Президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатса, елді уақытша кім басқарады?

Oinet.kz 20-05-2026

Қазақстанда президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның міндетін уақытша атқару және кезектен тыс сайлау өткізу тәртібі заңмен нақты белгіленген. Мұны Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мәлімдеді.

kz1-4703-2.jpg

Депутат Айдос Сарым президент өкілеттігін жан-жақты түсіндіріп берді.

“Егер Президент қызметінен кетсе, оның өкілеттігі тоқтатылады. Мемлекет басшысының міндетін уақытша атқарудың заңда белгіленген тәртібі іске қосылады. Президент денсаулығына байланысты өз міндетін атқара алмаса немесе қайтыс болған жағдайда кезектен тыс президент сайлауы тағайындалады. Елде нақты механизм қарастырылған. Ең алдымен президент міндетін уақытша атқара алатын үш тұлға бар: вице-президент, Құрылтай төрағасы және үкімет басшысы”, – деді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, кандидаттар арасында басымдық жоқ, тек кезектілік тәртібі сақталады.

“Мысалы, президент өз функцияларын орындай алмайтынын мәлімдесе, мәселе кезек бойынша қаралады. Егер вице-президент бас тартса, өкілеттік Құрылтай төрағасына өтеді. Ол да бас тартқан жағдайда премьер-министрге беріледі. Осы тұлғалардың бірі президент міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалады. Бұл өтпелі кезеңге арналған уақытша мәртебе. Егер бұл вице-президент немесе басқа лауазымды тұлға болса, барлық рәсім 7 күн ішінде аяқталуға тиіс. Осыдан кейін ол бұрынғы қызметінен кетеді”, – деді депутат.

Айдос Сарым уақытша президент міндетін атқарушы тағайындалған соң елде міндетті түрде сайлау өтетінін айтты.

“Екі ай ішінде міндетті түрде жаңа президент сайлауы өткізіледі. Мұндай тұлға тек заңдылықты, тұрақтылықты және сайлаудың өтуін қамтамасыз етеді. Ол толыққанды президент болмайды, тек мемлекеттік биліктің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету функциясын атқарады. Кандидаттар арасында “басымдық” жоқ, тек кезектілік бар. Тіпті күрделі жағдайлардың өзінде ресми және бейресми консультациялар қарастырылған”, – деді депутат.

Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге сыйлық беруге қатысты пікір білдірді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу