігіт аға­сы, сымбатты да сыпайы сызылып тұр.

Бұл бейнені санасы ғана емес, жүре­гінен де өшірген Айнұрдың жанарларынан ыс­тық жас еріксіз ыршып түсті. Ол өзін-өзі тоқтата алмай ұзақ жылады. Ештеңені түсінбеген Асхат туфлиді ұстаған күйі Айнұрға қарап тұрды да қалды. Ол алдында еңкілдеп тұрған келіншекті не деп жұбатарын білмей әлек.

Бүгін таңертең Асхат үйден шығарда іші бірдеңені сезіп еді. Бірақ оған аса қатты мән бермеген. Тіптен ойына тағы да «Қараталды» тексеруге келер ме екен деген ойдың қайта-қайта орала бергеніне қазір аң-таң. Өзі өмірі көрмеген деп санайтын әйелдің аяқ астынан оны көріп жылауы, жай ғана  жылап қана қоймай, оның атын да айтуы мүлдем кездейсоқтық емес еді…

Айнұр  қатты  өзгерген. Баяғы қыл­шыл­­даған қыз жоқ. Толық, етжеңді келген ақ­құ­баша өңі өзіне тым жарасымды. Де­ген­­мен де, ол құрбыларының алдында осы­дан қатты ұялатын. Өзі секілді қатын­дар­дың киген киімдері мен жүрген жүріс­те­ріне қатты қызығатын. Әттең, бұл жайлар Айнұрға берілмеген. Оған олар­ды­кін­дей еңбекқор бай да бұйыр­мапты. Өмірдің тауқыметін көргеннен ығыры шығып жүрген кезі болатын.

– Асхат, сен мені шынымен де танымай тұрсың ба? Бұл мен, мен ғой, сенің Айнұрың. Сен мені шынымен де ұмыттың ба? Иә, түсінемін, бәрін түсінемін. Қайдан ғана сол күні сол автобусқа мініп едім. Қайдан ғана саған ғашық болып едім, ал­дам­шы сезімнің жетегінде неге кеттім екен. Мен сенбеуші едім ғой, сенбей-ақ қоюуым ­керек еді. Бірақ қайдан. Өтіп кеткенді ­жөн­дей де, қанша өшірем десең де жүрегіңнен де, өміріңнен  де өшіре алмайды екенсің. Сенің өткенің өзіңмен бірге бітіп кетеді екен-ау, – деп тағы да жылап жіберді.

Тұрған орнында тапжылмастан аузы ашылып қалған Асхат еріксізден есіне алғандай еді.  Ол шынымен де ештеңе білмейтін. Соған қарамастан алдында тұрған әйелдің даусы оған сондай таныс болып естілді.

– Айнұр, бұл шынымен сен бе? Сен шынымен де менің баяғы алтынымбысың? – деген сөздер аузынан қалай шыққанын өзі де байқамай қалды.

– Бәсе, сен мені ұмытпауың керек еді. Сен мені  ұмытпапсың ғой, мені ойлаған­сың ғой. Манадан бері өтірік түр жасап тұр­ғаның болды ғой. Мені жылатып қарап тұрған не деген тасжүрек едің?! Мені­ ке­шірші, кешірші, Асхат!

– Айнұр, сен маған ренжімеші, менің тез арада кетуім керек. Кешке Есілдің Самал жақтағы жағалауында кездесейік. Со­дан­ сол жақта жақсылап  әңгімелесерміз. Сен жылама. Ешкім өлген жоқ, бәрі де жақсы ғой, –  деді де қолындағы оюлы ту­ф­ли­­ді тастап, Айнұрдан қашқандай аяқтарын жылдамырақ басып асығыс жүріп­ кетті.

Асхат кетісімен таңнан бері жақсы жүріп тұрған сауда да тоқтады. Айнұр әдеттегідей дүңгіршекті  жабатын уақытты күтпей-ақ, қолына түскен пайдасын ала сала үйіне қарай асықты.

Жұпыны тартқан, бірінен соң бірі қатар-қатар салынған кілет секілді бір ауыз тамдар. Шамамен бес-алты есік. Соларға жалғаса орналасқан Айнұрдың үйі. Астанаға қоныс аударғанда әкесінің қарындасы саяжайын босатып берген. Содан бері отбасымен осы саяжайда тұра­ды. Су тасиды, от жағады. Үш ауызды саяжайды паналап отырғандарына шүкір­шілік етуде. Пәтер жалдап жүрген қара­­көз­деріміздің күні күн емес екенін жақсы біледі. Сондықтан Айнұрдың осы күніне шүкірлік айтқаннан өзге амалы жоқ.

…Айнұр күн ұясына қарай жылжысымен ерке Есілдің бойына келіп Асхатты тағатсыздана күтіп отыр. Өзеннің бетінен күткен адамының да сұлбасы көрінді. Екеуі оюлы ернеудің қасында кездесті де, найзасын көтеріп, жауға шапқан кейіпте мәрмәрдан жасалған Кенесарының тұғырлы мүсінінің артындағы шағын ғана дәмханаға беттеді.

Асхат пен Айнұр есіктен кіре салысымен даяшылар құрмет көрсетіп, оларды өзен жаққа қараған терезесі бар үстелге отырғызды. Аз-кем дастархан мәзірі жасалды. Үнсіздікті Асхат бұзды.

– Айнұр, мен сені екеуіміздің арамыз­дағы аяқсыз қалған сезімді тежеп, дос ретінде жаңа өмір бастауға шақырамын. Сен жоғалып кеткен соң мен қатты қинал­дым. Екеуіміздің арамыздағы алау сезімді достарымыз жыр қылып айтушы еді ғой. Ал енді сол кезде не болды? Сен мені шынымен де сүймедің бе?

– Сенің маған деген сезіміңнің мөл­діре­ген су секілді таза, кіршіксіз екенін білетінмін.  Егер біз отау құрсақ, бәрі де керемет болар ма еді. Адамның емес Алланың айтқаны болады.

– Сонда қалай? Рас па?!

– Иә, рас. Мен Алманың тойына қыз жолдас боламын деп дайындалып жүргем. Бағила туған күніне шақырды, Шымкентке. Бір аптадан кейін жақын құрбымның тойы. Құрбымның туған күні аяқталған соң мені Бағиланың көршісі «Алматыға баратын автобусқа салып жіберемін» деп ақ «Москвичке» отырғызды. Қасымда Бағила да бар. Біраз жүргеннен кейін вокзалға қарай емес, басқа жаққа бұрылған секілді болды:

– Бағила, қайда барамыз? – деп едім:

– Саспа, Айнұржан. Ол жақта жол жөнделіп жатқан болатын.  Соған байланысты айналып өтеміз, – деді. Әлгі сөз­ге иланып отыра бердім. Бір кезде ­қаланың сырт жағын­да болуы­ керек ­бір көк қашасы бар үйдің алдына тоқтадық. Сол кез­де әлгі Бағилам:

– Ал  Айнұр келдік. Бақытты бол, – деді де көліктен түсіп, қақпаға қарай беттеді. Сөйтсем, мұның барлығы да, ту­ған күн де, жолдағы жөндеу де алдын ала ойлас­ты­рыл­ған е­кен. Ағыл-тегіл жыладым, тоқ­тай алма­дым. «Менің болашақ жарым бар. Екеуіміз үйленеміз, сөз бай­лас­қанбыз» деп жыладым. Сол сәтте бір қара әйел келді де:

– Ойба-ай, бетім-ай, қара мынаны. Болашақ жарым дейді ғой. Сенің жарың міне! – деп бағанадан бері Бағиланың көршісімін деп жүрген жігітті меңзеді. Бұл­ бә­ленің басында «маған әйел боласың ба?» деген қалжыңы жаман еді…

Осы сәтте арғы жақтан басына ақ кимешек киген апа шықты да:

– Ал қарағым, босағадан аттаған қадамың құт болсын! Сен біздің үйге ба­қыт әкел, қарғам. Жылама, бәріміз де осы­лай келгенбіз. Ертең саған сүйеу болатын азаматың осы болады, көнбесең мені аттап өтіп кете бер, – деп апа босағаға жатып алды.

«Қайтып келген қыз жаман» деп бала кезімізден санамызға құйып тастаған, ақыры қалдым. Арада жылжып жылдар өтті, балалы болдым. Күйеуімнің де мінезі өзгере берді. Бітірген мамандығым бойынша фельдшер болып жұмысқа орналастым. Күйеуім кейде үйге келмейтінді шығарды. Үйде ұрыс-керіс. Кейін ішкілікке салынды. «Балаларым не ішіп, не киіп жүр» деп бас ауыртқан емес.

Сол сәттерде мен өзіңді көп ойладым. Сені бір көргім келетін. Өзіңе менің еш кінәмнің жоқтығын, мені зорлап алып қалғанын айтқым келетін. Мені табар деп үміттендім…

– Мен сені ұзақ күттім. Сондай күндер­дің бірінде мотоциклмен апатқа ұшырап, көзімді ашсам, ауруханада жатырмын. Жадымнан көп нәрсе жоғалған, өмірімнің жартысы ұмыт қалыпты, сені де ұмыттым. Бірақ ылғи түсімде Көктөбедегі бір қыз­бен қыдырып жүрген сәттерді көремін.

– Асхат, біздің махаббат таза еді ғой. Қазіргі жастардыкіндей емес, кіршіксіз, еш арам ойсыз пәк сезім болатын. Содан мен елдің көзіне күйік болғанша ауылдан көшуге бел будым да, аздаған малды сатып он жыл бұрын Астанаға келдім. Келген сәт­тен бастап «Қараталдың» алдынан дүңгіршекке жұмысқа тұрып, сол жерде аяқ киім сатып келемін. Осылайша өмір сүріп жатқан жайым бар. Осы жұмыстың арқасында балаларымды оқыттым. Қанша тырыссам да, Құдай бір алдыға бастырмай қойды. Сенің көз жасың шығар деп те ойлайтын едім…

Тағдыр ғой… Тағдыр демекші, мен жұ­мысқа кеткен кезде үйде күйеуім қалатын. Көзінен тайсам болды ащы суға бас қояды. Мені қойшы, балалардың мазасын алады. Кейде тіптен екі-үш айға дейін жоғалып кетеді. Ақырында Шымқаладан тауып келеміз. Келген соң бірдеңе біраз уақытқа дейін «тәртіпті» жүреді де, артынша үй­реншікті әдетіне қайта басады. Не істерімді білмеймін. Тек балаларым үшін ғана өмір сүріп келемін. Ертең мен өлсем олар қайтеді? Қайда барады? Мына заманда оларды кім мүсіркейді, Құдайым-ау, – деп  Айнұр жылап жіберді…

* * *

Айнұрдың  жан дүниесі алай-дүлей. Әр сәті тек бейнетпен өтуде. Қу дүниені ары тартса да, бері тартса да жетпейді. Өміріне қынжылып, тағдырына налиды.

– Асхат– дегені сол еді, Айнұрдың жү­ре­гіне шаншу қадалып, отырған орнында ары-бері соққан дауылдай болып түрі өзгеріп, батқан күннің шапағындай болып екі  беті қызарып  кетті. Өмірдің  тауқыметін тартқан қолдарын жүрегінің тұсына қойып, кеуде тұсын уқалады. Мұны көр­ген Асхат шошып кетті:

– Айнұр, не болды? – деп еді:

– Аздап соңғы кездері жүрегім ауыратын болып жүр. Бұрын ондайым жоқ еді, – деді де стакандағы суды ұрттай бере орнын­ан ­құлап түсті. Абдырап қалған Асхаттың тіл-аузы байланып қалғандай сөйлеместен үнсіз ғана қатты да қалды. Даяшылар Асхатқа су әкеліп, өздері «Жеделжәрдем»  қызметін ­ша­қырды. Біраздан кейін медициналық көмек қызметі келіп жетті. Дәрігерлер есінен танып жатқан әйелге жақындай бергені сол еді, әлгі қыздардың бірі:

– Мама? Маматайым сол, жан жүрегім­ менің, анашым саған не болды, – деп Айнұрдың үстіне қона түсті. Бұны көрген Ас­хат үн-түнсіз бақылады да тұрды. Оның ойында тек қана «Мен сені бақыт­ты е­темін, Айнұр» деген сөз ғана бар еді. Сол жерден Айнұрды дәрігер қызы мен Асхат ауруханаға алып кетті…

Алма Құрманбаева

"Мен сенбеуші едім"

Түркістанда бұрын соңды болмаған әдеби-романтикалық «Поэзия түні» өтті
Сорпаның суы өлім аузында жатқан студентті аман алып қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу