Жапаров – суперпрезидент

Oinet.kz 14-05-2026

«Қырғызстанда қанша президент болса, сонша Конституция бар» деген сөз көп айтылады. Бұл сөз бекер айтылмаған. Шынында да, тәуелсіздік алғалы бері бұл елде Ата заң 12 рет өзгеріп, әр кезеңде биліктің ыңғайына қарай қайта жазылып отырды.

437096.jpg

1993 жылы қабылданған алғашқы Конституция қырғыз мемлекеттілігінің іргетасын қалады. Сол кезде елде классикалық президенттік модель орнығып, Президент екі мерзімнен артық сайланбауы тиіс деген шектеу енгізілді. Парламент сайланып, үкімет тағайындалатын жүйе қалыптасты. Бастапқыда бұл тұрақты әрі түсінікті саяси жүйе сияқты көрінді. Бірақ көп ұзамай саяси шындық бұл жүйенің әлсіз тұстарын көрсете бастады.

1990 жылдардың ортасынан бастап Конституцияға өзгерістер енгізу үрдісі жиілеп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік бұзыла түсті. 1997 және 2001 жылдардағы референдумдар биліктің өкілеттіктерін кеңейтіп, Парламенттің рөлін әлсіретті. 2003 жылы сол кездегі Президент Асқар Ақаев Конституциялық реформа арқылы өз мерзімдерін «нөлдеп», қайта сайлануға мүмкіндік алды. 

Сол кезеңде Парламенттің құрылымы да бірнеше рет өзгертіліп, саяси жүйе билікке ыңғайлы форматқа көшірілді. Нәтижесінде саяси алаңда бәсекелестік әлсіреп, элиталық топтардың ықпалы күшейді. 2005 жылғы парламенттік сайлау президенттік отбасы мен оған жақын күштердің жеңісімен аяқталғанда, қоғамның наразылығы шегіне жетті. 24 наурызда басталған жаппай наразылықтар Қызғалдақ төңкерісі ретінде тарихқа еніп, Ақаев елден кетуге мәжбүр болды.

Оның орнын басқан Құрманбек Бакиев билікке демократиялық өзгерістер уәдесімен келгенімен, көп ұзамай өзі де Конституцияны саяси құралға айналдырды. 2006 жылы парламенттік республикаға көшу туралы жаңа заң қабылданды, бірақ арада бір ай өтпей жатып, қайтадан президенттік өкілеттіктер күшейтілді. 2010 жылғы сәуір оқиғалары Қырғызстан тарихындағы ең қанды кезеңдердің бірі болды. Билікке қарсы наразылықтар қарулы қақтығысқа ұласып, ондаған адам қаза тапты. Бакиев режимі құлады. Осыдан кейін Қырғызстан Орталық Азияда алғаш болып парламенттік республика моделін таңдады.

Жаңа жүйеде Парламент – Жоғарғы Кеңес (Жогорку Кенеш) – негізгі саяси институтқа айналып, Президенттің өкілеттігі шектелді. Бұл эксперимент аймақтағы демократиялық реформалардың символы ретінде бағаланды. Алайда іс жүзінде билік формалды нормалардан гөрі бейресми ықпалдарға сүйенді. Алмазбек Атамбаев кезеңінде президенттік институт әлсірегендей көрінгенімен, нақты билік оның қолында қалды.

Парламенттік жүйе он жыл ішінде тұрақты саяси мәдениет қалыптастыра алмады. Партиялық жүйе әлсіз, элиталар арасындағы келісімдер тұрақсыз болды. Соның салдарынан 2020 жылғы қазан айында сайлау нәтижесіне қарсы жаппай наразылықтар басталып, саяси дағдарыс тереңдеді. Президент Сооронбай Жээнбеков қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Осы вакуум кезінде саяси аренаға Садыр Жапаров шықты. Ол өзін тәртіп орнататын, жауапкершілікті жеке мойнына алатын көшбасы ретінде танытты. 2021 жылғы референдум нәтижесінде Қырғызстан қайтадан президенттік басқару формасына оралды.

Жаңа Конституция Президенттің өкілеттігін айтарлықтай кеңейтіп, іс жүзінде суперпрезиденттік жүйе қалыптастырды. Атқарушы билік толықтай мемлекет басшысының бақылауына өтті. Жапаров билігінің алғашқы жылдары саяси тұрақтылық орнатуға бағытталған қадамдармен қатар, билікті орталықтандыру үрдісі күшейгенін көрсетті. Саяси оппозиция әлсіреп, тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғамға қысым артты деген пікірлер жиі айтыла бастады. Бұл процесте ерекше рөл атқарып отырған тұлғалардың бірі – Қамшыбек Ташиев. Ол ұлттық қауіпсіздік құрылымдарын басқара отырып, билік жүйесіндегі ең ықпалды фигуралардың бірі болды. Жапаров–Ташиев тандемі алғашқыда қырғыз саясатының негізгі тірегіне айналды.

Дегенмен соңғы кезеңде Ташиевтің атына қатысты түрлі даулы ақпараттар тарауда. Кейбір деректерде оның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны, билік ішіндегі ықпал үшін күрес күшейгені айтылып жүр. Бұл жағдай билік элитасының ішінде қайшылықтар бар екенін көрсетеді. Егер мұндай тенденциялар тереңдей түссе, қазіргі саяси жүйенің тұрақтылығына қауіп төнуі мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, Жапаров үшін басты сынақ – тек билікті ұстап тұру емес, әртүрлі ықпал топтарының мүдделерін теңестіру. Егер бұл баланс сақталмаса, Қырғызстан тағы да саяси тұрақсыздыққа тап болуы мүмкін.

Ердоған бауырлас қазақ елінің көрсеткен құрметіне алғыс айтты
Ресей НАТО-мен соғысуы мүмкін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу