Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге сыйлық беруге қатысты пікір білдірді

Oinet.kz 20-05-2026

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда мұғалімдерге мәжбүрлі түрде сыйлық жинау заңға қайшы екенін айтты. Алайда оның сөзінше, ұстаздарға гүл сыйлап, алғыс білдіруді қоғамдағы үлкен мәселеге айналдыру орынсыз. 

62e10d8369e9d203257304.jpg

Асхат Аймағамбетов мектеп мұғалімдеріне көлік немесе пәтер сыйлау жаппай құбылыс емес екенін айтып, бұл мәселені әсірелемеуге шақырды.

"Мұғалімдерге жаппай көлік не пәтер сыйлап жатыр дегенді көріп отырған жоқпын. Сондықтан мұны үлкен проблема ретінде көрсетудің қаншалықты дұрыс екенін айту қиын", – деді депутат парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі кулуарда.

Оның айтуынша, заң бойынша мұғалімдерге сыйлық алу үшін ата-аналардан ақша жинауға болмайды. Бұл талап арнайы министрлік бұйрығында да көрсетілген.

"Ешкім ата-аналарды мұғалімге сыйлық беруге міндеттей алмайды. Бірақ кейбір ата-аналар символикалық түрде гүл сыйлап, ашықхат беріп, алғыс айтып жатады. Мұны да “сыйлық” деп қабылдауға болады. Егер “гүл сыйламаңдар, рақмет айтпаңдар” десек, онда қоғам қайда барады?" – деді Аймағамбетов.

Депутат ұстаз еңбегін құрметтеу, алғыс айту мен 1 қыркүйекте гүл сыйлаудан ешқандай сөкеттік көрмейтінін жеткізді. Сонымен қатар ол ата-аналар чаттарында ақша жинау бастамасы көбіне ата-аналардың өздерінен шығатынын атап өтті.

"Бір ата-ана чатқа жазып, белгілі бір күнге ақша жинауды ұсынады. Содан кейін басқа ата-аналар ыңғайсыздық сезінеді. Баласына деген қарым-қатынас өзгеріп кете ме деп алаңдайды. Мұндай жағдайлар бар. Бірақ оны мұғалім талап етіп отырған жоқ, мектеп ұйымдастырмайды. Бұл – ата-аналардың өз шешімі", – деді мәжілісмен.

Қазақстандық әйел өзін Бельгияның консулы ұрып-соқты деп шағымданды
Президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатса, елді уақытша кім басқарады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу