Түркістандық тұрғын анасына бауырының бір бөлігін беріп, өмірін сақтап қалды

Oinet.kz 04-11-2025 58

Түркістан тұрғыны анасына бауырының бір бөлігін беріп, анасын құтқарып қалды. Күрделі ота облыстық клиникалық ауруханада сәтті жасалған, деп хабарлайды Oinet.kz.

Screenshot_1.jpg

Бұл — өңірде бауыр трансплантациясы бойынша өткен екінші ота. 54 жастағы әйелге бауыр циррозы диагнозы қойылған. Ұзақ уақыт ем қабылдағанына қарамастан, оның жағдайы қиындай беріпті. Сол кезде 24 жастағы ұлы еш ойланбастан анасына бауырының бір бөлігін беріп, оны ажалдан арашалап қалған.

Ал Лесбек Бейтанов гемодиализге тәуелді 26 жастағы ұлының өмірін сақтап қалу үшін бір бүйрегін беруге шешім қабылдады. Медициналық тексеруден сәтті өткен ол, донор болуға ресми рұқсат алды. Қазір әке мен балаға ота алдында психологиялық қолдау көрсетіліп, дайындық жүргізіліп жатыр.

"Анализдер, бәрі дұрыс шықты. Тексерудің бәрінен өттік. Дұрыс сәйкес келгеннен кейін беруге ризашылығымды бердім. Баламның өміріне алаңдадым. Жас, әлі бойдақ. Өмірін беріп, жақсы болып кетуіне үлес қосқым келеді", – деді донор Лесбек Бейтанов.

Облыстық клиникалық аурухана базасында жыл басынан 37 бүйрек, 2 бауыр трансплантациясы жасалыпты. Жыл соңына дейін тағы 4 ота жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, медициналық жетістіктер донорлыққа қатысты қоғамда дұрыс түсінік қалыптастыруға ықпал етеді.

"Бізде мәйіттік трансплантация дамитын болса, күту парағындағы науқастардың саны азаятын еді. Қазіргі жағдайда күту парағында 4 мыңнан астам азамат тұр. Олардың барлығының туыстарында сәйкес келетін донор жоқ деген сөз", – деді Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков.

Бүгінде ағза ауыстырудың 90 пайызы тек туыстар арасында жасалып келеді. eGov порталындағы сауалнамада 10 мыңнан аса адам қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім берсе, 112 мыңнан астамы мүлдем бас тартқан.

Түркия Ресей мұнайынан бас тартып, Қазақстан мен Ирактан сатып алуда
Халықты алдап-арбап 100 миллион теңге жинаған әйел ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу