Талғарда әкесінің қабіріне құран бағыштауға барған жігітті пышақтап өлтіріп кетті
Алматы облысы Талғар ауданы Нұра ауылында 20 жастағы жігіт 24 жастағы ер адамды екі жерден пышақтап өлтірді. Марқұм ағасымен бірге әкесінің қабіріне құран оқып, зираттан қайтып келе жатқан. Оның артында екі кішкентай қызы қалды. Қыздарының бірі жуырда ғана бір жасқа толған.

Журналист Нұртай Лаханның мәліметінше, жанжал үш жігіттің көліктің барлық есігін ашып, жолды жауып тұрғанынан басталған. Марқұм өту үшін есіктерді жабуды сұраған, алайда оған әлгі үшеу дөрекі жауап қайтарған. Олар “керек болса айналып өт” деп жауап қайтарған. Марқұм жанжалдаспай үйіне қайтып кеткен. Алайда әлгі үшеу соңынан еріп келіп, жігіт көліктен шыққан сәтте оны өкпе тұсынан екі рет пышақтаған.
Полиция үш күдіктіні ұстады. Оларға қатысты “Адам өлтіру” және “Бұзақылық” баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, оқушылар арасында пышақ алып жүру жиілеген. Бұған дейін 7-сынып оқушысы сыныптасының аяғына пышақ сұққан жағдай болған. Тағы бір бала пышақтан қашып, өзге үйлердің ауласына тығылғаны айтылды.


