Шымкенттік шенеуніктер Таразда сотталып жатыр

Oinet.kz 13-05-2026

Тараз қалалық сотында Шымкент қаласының бас сәулетшісі Арман Әбдешовке және Тараз қаласының бұрынғы бас сәулетшісі Алмасбек Бобеевке, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы  Нұрбол Жүнісбековке, сондай-ақ кәсіпкерлер Нұрбол Нұртаев пен Қасиет Тәшімбетовке қатысты қылмыстық істі қарау қайта басталды.

2E3UkUf2ihqk7M7BJvGy6F5CYvHUZ00azIc0O8CP.jpg_width=1200Xheight=autoXtype=1.jpg

Бұған дейін жазғанымыздай, бес айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету) бойынша айып тағылған. Кәсіпкер Нұрбол Нұртаев бұдан бөлек 218-баптың 3-бөлігі (қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті ірі мөлшерде заңдастыру (жылыстату)  бойынша да жауап беруде.

Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовтің «бөтеннің мүлкін заңсыз иемденді» деген күдікке іліккені ақпарат құралдарында былтыр жазда пайда болған еді. Артынша мұны құзырлы органдар  растады. Арман Әбдешов Түркістан облысының тумасы. Ұзақ жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасында істеген. 2018 жылы Әулие ата өңіріне қызмет ауыстырып, Жамбыл облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысына дейін өскен.  2022 жылдың қазанынан 2023 жылғы желтоқсанға дейін Тараз қаласының бас сәулетшісі болған.  Әбдешов былтыр ақпанда Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған. Оған дейін басқарма басшысының орынбасары болған.

Әбдешовтің тұтқындалуынан кейін артынша, Шымкент қалалық  тұрғын үй басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің ұсталғаны туралы ақпарат шықты. Н.Жүнісбеков 2023 жылдан бастап Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы лауазымын атқарған (осы кезде Арман Әбдешов оның орынбасары болған). Былтыр жыл басында басқарма екіге бөлінді. А.Әбдешов сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы,  Н.Жүнісбеков жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Наурызда Жүнісбеков қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы лауазымына ауысады.

Бес айыпталушыға қатысты қылмыстық іс Тараз қалалық сотына биыл жыл басында түскен болатын. Алайда сот айыпталушыларға қатысты процестік заңдылықтардың бұзылуына байланысты істі қайтадан прокуратураға қайтарған еді.

Міне, өткен аптада Тараз қалалық соты сәулетшілер мен кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істі қарауды қайта бастады. Алайда бір қызығы, «Сот кабинетінде» бұл іс құпияланған. Базадағы істерді ашық жарияламау әдетте жыныстық сипаттағы немесе мемлекеттік құпиясы бар   істерде қолданылады. Ал шымкенттік шенеуніктердің ісінде не құпия бар? Оларды неге Таразда соттап жатыр? Бұл сұрақтарға әзірге жауап табылмай тұр. 

Нәлібаевты не күтіп тұр? Әйгілі әулеттің ықпалы күшейіп келеді
«Әділет» кімнің саяси жобасы?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу