Келесі кезек Куба
Кубадағы экономикалық жағдай соңғы жылдары аса күрделі деңгейге жетіп, елдегі әлеуметтік жүйенің негізі саналатын азық-түлікпен қамтамасыз ету механизмін күйретудің алдында тұр.

Елдегі мемлекеттік субсидияланған азық-түлік жүйесі – la libreta – бұрын халықтың ең төменгі қажеттіліктерін қамтамасыз етіп келген еді. Алайда бүгінгі таңда бұл жүйе іс жүзінде өз қызметін толық атқара алмай отыр. Мемлекеттік дүкендердің сөрелері босап, ұсынылатын өнім көлемі күрт азайған.
Гавана тұрғындары сәуір айында тек аз мөлшерде күріш, қант және ноқат алған. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда бұл айтарлықтай төмен көрсеткіш. Халықтың басым бөлігі үшін бұл өнімдер күнделікті тіршілікке де жетпейді.
Көптеген кубалықтар қазіргі жағдайды тоқсаныншы жылдардағы дағдарыспен салыстырады. Бірақ олардың айтуынша, бүгінгі ахуал одан да ауыр. Себебі бұрынғы қиындықтар уақытша сипатта болса, қазіргі дағдарыстың нақты шешімі көрінбейді.
Дағдарыстың негізгі себептерінің бірі – елдің азық-түлік импортына тәуелділігі. Куба тұтынатын өнімдердің шамамен 80 пайызын сырттан алады. Ал мемлекетте бұл импортты қаржыландыратын қаражат жетіспейді.
2021 жылғы валюталық реформа да жағдайды ушықтырды. Ақша массасының шамадан тыс көбеюі инфляцияны күшейтіп, халықтың сатып алу қабілетін күрт төмендетті.
АҚШ санкциялары да Куба экономикасына айтарлықтай қысым жасап отыр. Сауда шектеулері елдің қаржы ағындарын азайтып, сыртқы нарықтарға шығуын қиындатты. Нарықтағы баға шарықтап кеткен. Орташа айлық жалақы шамамен 16 доллар болса, бір қорап жұмыртқа осы соманың үштен бірінен де қымбат. Халықтың көпшілігі күніне бір рет қана тамақтануға мәжбүр. Осы жағдайда Кубаның болашағы белгісіз күйде қалып отыр. Үкімет жаңа тиімді модель ұсына алмай отыр.
Ал халықаралық деңгейде жағдай одан да күрделене түсуі мүмкін. АҚШ-та билік басында отырған Дональд Трамп Кубаға қатысты қатаң саясат ұстанып келеді. Ол бұған дейін Иранмен байланысты қақтығыс аяқталды деп мәлімдегеннен кейін, Ақ үйде Кубаға қатысты әскери сценарийлер де қарастырыла бастағаны айтылуда. Бұл – тек экономикалық емес, геосаяси қауіптің де күшейгенін көрсетеді.
АҚШ-тың Кубаға әскери операция жасау ықтималдығы әзірге ресми түрде расталған жоқ. Алайда мұндай сценарийдің талқылануының өзі жағдайдың қаншалықты шиеленіскенін аңғартады. Егер мұндай қадам жасалса, ол тек Куба үшін емес, бүкіл Латын Америкасы аймағы үшін тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.


