Қайын атасынан зорлық көрген 20 жасар келіншек пен күйеуі полицияға арыз жазған
Қырғызстан Республикасының омбудсмені Джамиля Джаманбаева 20 жастағы жас әйелмен кездесті. Жәбірленуші әйелді қайын атасы зорлаған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Todayinfo.kz-ке сілтеме жасап.
Омбудсменнің мәліметінше, әйел алғаш рет зорлыққа ұшырағанын 2024 жылы үйленгеннен кейін баяндаған. Ер адам оған пышақпен қауіп төндірген.
«Зорлық әрекеттері бір жыл бойы жүйелі түрде қайталанған. Ал күйеуінің анасы (өгей) бұл жағдайға көз жұма қарап, ешқандай шара қолданбаған. Келіні жүкті болып, сәуірдің 11-інде босанған, бірақ ауруханадан шыққаннан кейін 15 күн өтпей, қайын атасы қайтадан зорлық пен қоқан-лоқы арқылы оған шабуыл жасаған. Жәбірленуші бұл туралы күйеуіне тек мамыр айында айтқан. Жігіт болған жағдайды білген соң әкесімен сөзге келген, алайда 51 жастағы И.Э. баласын ұрып-соққан. Бұдан кейін қайын атасы оларды 10 күндік дала жұмыстарына жіберген. Ал жас жұп кейін Ыстықкөл аймағына қашып кеткен. Бірақ бала қайын атасының қолында қалған», – делінген хабарламада.
Ыстықкөлде азаматтардың көмегімен жас жұп Қаракөл қаласының полиция бөліміне өтініш білдірген. Олар кейін Бішкектегі Ленин аудандық ішкі істер бөліміне жіберілген. Зорлық туралы өтінішті олар шілде айының соңында жазған.
Полиция Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 154-бабы («Зорлау») бойынша қылмыстық іс қозғаған. Күдікті 16 тамызда ұсталған.
Жас жұптың айтуынша, олар баласын отбасының қолынан алу үшін дағдарыс орталығына жүгінген. Орталық қызметкерлері баланың өте әлсірегенін анықтап, оның жылауға да шамасы келмегенін атап өткен. Бала жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімшесіне жатқызылған. Алайда бала көп ұзамай көз жұмған. Бала өлімі бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалған, бірақ қазір нәтижелер әлі алынған жоқ.
Акыйкатшы институтының хабарлауынша, Джамиля Джаманбаева жас жұпқа тегін заңдық, психологиялық және медициналық көмек көрсету үшін тиісті органдарға ресми хат жолдаған.
Акыйкатшы уәкілетті мемлекеттік органдардан зардап шеккен адамның құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ істі толық әрі объективті тексеруді талап етеді.