Шымкентте 40 жастағы әйелді пышақтап кеткен қаскөй жазадан құтылып кетті
Шымкентте 40 жастағы әйелді жауыздықпен өлтірген қаскөй жазадан құтылып кетті.

Нұрнияз Сарқұлов тапа-тал түсте көшеде кетіп бара жатқан келіншектің тамағынан осып, кеудесіне бірнеше рет пышақ сұққан. Оның шизофрениямен ауыратыны анықталды. Енді ол абақтының орнына психикалық емдеу мекемесіне жіберіледі.
"Сот психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, Сарқұлов өзінің әрекетін дұрыс түсіне алмайды. Қылмыс жасау барысында шизофренияның параноидтық түрі психикалық ауыр жағдайында болған. Ол өзінің жасаған іс-әрекетін ұғына алмаған. Ол психикалық жағдайына байланысты тергеу мен сот алдында жауап бере алмайды. Психикалық жағдайына байланысты мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеуді қажет етеді", – деді Шымкент қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Бақытжан Туналиев.
Еске салайық, 28 қаңтарда Шымкентте жантүршігерлік қылмыс болған еді. 32 жастағы ақтөбелік әйел төсекке таңылған анасының дәрісін алу үшін емханаға бара жатқан. Сол кезде оны Сарқұлов пышақтап кетті. Сондай-ақ алдынан шыққан полицейлерді де пышақтамақ болған.
Тәртіп сақшылары қаскөйді қарумен атып бір-ақ қолға түсіріпті. Қылмыскер бұған дейін екі рет сотталған. 2022 жылы шизофрениямен ауыратыны анықталыпты.
Ақтөбеден Шымкентке келген әйелдің артында екі баласы қалды. Соттың қаулысына марқұмның жақындары қарсылық білдірген жоқ.


