Генерал Қожаевтан да қайран болмады

Oinet.kz 20-05-2026

Screenshot_1.png

 Шымкенттің полициясы тағы да елді шулатып жатыр. Мегаполисте Полиция департаментіне қарасты уақытша ұстау абақтысына жеткізілген 23 жастағы бойжеткен қайтыс болды. Бұл туралы қазір қоғамда әрқилы пікірлер айтылып, қарама-қайшы мәлімдемелер жасалып жатыр. Шымкент қаласының Полиция департаменті бойжеткеннің жасөспірімге пышақ жарақатын салды деген күдікпен қамалғанын жария етті. Ал кейбір деректерге қарағанда,  ол өзін зорлық-зомбылықтан қорғамақ болған. Бірақ азаматшаның нақты неден қайтыс болғанына қатысты осы уақытқа дейін жартымды мәлімет таратылмады. Полиция департаментінің бұл туралы үндемеуі күдікті күшейтіп отыр.

       Жалпы, Шымкентте күдіктілердің полицияға тиесілі ғимаратта жантәсілім етуі бірінші рет кездесіп отырған жағдай емес. Соңғы кездері үшінші мегаполистегі тәртіп сақшыларының өз іштерінде де қылмыс көбейді. Қызметтік міндетіне салғырт қарау, арыздар бойынша әрекет етпеу фактілері жиілегендіктен биыл жыл басында Шымкент полициясының басшылығында кадрлық тазалаулар жүргізілген еді.

Бірақ мегаполистегі жағдайды қалыпқа келтіреді, тәртіпті қамтамасыз етеді деген генерал Мұхтар Қожаевтан да қайран болмаған сыңайлы.

    Еске түсіріп көрейік,  жыл басында Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасы резонанс тудырды. Сол кезде  «Рейтинг» газетінде жазғанымыздай, 21 жастағы бойжеткеннің бұрыннан мазалап жүрген жігіттің қолынан қаза тапқаны, оның алдында алып қашу мен сталкингтің құраны болғаны, полицияға арызданғанымен, пәрменді әрекеттің болмағаны қоғамның ашу-ызасын туғызды. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіні шарлап, жұртшылық құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне қатты шүйлікті. Бұл іс қарапайым қылмыстық оқиға шеңберінен шығып, мемлекеттік деңгейдегі мәселе ретінде қаралды. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдағы сөзінде бұған арнайы тоқталып, құқық қорғау жүйесінің салғырттығын сынға алды. Осыдан кейін Шымкент қаласы Полиция департаментінің сол кездегі бастығы, полковник Нұрлан Алмасбеков, оның бірінші орынбасары, полковник Құрманбек Сахов және Қаратау аудандық полиция басқармасының бірқатар басшылары қызметтерінен кеткен.

Ақпанның басында Алмасбековтің орнын генерал Мұхтар Қожаев басты. Оның еңбек жолы өте бай. Ішкі істер органдарындағы қызметін қарапайым тергеушіліктен бастап, түрлі жауапты лауазымдарда шыңдалған, министрліктің орталық аппаратында да, өңірлік құрылымдарда да жұмыс істеген. Тергеу саласының кәсіби маманы ретінде танылған. Шымкентке дейін министрліктің құрамындағы тергеу департаментіне жетекшілік еткен. Полиция генерал-майоры.  Шымкент сияқты күрделі мегаполисте тәртіп орнататын білікті басшы келді деген едік. Алайда Қожаевтың  тарапынан әзірге қауқар байқалмай жатқаны жасырын емес. «Бәрі баяғы жартас – сол жартас».  Мегаполисте лауазымды шенділердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасап сотталуы да тыйылмай тұр.

        Шымкент полициясындағы былықтың тамыры тереңде жатқаны былтыр-ақ байқалған. Мегаполистегі екі бірдей аудандық полиция басқармасының басшысы сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталды.

Солардың бірі әл-Фараби аудандық полиция басқармасының басшысы Нұржан Тілеуовтің ісі  қоғамда қым-қиғаш пікірлер тудырды. Бұл істі ҰҚК әдейі ұйымдастыруы мүмкін деген күдіктің барын, арызданушының сотта біраз шындықты айтқанын, пара ретінде берілген қаражаттың бір бөлігінің жоғалып кеткенін біз «Рейтинг» газетінде тереңірек жазғанбыз. Алайда Тілеуовтің пара алғанын дәлелдейтін басты айғақ – арызданушымен арадағы аудиожазбалар. Сот осы айғаққа сүйене отырып, биыл ақпанда оны алты жылға бас бостандығынан айырды.

Жуырда Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұдан бөлек қазір тағы бір полиция басқармасының басшысына қатысты іс тергеліп жатыр. Ол да сыбайлас жемқорлықпен байланысты. Ал міне, жуырда мегаполисте тағы бір полковникке сот үкімі шықты.

       Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жуырда Шымкент қаласы Полиция департаментіне қарасты көші-қон полициясы басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Сембаевқа қатысты үкім шығарды. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, биыл ақпанда көші-қон полициясы келімсектерге қарсы  арнайы іс-шара өткізген. Осы шара барасында Өзбекстаннан келген жұмысшылар еңбек ететін шлакоблок құятын заңсыз орын анықталады. Тәртіп сақшылары жұмысшылардың құжаттарын алып, өздерін әкімшілік жауапқа тартады. Заңсыз кәсіпорынның қожайынына да қауіп төнеді. Тергеу, анықтау жұмыстары наурызға дейін созылады. 

      Қысқасы, ақыр соңында полковник мәселені оң шешу үшін 1000 дана шлакоблок алуға келіскен. Оның нарықтық құны шамамен 142 мың  теңгені құраған. Кәсіпкер бұл жөнінде ҰҚК-ға арызданады. Арнайы операция ұйымдастырылады.

Бір қызығы, ҰҚК 1 сәуір күні полковниктің үйіне жеткізілген шлакоблоктарға «пара» деп арнайы белгі соққан. Әдетте мұндай жағдай пара ретінде берілетін ақшаларға салынушы еді. Құрылыс материалдарының да пара ретінде қарастырылуы бірінші рет кездесіп отыр.

      Сембаев кінәсін толық мойындаған. Сот оны  екі жылға бас бостандығынан, полковник шенінен, мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырды. Үкім әлі күшіне енген жоқ.

     Әрине, қылмыс жасаған адам тиісті жауапқа тартылады. Бірақ қоғамды мазалайтын сұрақ басқа: Шымкентте неге мұндай фактілер тоқтамай тұр? Нұрай Серікбайдың өлімінен кейінгі кадрлық тазалау,  жемқорлық даулары, жаңа басшының келуі... Осы жағдайлардан шымкенттік тәртіп сақшылары неге сабақ алмады? Неге нәтиже жоқ?

Қожаев былыққа батқан Шымкент полициясын ретке келтіре ала ма?

«Рейтинг» газеті, 20 мамыр 2026 жыл.


Үтік пен шанышқыны қыздырып басқан: Шымкентте балаларына қатыгездік көрсеткен ана жазаланды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу