Заңға бағынбаған жүргізушінің кесірінен шенеунік қызметінен кетті
Ақтөбе облысында полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы талабына бағынбай, қашуға әрекеттенген жүргізушінің видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Біршама уақыт өткен соң жүргізуші көлігін тоқтатып, тәртіп сақшыларымен сөзге келген. Сондай-ақ оның патрульдік көлікке отырудан бас тартқаны айтылды. Кейін анықталғандай, көлік тізгіндеген азамат Қарғалы ауданы әкімінің орынбасарының жүргізушісі болып шыққан. Ал шенеуніктің өзі көлікте жолаушы ретінде отырған.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жүргізуші полицияның заңды талабын орындамай, оқиға орнынан кетуге тырысқан. Бұдан бөлек, ол қызметкерлерге қарсылық танытып, олардың өз міндеттерін атқаруына кедергі келтірген.
Ведомствоның хабарлауынша, жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар оқиға кезінде аудан әкімінің орынбасары көлікте болғаны расталды. Алайда бейнежазбаны тексеру барысында оның қоғамдық тәртіпті бұзғанын дәлелдейтін айғақтар анықталмаған. Соған қарамастан, іс материалдары тиісті мемлекеттік органға процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданған.
Кейін Ақтөбе облысы әкімдігі Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары қызметінен өз еркімен кету туралы өтініш бергенін мәлімдеді.
Әкімдік таратқан ақпаратта бейнежазбада бұрынғы әкім орынбасарының жүргізушісі көрсетілгені айтылған. Сондай-ақ шенеуніктің кінәсі дәлелденбесе де, ол қызметінен кету туралы шешімді өзі қабылдағаны хабарланды. Ал жүргізуші полицияның көлікті тоқтату жөніндегі заңды талабын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қызметінен кеткен әкім орынбасарының есімі жария етілмеді.


