Сұлтан Сәрсемалиев қайынжұртын не үшін қырып салғанын түсіндірді
Төрт адамды өлтірді деген басты күдікті – 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев қылмысқа ұзаққа созылған отбасылық жанжал мен психологиялық қысым себеп болғанын айтты.

Алдын ала тыңдау барысында сотталушы мәлімдеме жасап, жанжал туралы өз нұсқасын баяндады. Айта кетейік, Сұлтан Сәрсемалиев қаза тапқандардың күйеу баласы болған.
"Мен жасаған қылмысым үшін жауапкершілікке, кез келген жазаға – мейлі ол өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру болсын, дайынмын. Барлық әрекетімнің басты себебі – некемді бұзуға бағытталған өзіме және отбасыма қатысты қылмыстық қолсұғушылықтарға қасақана жауап бергенім деп есептеймін", - деді сотталушы.
Сәрсемалиевтің айтуынша, жанжал отбасылық келіспеушіліктер мен жұбайының туыстарының араласуы салдарынан басталған.
"Әйеліммен 10 жыл бірге тұрдық. Егер арамызда үлкен келіспеушіліктер болса, бес баламыз болмас еді және сонша уақыт бірге тұрмас едік. Алайда әйелімнің отбасы біздің қарым-қатынасымызға шектен тыс әрі негізсіз араласып, әйелім екеуміздің арамызға іріткі салды", - деді сотталушы.

Сәрсемалиевтің айтуынша, жанжалдарға қарамастан, ол әйелімен бірге тұруды жалғастырған, бірақ оның сөзінше, жұбайының туыстары тарапынан қысым тоқтамаған.
"Әйелімді менен тартып алып, бес баламды "саған да жоқ, әке-шешеңе де жоқ" деп, өз балаларыммен өзімді бопсалады", - деді ол.
Оның айтуынша, жиналып қалған жағдайлар қатты эмоционалдық және психологиялық қажуға әкеп соқтырған.


