Түлкібастағы бүтіндей ауыл алкогольден жаппай бас тартты

Oinet.kz 11-05-2026

Түркістан облысында 80-ге жуық ауыл алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартқан. Мұндай шешімді тұрғындар жалпы жиналыстарда қабылдап, дүкен иелері спирттік ішімдіктерді сөрелерден алып тастаған. Бұл туралы "24KZ" арнасы хабарлайды.

Screenshot_4.jpg

Түркістан облысында 2024 жылы алкогольден бас тартқан ауылдар саны 30 болса, бүгінде 80-ге жеткен.

Солардың бірі – Түлкібас ауданындағы Жиенбай ауылы. Мұнда алкоголь сату үш жыл бұрын тоқтатылған. Шешімді тұрғындар өздері жалпы жиналыста қабылдаған.

“Бұл шешімді бізге ешкім міндеттеген жоқ. Жоғарыдан да ешкім күштемеді. Ақсақалдар да ешкімді мәжбүрлеген жоқ. Қазір жастар да сауатты, ненің жақсы, ненің жаман екенін өздері түсінеді. Бізге тек осы шешімге қуанып, тұрғындардың қолдауын көру ғана қалды”, – деді ауыл тұрғыны Жеңісбек Мақатов.

Жиенбай ауылының тәжірибесі Келтемашат ауылдық округіне үлгі болды. Кершетас пен Қоғалы ауылдары да алкогольсіз аумақ мәртебесін алған. Жергілікті кәсіпкер Бақтыбек Жаманқараев спирттік ішімдік сатудан он жыл бұрын-ақ бас тартқан. Оның айтуынша, бұл бастаманы басқа дүкен иелері де қолдаған.

“Дүкенді 2016 жылы аштық, шамамен он жыл болды жұмыс істеп келе жатырмыз. Алкоголь сатпау әкемнің шешімі болған. Ол әрдайым: "Адал саудада бәрібір береке болады" дейтін. Содан бері спирттік ішімдік сатпаймыз. Алдағы уақытта да сатуды жоспарламаймыз. Басқа дүкендер де осыны үлгі етсе деймін”, – деді кәсіпкер Бақтыбек Жаманқараев.

Түлкібас ауданындағы төрт ауыл алкогольден толық бас тартқан. Соның нәтижесінде соңғы бес жылда мұнда бірде-бір ауыр қылмыс тіркелмеген. Құқық қорғау органдарының айтуынша, мұндай ауылдарда қылмыс деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді.

Қазіргі таңда облыс бойынша көшбасшы – Мақтаарал ауданы. Мұнда 20 ауыл алкоголь сатудан бас тартқан. Сайрам ауданында 12 ауыл, Төлеби ауданында 9 ауыл бұл бастамаға қосылған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, мұндай ауылдардың саны әлі де артып келеді.

Режеп Тайып Ердоған Тоқаевтың шақыруымен Астанаға келеді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу