Парламент Президент туралы заңды қабылдады
Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.

“Қазақстан Республикасының Президенті туралы” Конституциялық заң жобасы биылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Конституция талаптарына сәйкес әзірленді. Құжат Мемлекет басшысының арнайы Жолдауы негізінде Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Заң жобасында Қазақстан Республикасы Президенті мен Вице-президентінің құқықтық мәртебесі нақты айқындалып, қолданыстағы конституциялық реттеудің негізгі қағидаттары мен құқықтық сабақтастығы сақталған.
Жоба 8 тарау мен 43 баптан тұрады. Сонымен қатар 2026 жылғы Конституция нормаларын бейімдеу және жаңа мемлекеттік билік институттарын қалыптастыруға байланысты бірқатар жаңа ережелер енгізілді.
Бұған қоса, бұрынғы заңнамадағы нормалар жан-жақты пысықталып, редакциялық тұрғыдан жетілдірілді. Парламент Регламентінің талаптарына сәйкес бірлескен комиссия депутаттар мен тұрақты комитеттердің ұсыныстарын қарауы тиіс болатын. Алайда комиссия қарауына қандай да бір түзетулер мен ескертулер түскен жоқ. Осыған байланысты заң жобасы бастапқы редакцияда ұсынылып отыр, – деді Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ.


