Сорпаның суы өлім аузында жатқан студентті аман алып қалды

Oinet.kz 21-01-2022 4190

Студенттік шақ. 1990, әлде 1991 жыл. Жатақханадамыз. Ашпыз. Ақшаны бітіргенбіз. Алайда асқазан ақшаның таусылғанын түсінетін емес, «тазының күшігін жұтқан» қойшының ішегінше шұрылдап, шыдатпай барады. 

Screenshot_1.jpg

Әркім өз амалын қарастырған болды. Кейбір жігіттер басқа жатақханадағы жора-жолдастарына кетті, енді біреулері пәтердегі туыстарына дегендей. Серік Әбдуәлиев досым екеуміз курстас қыздарға барып, жүрек жалғармыз деп шештік. Бұрын да бірнеше рет бастан кешірген кеп қой, ептеп ыңғайсызданып қоямыз. Там-тұм азық-түлігін талғажау етіп отырған қыздар да «қыдырымпаз қонақтардан» зәрезап болған-ақ шығар. Сонда да, амал жоқ, 306-бөлмедегі қыздарға бардық.

Есікті енді қаға бермек едім, Серік «тұра тұр» деп сыбырлады да... есікті саусақтарымен ақырын ғана тырналап, сипалады. Әуелде оның не ойы бар екенін ұқпай қалдым. Саусақтарымен тағы да жәй ұрғылай бастағанда ғана түсіндім: әбден аштан сілесі қатып, сілейгелі тұрған жанның қағысы ғой. Қыздар бастапқыда есіктің әлсіз қағылғанын естімеді ме, әлде есікті мысық тырналап тұр деп ойлады ма, ашуға асықпады. Сәлден соң әлжуаз әрекетіміз нәтиже беріп, Гүлнар деген қыз есікті ашып кеп қалды. Қолымен есікті тағы да тықылдатқалы тұрған Серік әдейі алға ұмтылып барып, құлай жаздады. Емеурінді айтқызбай түсініп, етпетінен түскелі тұрған жерінен дереу қағып алып, сүйемелдедім.

Қыздар шошып кетті. «Не болды, не болды?» дей береді. Біреуі маған көмектесіп, Серікті сүйемелдеп, екіншісі кереуеттегі кітап-дәптерлерін алып, орын әзірлеп, тағы бірі асып-сасып не істерін білмей, бізді қаумалап жүр.

– Төсекке жатқыз!

– Ауырып қалған ба байғұс?!

– Тыныштық па, Сәкен? Айтсаңшы!

Гүлнар, Нұрила, Әлия – үшеуі үш жақтан шыр-шыр етеді. Қабағымды түйіп, мен де қарысып үндемеймін, өте бір қиын жағдайға душар болғандай. Серік көзі жұмулы, аузы ашық, жанына бірдеме батқандай аһылап-уһілей береді. Бір кезде көзін жарым-жартылай ашып, әлсіз үнмен:

– Су... су... – деді.

Гүлнар атып тұрды да, шәугімді ала сыртқа жүгірді. Бірақ ол есіктен шығып та үлгерген жоқ, Серік:

– Гүлнар... – деді сондай бір шаршаңқы, әлжуаз, нашар үнмен. – Жәй су емес... – Сәл булығып, (өтірік) жөтеліп қалды.

– Қандай су? – дейді дегбірсізденген курстасымыз көзі бақырайып. Осы тұрысында «Меккеден зәмзәм суын әкеп берші» десе де, сол шәугімімен құстай ұшатын түрі бар. Шынымен жаны ашып тұр ғой енді.

«Қандай су қажет боп тұр екен?» деп басқа қыздар да Серікке қарап қалды. Сонда көзін әрең ашқан Секең:

– Сорпаның суы... – деді.

Бәріміз бір минут үн-түнсіз тұрып қалдық. Сосын Серіктің өзі де шыдамай кетті ме, сылқылдап күліп ала жөнелді. Мен де «жарылдым».

...Қыздардың ашуы тез басылды. Артынша «бермешел» де әзір болды. «Оңбағандар, жексұрындар, ақымақтар... адамның зәресін алып! Турасын айтсаңдар да, кет демейміз ғой, дастархан жайып, шәй қоямыз ғой. Сорпаның суы деп қояд еще! Жоқ сорпаның суы, өзіміз де жете алмай отырмыз соған. Езулеріңді бермешел жырып кетпесін!» деп ұрсып отырып, шәй берді. «Апам ыржиғанға мен де ыржиямынның» керін келтіріп, күліп отырып, әзілдесіп отырып, ар жағымызға ел қондырып алғанбыз сөйтіп...

Бүгін студенттер күні дегесін, еске түсіп кеткені.

Cәкен Сыбанбайдың Facebook парақшасынан

Мен сенбеуші едім
Валентин ағай (Әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу