Валентин ағай (Әңгіме)
Бүгінде дін өте нәзік, өте өзекті тақырып. Дін - алмас қылыштай. Дұрыс түсінбесеңіз, дұрыс пайдаланбасаңыз қиып түседі. Сондықтан да дінге келгенде өте абай болған абзал. Осыған байланысты көптеген жазушылар дін тақырыбына жолағысы келмейді. Қорқады. Әрине білімі жетіспеген нәрсеге расында да ой пішіп келмеген жөн.
Ахметжан Өзбеков осы тақырыпта қорықпай қалам тербеп, оқырманға жұп-жұмыр дүниесін ұсынып отыр. Тақырыпты "Валентин ағай" деп алып, дін туралы жазады. Бірінші сөйлем "бүгін оразаның соңғы күні" деп басталады. Тақырыпқа бір қарап, бірінші сөйлемге бір қарап қызығушылығыңыз оянады. Көбіне басқа дін өкіліне тән есім мұсылмандардың мерекесінде не істеп жүр деп әңгіменің қызығына қалай кіріп кеткеніңізді байқамай қаласыз. Әңгіме ұзақтау көрінгенімен тез оқылады. Тілге жеңіл, көңілге қонымды.
Қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын осындай қуатты шығармалар көп бола берсін деп тілейміз. Авторға сәттілік тілейміз!
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, журналист.
ВАЛЕНТИН АҒАЙ
(Әңгіме)
Бүгін оразаның соңғы күні. Ескі жекжаты Оразбайдың үйіне Валентин ағайдың келе жатқан беті еді. Қызыл іңір кірген шақта үлкен қақпаның алдында бес-алты адам шылым шегіп тұр екен. Араларында бөтен ешкім жоқ. Бәрі Валентин ағайдың бұрыннан білетін адамдары. Шетінен бір-бірінен өткен байлар. Үй егесі генерал Оразбай – Қорғас бекетінің бастығы. Телефонмен сөйлесіп тұрған мұртты Манарбек спорт департаментінің дөкейі. Ұзын бойлы Әнуарбек ғылыми-зерттеу институтының бас онкологы. Қызметі жоғы мылжың Мұрат қана. Бірақ оның баласы банкир.
Амандасқан соң мылжың Мұрат:
– Валентин ағай, биыл да ораза тұттыңыз ба? – деп қадала кетті.
– Бұл кісі тақуа ғой, жылда ұстайды, – деп мұның орнына Оразбай жауап берді.
– Біздікі енді денсаулық үшін диеталық ораза ғой, өзіңіз ше, ұстадыңыз ба?
– Иә, ұстадым. Бірақ сендердікіндей емес, менікі кеш батқаннан, таң атқанға дейін.
Мылжың Мұраттың жауабына бәрі күліп жатты. «Ой, Мәке! Қатырасыз! Ай, Мәкең-ай!» – деп басын шайқап күлген сайын денелі Оразбайдың беті бүлкілдеп, былқылдаған бөксесі дірілдеп кетті. Ақшаның буы ма, мансаптың дуы ма Оразбайдың даусы дөнен қошқардыкіндей гүрілдеп шығады. Мынандай зәулім үй, анандай беделге осындай дауыс қана жарасатын сияқты. Көшенің бойынан бұрып алған тұйыққа үлкен-үлкен төрт-ақ үй орналасқан. Біреуі әлі толық бітпепті. Шатырын енді жауып жатыр екен. Талғаммен бой көтерген зәулім үйге қарап Валентин ағай:
– Көршің не қызмет істейді? – деп сұрады иегімен сол жақты нұсқап.
– А, бұл – Батыр деген сантехник қой. Горводоканалда диспетчер.
– Диспетчердің үйі мынау болса, бастығыныңкі қандай? – Бұл мылжың Мұраттың сұрағы.
– Арғы үш қабаттысы бастығыныңкі.
– Түсінікті болды. Алматыда соңғы кезде судың тарифы неге жиі көтеріледі десем, диспетчер мен бастығы үй соғып жатыр екен ғой, – деп Манарбек мұртынан күлді.
«Поой!» деп мылжың Мұрат тасбақаныкіндей мыж- мыж мойнын құрылысы көз арбаған үйге созып ұзақ қарады.
– Жігіттер! Ішке кірейік! Бізге бәрібір, аузымыз ашық. Валентин ағайдан ұят болады, – деп Оразбай қонақтарын ішке шақырды.
Қақпадан кіреберістегі биік көтерілген жүзімдіктің астындағы салбырап тұрған мәуелері жарыққа шағылысып, көз тартады. Жүзімдікті жағалай жапырақтары жалп-жалп етіп, қисайта егілген інжір талдары тұр. Арғы жағындағы майда жапырақты мәстек талдардан албыраған алқызыл анарлар көрінеді. Аласа алма ағаштардың арасындағы иісі бұрқыраған майсаға жайылған көк кілемге құрақ көрпе төселіп, жиегіне жағалай мамық, қыжым жастықтар қойылған. Бүйірімен ұштап қойған жастықтар жарасып-ақ тұр. «Тамақ ішіп болған соң, тамыздың бұл тамаша түнінде табиғат аясында таң атқанша карта тастайтын болдық- ау» деп, бәрі тамсанып табалдырыққа аяқ киімдерін шешіп жатты.
Ажарлы дастарқанда отырғандар ашығып көрмеген кекірігі қою, кілең кердеңдер. Төрде отырған саусақтары сосискидей семіз әйел Оразбайдың қайынбикесі. Шашын көтеріп «Барбидің анасындай» боп боянғаны жарасса Құдай ұрсын! Сол түрімен буаз ит құсап бұлғақтайтынын қайтесің.
Жиналғандар қызметтес, я, руластар емес, әр саланың алпауыттары. Бір-бірін біраз жылдан бері біледі. Ата-тектері түгілі кімде қанша ақша бар екені өз-өздеріне мәлім.
Ең төрдегі төрт орындық желкелігіне дейін столға тақалып тұр. Демек, тағы бір сыйлы кісілер келеді. Кіргеннен сөз көкпары мылжың Мұраттың тақымында. Кез келген жерінен керекті адам бөліп кетсе де өкпелейтін бұл жоқ. Қара құлдай қайыспас көңілді аямай-ақ беріпті бұл бейшараға. Оразбай тағы келетін адамдарға алаңдап, қонақтарға «алыңдар, жеңдер» деп қойып, сыртқа кіріп-шығып, жүр.
Бір уақытта Асекең мен Темағаңдар келді. Асекең – Қазақстанда өте беделді адам. Шетелдікі бар, өзіміздікі бар көптеген киноларға түскен. Темағаң да дәл сондай. Атақ-даңқы Асекеңнен кем емес – режиссер. Сексенге таяп қалса да әлі кино түсіреді. Екеуін де ел сыртынан «отдел» кадр дейді. Бұлар бірігіп қос бүйірден тигенде анау-мынау министрлеріңді шайқап жібереді. Басқасы-басқа бұл екеуін бедел, билік, байлығыңмен таңғалдыра алмайсың. «Бүгін не киесің?» деп бір-бірімен келісіп шыққан ба? Асекең сарғалдақтай сап-сары көйлек, Темағаң қызғалдақтай қанқызыл көйлек киіпті. Әйелдері де Еуропаның кексе қатындарыныңкідей жиегіне күнқағар тор жүргізген жасыл шляпа киіп, мойындарына жұқа шәлі байлапты. Әжімдері көрінбесін деген амалдары болса керек. Бұл әртіс дегендеріңе бәрі жараса береді ғой, көзге еш сөкет көрініп тұрған жоқ. Еркектер тұрып қосқолдап амандасып, әйелдер еріндерінің ұшымен сүйісіп, қошеметтеп сән-салтанатымен төрге шығарып, жайғастырды.
Дастарқандағы тағамдар да талғаммен қойылған. «Бос жер болмасын» деп көрнекілікке қызмет етіп тұрған ыдыс жоқ. Алақандай бір хрусталь ішінен үшке бөлініп, таңқурай, құлпынай, жаңғақтың балқайнағы мөлдіретіп, толтырмай салынған. Қасындағы тәрелкідегі тіске жұмсақ құймақ та, буы бұрқыраған бауырсақ та әлгінде ғана оттан алынғаны анық.
Қонақтар жайғасып болғанда Оразбай:
– Ал, Асеке! Өткен жолы бәріміз теледидардан көріп қатты қуандық! Құтты болсын айтып, барып шығамыз деп едік шетелде жүріп алдыңыз. Президенттің қолынан алған орденіңіз құтты болсын! Тағып келгеніңізде ұстап көретін едік. Патшамыздың қолынан алдыңыз ғой қанша дегенмен деді.
Асекеңнің түрінен масаттанудың еш нышаны білінбейді. Мақтау, марапат дегеніңе еті өліп кеткен- ау! Алдынала дайындап қойған болуы керек, Оразбай әйеліне бір қарағаны сол еді, лып еткізіп барып, арғы бөлмеден бір конвертті күйеуіне бере қойды.
– А, Асеке! Мынау көрімдігіңіз! – деп қолына ұстатты. Мұндай сәтті мылжың Мұрат жіберсін бе?
– Оу, Асеке! Анау конверттің ішінде құлын-тайы бар бір үйір жылқы кісінеп тұр ғой. Пой, деген!
Бәрі жымыңдап конверттен көз алмай тұрғанда Асекең қарлыққан даусымен:
– Рақмет! Айналайын, Оразбай! – деп саусақтарымен бүйірі бұлтиған конвертті сыртынан ұстап көріп,
– Қанша екен деп тұрсыңдар ғой. Теңге болса аз, доллар болса көп! – деп әйеліне беріп жатты.
Мылжың Мұрат тағы да:
– Асеке, марапатталып жатқаныңызды бәріміз теледидардан көрдік қой. Президент омырауыңызға орденді өзі тағып тұрып, құлағыңызға бірдеңе деп еді, сіз күлдіңіз. Сонда не деді, секрет болмаса айтыңызшы. «Мырс-мырс» еткен күлкілерді үзген Манарбек:
– Маке, мергендей мүлт жібермейсіз ғой, я деп қалды. Бәрі Асекеңе назар тіктеп Президенттің не айтқанын естігісі келіп өліп барады. Ақорда бұлардың бет түзейтін құбыласы ғой, енді қайтсін.
– А, бірдеңе деп пе еді? Есімде жоқ?! – деп Асекең иығын сәл қиқаң еткізе салды. Бұл қылығы отырғандарды одан бетер өзіне тәнті ете түсті.
– Поой! Ас еке! Ірісіз ғой! Әгәрәки мен Президентіміздің қолынан орден алып, ол кісі сол сәтте маған сыбырласа, өлгенімше ұмытпас едім, не дегенін!
Сүт қатқан қою шаймен сыпсың-сыпсың сұйық әңгіменің тиегі ағытылды. Қоян мен қырғауылдың қақталған сүр еті, бөдененің былбырап буға піскен қуырдағы келді тағы. Оразбай білегін сыбанып, қырғауылдың бүтін етін бұтарлап жатқанда әйелі телефонын алып келді. Сондай программа енгізген болуы керек, сымсыз телефоннан әуеннің орнына «Жолдас генерал, баяндауға рұқсат етіңіз!» деген сөздер қайталанып тұрды. Май саусақтарын сүртуге ерініп, әйеліне – тетікті ашып, даусын көтерші – деп, қолынан қырғауыл етін тастамаған күйі сөйлесуге ыңғайлана беріп, отырғандарға «Бұл Шымкенттегі кеденнің бастығы Сәкен сұм ғой» деп жатқанда арғы жақтан «Ассаламу алейкум уа рахматуллахи уа баракатух!» деген сұңқардыкіндей дауыс саңқылдап естілді. Бұл: Өй, жайшылық па? Ол: Енді анау үш әріп естіп тұр ма, деп сақтанып жатқаным ғой!
Оразбай кеденге кіргелі бері кей түндерде шошып оянатын әдет тапқан. Түсінде КНБ-ның адамдары кабинетіне сау етіп кіріп келе жатады. Бұлар өзара КНБ-ны үш әріп деп атайды. Атын атауға қорқады.
Қолының май екенін елемей бұл «Не дейд!» деді да әйелінен телефонды жалма-жан жұлып алып «Үш әрібі несі тағы!». Ол: Бірден мұны түсіне қойып «Кешіріңіз, жолдас генерал! Үш әріп деген ЖЫН-ғой!» Бұл «Жыны несі! Жынданғансың ба?» Ол: Кешіріңіз! Кінә менен! Екі адам сөйлессе солар естіп, ортаға от салады деп жатыр ғой! Айып етпеңіз! Өзіміздікілерді шақырып ауызашар беріп жатырмын. Сол сіздерді құттықтап қояйын деп. Бұл: Сабасына түсіп «Рақмет! Қабыл болсын ниеттерің!» Ол: «Бүгін бір керемет күн болды! Біз жақтағы ашық ауыздар бекітіліп, бекіткендер намазға жығылып жатыр шетінен! Қазір ғана өңшең пагондылар сапқа тұрып намаз оқыдық. Азаншы да арамыздан шықты! Тәспі тартып біткенде сізге звондап жатқаным. Өткендегі шейхтар бар ғой, Мұхтархан қажы мен Омар ғалым. Сол екеуі екі сағаттың ішінде опыр-топыр намазға жықты ғой бәрін!» Бұл: «Өйдойт деген! Жақсысыңдар ғой онда! Біз мұнда ауызашарға жиналып алып, Құран оқу түгілі бата қайыратын адам таппай, өсек айтып отырсақ. Ол жігіттердің уағызын тыңдап жүрміз ғой. Сәті келіп тұрғанда көрейік онда. Как раз Мәкеңнің де жауабы табылмай жүрген сұрақтары көп. Бұл кісіні де намазға жығып кетсе әжеп емес». Қабырғадағы сағатқа қарап «Қазір сағат жетіден қырық кетті. Жиырма минутта әуежайға жетсе, таак! Сегізде ұшаққа отырса, 40 минутта Алматыда болады. Онда былай! Тап қазір оларды ұшаққа отырғызасың! Марат күтіп алады! Осымен сөз бітті! Ол: Так точно товарищ генерал! Ваш приказ будет выполнен!» Олар уже сіз жаққа шығып кетті! Хи-хи-хи! Арғы жақтан күлкі естілді.
Жүргізуші екі молданы аэропорттың зәулім залынан күтіп алды. Келген бойда амандасып,
– Оразбай ағаның үйіне келе жатырсыздар ма? Менің есімім – Марат. Ағаның көмекшісімін, – деді де, бұлардың сөмкелерін бір қолымен ұстап алға түсті. Көбінесе Мұратхандарды күтіп алатын жүргізушілер қайта-қайта звондап әрең табатын, бұл жолы олай болмады. Екеуі де көліктің артқы жағындағы орындығына жайғасты. Мұратхан Омарға басын қисайтып үйге кіргендегі әңгімені өрбітудің жай-жапсарын сыбырлап жатып, жүргізушінің ақырын магнитафонның даусын бәсеңдеткенін байқап қалды. Байқаған бойда «Е, Жаратушы ием, бізге өзіңнің пәрменіңсіз ешкім зиян да, пайда да жасай алмайды» деген дұғаларды бірнеше мәрте қайталады.
Мініс көрмеген күліктей жарқыраған көліктер тұрған зәулім үйге екі молда жан-жағына жай көз тастап кіріп келе жатты. Мұндағы жиналған кілең мәдениетті меймандар мыналардай модный молдаларды тұңғыш көруі. Бұлар жылы қолдан жем жеген тотықұстай, той молдаларын өлім-жітімге, бейсенбілікке болмаса тірлікке бәтуә сұрауға іздеген емес. Оның үстіне жарнамалары да мықты болды бұлардың. Қылмысты көп жасайтын адамдардың басқалардан гөрі Құдайға жақынырақ келеді.
Түрлерінен тірлік тауқыметінің табы да, тұңғиық ойдың иірімі де байқалмайды. Абай өлеңіндегі «тоқ тіленшілерге» ұқсай ма, қалай? Сөздері момын болғанымен – көздері бұзық. Кіріп келгенде байқағаны қалың сақалды қараторы Мұхтарханның көзі ұрлықшының қолындай сумаңдап, барлық жерді тінтіп шықты. Мұхтархан өзінің бойындағы кісі арбағыш қулыққа құрылған құпия қасиеттерін қатты құрметтейтін болуы керек. Әлде әр әрекетін Алланың қалауымен жасап тұрмын деп ойлағандықтан ба, өзіне тым сенімді. Еті қалың еріндері сөйлеген сайын құбыла қимылдап, қызғалдақтың ашылған қауызындай болып көрінеді. Қолдан қашалғандай қаласы бұзылмаған тістері де адам қызығарлық. Қасындағы әйелдерге де қырын беріп, қиықпен ғана қарайды. Бозбала кезінен кексе әйелдердің көңіліне жағып әдеттенген-ау шамасы.
Бұйрық беріп үйренген әдетімен сөз тізгінін бірінші болып, Оразбай қақты.
– Біздің үйге бұл жігіттердің өздері келмесе де сөздері баяғыда келіп қойған. Қазір генералшамыз музыкаға әуестігін тастаған. Тыңдайтыны тек қана осы жігіттердің таспадағы уағызы. Мен де машинаға мінгенде қосып қоямын соңғы кезде. Ал жігіттер! Жолдан келдіңдер! Еркін сезініп, қысылмай алып отырыңдар! Мен осы шаңырақтың егесімін. Атым – Оразбай. Мынау өздеріңді жақсы көретін алтын жеңгелерің – Әсия деген сұлу. Асекең мен Темағаңды танып отырған шығарсыңдар – деп отырғандарды жағалай таныстырып шықты. Асекең қонақтарға көк көзін бажырайтып қарап:
– Бұл Мұхтархан мен Омар анау жылы Бекон немереміздің сүндет тойында бас муфтимен келіп, аузына түкіріп кеткен. Ұмытқан жоқ шығарсыңдар жанына жаққан сөзді қалт жібермей қағып алған Мұхтархан:
– О, не дегеніңіз! Тарихи сәт қой, ұмытпаймыз ондай тойды. Сол сүндет тойда салихалы кісілер жиналып, салауатты әңгімелер көп айтылып еді. Бексұлтан немереңіз қалай, жігіт боп жатыр ма?
– Жігіт болғаны құрысын! «Балаң өссе, астыңдағы атыңды алад. Немерең өссе қойныңдағы қатыныңды алад» деген сол тура біздің басымыздағы жағдай. Кеше қалтамдағы кілтімді сып дегізіп, «Майбахты» мініп кетіпті мектепке. Мектептің директоры звондайды «Балаңызға кілтті бермесеңізші» деп, әңгімені басқа арнаға бұрғысы кеп көзін қатар отырған Омарға салып:
– Омар бала! Сол тойда бір қызық әңгіме айтып едің, таспаға да түсірмеппіз. Небір шешеннің пәлсапалы әңгімелеріне басымдағы флешкім толып қалды ма, қайдам, кейін есіме түсіре алсам-шы?
Екі молда әңгімені неден бастарын білмей отырғанда Асекеңнің өзі әдемілеп із сап бергендей болды.
– Әлгі анау құрбан шалғысы келетін еуропалық жігіт жөнінде.
Омар сұқ саусағымен самайын бір-екі қасыды да, көзін сәл төмен салып, еріндерін болар-болмас жыбырлатып дұға оқып алды да мейірімді пішінмен:
– Айтайын. Есімде, – деп бастады. – Бұл бір әзіл-шыны аралас әңгіме. Мединада оқып жүрген кезімде германиялық студенттен естігем. Құрбан айт мерекесі болса керек. Кезек-кезек топырлатып мал сойып, кедейлерге таратып жатқан мұсылман достарына қызыққан неміс жігіті «Мен де құрбан шалып таратсам бола ма?» депті. Бір досы: Әрине, болады! Бірақ ол үшін мұсылман болуың керек. Мұсылман болуың үшін шахадатты айтасың. – Неміс жігіті: «Қайтіп айтамын сонда?» десе «Міне, былай! Әшхаду ән Лә илләха Ила Алла! уә әшхаду әнне Мухаммадан Әбдуху уа Расул Алла» деп үйретті. Неміс жігіті дереу қайталап, «Енді бере берсем бола ма?» – десе тағы бір досы «Енді сүндетке отыруың керек» депті. Неміс жігіт «Ол не? Тағы да бірдеңе айтуым керек пе?» – десе. Жоқ, енді ештеңе айтпайсың анау әкуіңнің ұшындағы арам етті тік еткізіп былай кесеміз – деп екі саусағын қайшылапты. Сонда неміс жігіті: «Қой, онда болмайды екен! Шахадаттарыңа да, құрбандықтарыңа да рақмет!» – десе, әлгі жігіт «Енді бәрі кеш. Шахадатты айтып қойдың, сені сүндеттейміз». – Абыржыған неміс жігіті «Қойыңдар! Одан да өз жолыммен он екі мүшем бүтін қалпында құрбандық бермей-ақ жүре берейін». «Жоқ! Енді өйтіп құтыла алмайсың! Шариғатта ең ауыр күнә – діннен шығу! Діннен шықсаң үкім бойынша басыңды кесеміз!» – десе неміс жігіті «Бах! Бұл өзі қандай дін? Кіретін кезде әкуіңді кеседі, шығатын болсаң басыңды кесетін» депті.
Сынақтан сан мәрте өтіп, жемісін берген бұл әңгіме отырғандарға қатты жақты. Бас шайқасып, күліп жатыр бәрі. Көңілі тоқ, айналадан тек күлкі іздеп отырғандарға керегі де осы болатын.
Екі молданың әлпеттері де әңгімелері де әртіс пен режиссер ағаларға ұнады. Оның да бірнеше себебі бар. Біріншіден, екеуі де сымбатты, әрі сауатты. Дауыс ырғақтарының өзі де кәсіби маман қойып берген әншілердікі сияқты сазды. Киімдерінің келісіп тұрғаны да өз алдына. Сосын өнер адамдарының өздеріне назар аударғызып, мақтауды сүйетінін бұлар біледі. Білгендіктен қолпаштап мақтау жағынан да екеуінің қақыларын сиырды сипап идіргендей етіп беріп отыр. Бұларға одан басқа не керек?
Міне, мылжың Мұраттың алғашқы сұрағын қойып та үлгерді.
– Мұратхан балам! Шындығында исламды қартайған шағында қабылдап жатқандар бар ғой. Мысалы, Жан Жак Кусто секілді су түбін сүзген ғалымдар. Олар да сүндетке отырған ба сонда? – еркектер жағы күліп, әйелдер жымыңдасып жатқанда мылжың Мұраттың жұбайы Роза жеңгей күйеуіне қарап:
– Сұрағыңды қоя тұрсаңшы, балалар жолдан шаршап келді ғой – десе, мылжың Мұрат:
– Тілдері шаршаған жоқ шығар? – деп орындығын алға қарай сәл қозғап қойды. Бұл оның «сендерге әлі сұрағым көп» дегенінің белгісі.
– Мұрат аға! Өте сауатты сұрақ қойдыңыз, – деп Мұратты бір көтеріп алып, Мұхтархан жауап беруге кірісті. Алыстан оңай адамдарды ұшақпен алдыра ма» дегендей отырғандар тегіс тамшы қатық құйған сүттей ұйып қалды.
– Исламның екі қанаты бар. Біріншісі – Құран. Ол 6236 аят, 114 сүреден тұрады. Аят дегеніміз – сөйлем, сүре дегеніміз – әңгіме сияқты мысалдағанға. Ал Құранда айтылғанның бәрі орындалуы шарт. Екінші қанаты – хадис. Бұл Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.-ның) айтқан өсиеттері. Пайғамбарымыздың жасағандарын қайталау – сүннет. Сүннет деген орындаса сауап, орындамаса күнә емес деген сөз. Енді бұл жерде өзінің аты айтып тұр ғой «сүннет» деп.
Бұл уәж де тыңдаушылардың көңіліне қона кетті. «Шынында сүннет деп тұр ғой! Мұны неге ойламағанбыз» деп бәрі іштей мақұлдады. Бүгінгі күн мылжың Мұраттыкі болатын түрі бар. Ол өзінің толассыз сұрақтарымен екі молдаға көмектесіп отырғанын әрине сезген жоқ. Әлгінде Омардың «Мединада оқып жүргенде» дегенін тоқып алып.
– Қажекелер, сендерден сәті келіп тұрғанда мына мәселені сұрағым келіп тұрғаны бар емес пе?
– Иә, иә, сұраңыз! – деп жауап беруге Мұхтархан ерекше ықыласты екенін білдірген соң мылжың Мұрат:
– Осыдан біраз жыл бұрын мына Сұлушаш аналарың қатты ауырды. Ауырғанда, қазақша «шалық тиген» дейді ғой мұны.
Әйелі аяғын басып, «қоя-ақ қойшы осы әңгімені» дегенді ашық білдіргеніне қарамай:
– Иә, содан жаман түстер көріп, түнде бастырылып, шындап ауырайын деді. Мұндайда медицинаң қауқарсыз екен. Содан жанашырларымыздың кеңесі бойынша бір жаз әулие араладық. Көріпкел, тәуіптеріңнің біразын сонда көрдік. Төтесінен айтқанда Түркістанның бір шырақшысынан тұмар оқытып алып, соны таққанда ақи-тақи шалқымалы дертінен арылды мына аналарың.
Сұлушаш жеңгейдің екі беті қызарып, қысылып-ақ отыр. Оның үстіне елдің назары екі молдадан ауып өзіне түсті.
– Мұрат аға! Бұл сұрағыңызға Омар қари жауап бергені дұрыс-ау. Осыдан он жыл бұрын екеуміз Саудияда оқып жүріп танысқанбыз. «Фикх» ілімі бойынша төңіректе бұл ұстазбен білім таластыратын адам жоқ. Отардың алдындағы селтеңдеген серкедей боп, мылжың Мұрат:
– Мен бұл баланы қажы деп отырсам, қари десеңші! Қари мен қажының айырмасы не сонда?, – Мұратхан сәл жымиғандай болып:
– Исламда «қажы» деген дәреже жоқ. Оны шығарып жүрген өзіміз. Қажылық – ол бес парыздың бірі. Қажылық қабыл болды ма, жоқ па, ол бір Аллаға ғана аян. Ал барған адамның арқасынан бір парыз түседі. Енді қариға келетін болсақ, қари дегеніміз – Құранды жатқа білетін адам.
– Поой! Бұл сабазың сонда анау қалың кітаптағы аятың бар, сүрең бар, бәрін соңынан бастап, басына дейін жаттап алған десеңші! Мен баяғыда партияның жоғары оқуына қатарынан бес жыл түсе алмай ақырында капиталдың жартысынан көбін жаттап алып едім. Сондағы есіл еңбегім-ай! Бүгінде түкке керексіз боп қалды ғой! Ой сонда Құран жаттауға болатын қайран менің қабілетім! – деп жатқанда әңгіменің басқа бағытқа кетпеуін қадағалап отырған Омар қари алғашқы сұрақтың жауабын ары қарай қайта сабақтауға кірісті.
– Ағасы, бұл мәселе былай ғой! Құранның пәленше сүресінің түгенше аятында «Алланың әмірінсіз ешкім сендерге зиян да, пайда да жасай алмайды» деген. Оның бәрі ширик. Өкінішке қарай, бұл үлкен күнәлардың қатарына жатады. Қазір қасқырдың тісін, үкінің қауырсынын «пәледен қорғайды» деп тағып жүргендер көп. Себебі, өздерін қорғау құзыры Алла емес, өлген мақұлықтардың мүшесіне ауайын деп тұр ғой мұнда – деп Омар қари стаканнан су ішуге ыңғайлана бергенде осы үзілісті күтіп тұрған мылжың Мұрат – Сонда қалай? Тұмар қорғамайтын болғаны ма? – деп, демін ішіне алған уақытта Мұхтархан.
– Ол, былай ғой, – деп мылжың Мұратқа ары қарай сөйлеуге мұрсат бермей, көзіне тік қарап, сөзді өзі алды. Омардың мінезі жұмсақтау болғасын өсітпесе болмайтын сияқты.
– Сіз мысалы отқа тастасаңыз өзін қорғай алмайтын жанып кететін үш бұрышты мата «мені қорғайды» деп ойлайсыз ба?
– Мұхтархан бала! Қорғайтын ол мата емес, ол тұмардың ішінде қағазға жазылған Құранның сүресі. Сол қорғайды! – ал бұған не дейсіңдер дегендей, жан-жағына бір қарап қойды. Осы кезде Мұраттың дәл тапқан уәжін құптағандай отырғандар молдаларға назарын нықтай түсті. Қонақтардың барлығы дерлік ақша санауға келгенде епті болғанымен, дін мәселесінде мүлде сауатсыз еді. Оның үстіне бұл молдалар әуесқойлар емес, кәсібилер екенін жақсы таныды. Мұхтархан молданың қолындағы сағаттың Швейцарияның өте қымбат бұйымы екенін, беліндегі белбеуден Италияның атақты таңбасын кіре бергенде-ақ танып қойған.
– Жердегі жанды-жансыз заттардың ешбірін Алла мақсатсыз жаратпаған. Мысалы, мына есік алдындағы «Тойота» көлігін алайықшы. Оның тех құжаты бар. Құжатта әр бөлшегі жөніндегі мәлімет түгел жазылған. Қанша шақырым жүргеннен соң майын ауыстыратынына дейін. Құжатты қоса шығарудағы мақсат – көлік ұзақ жыл адамға бұзылмай қызмет етуі үшін. Ал адамды жаратқан Алла салыстырмалы түрде айтқанда, оның техқұжаты Құран деуге болады. Құранда адамның екі дүниеде бақытты өмір кешуінің ережесі жазылған. Объективті түрде айтсақ, Құран – мұсылманның Конституциясы. Енді тұмарға келейік. Сіз, Мұрат аға, ондағы жазылған аят, сүрелер қорғайды дейсіз. Осы жерде ойымды түсінікті болуы үшін тағы мысалмен айтып көрейін. Сіз бір жеріңіз ауырып, дәрігерге бардыңыз. Ол сізді қарап, дертіңіздің диагнозын қойып, оған «Мына дәрілерді былай ішесіз» деп рецепт жазып берді. Сіз оны алдыңыз да әдемілеп бүктеп, матаға орап, мойныңызға тағып алдыңыз, – деп көсіліп алды да Мұратқа қарап:
– Аға, сіз рұқсат етсеңіз.
Мұратхан молда бұл жолы тым қатты кетті. Қимыл-әрекетінде титтей де қымсынып, «Осым қалай болар екен?» дегеннің нышаны да жоқ. Мұраттан мақұлдауын күтпей.
– Сұлушаш жеңгей! Тұмар өзіңізбен бе?
Әйелінің орнына Мұрат:
– Әрине, өзімен бірге! Тұмарды ешқашан тастамайды.
– Әлгінде айттым ғой, Омар қари араб тілінің маманы деп. Қарсы болмасаңыздар, ашып оқытайық.
Қонақтардың бәрі бір-біріне қарасып, үлкен қызықтың куәсі болғысы-ақ келіп тұр. Оған Сұлушаш жеңгеміз көнсе. Билеп-төстеп отырған мылжың Мұрат та әйеліне дәл осы жерде не дерін білмей ұнжырғасы түсіп, үндейтін емес. «Жанымды осы алып қалды» деп біреудің біраз жылдан бері тастамай тағып жүрген бойтұмарын ашу оңай ма? Бір уақытта төрде отырған Асекең қырылдаған даусымен:
– Келін! Молда жігіттер оқығаннан қасиеті кетіп қалмас. Не болса да, нар тәуекел! Жазылғанды оқыған сауап! Қысылма! Күнәсін мен-ақ көтерейін.
Сұлушаш табиғатынан ұялшақ жан болатын. Ағаның қолқасына қазақтың әйелдеріне тән көнбістікпен келісім беріп, ас бөлме жаққа барып, бірер минуттан соң десорамалына бүктелген тұмарды күйеуіне ұсынып жатты. Таза әйелдің тірлігі көрініп тұр. Қоңыр шибарқыт терсіңді боп майланып, не оңып кетпеген. Сол қалпында сияқты. Мылжың Мұрат Манарбек ұсынған пышақты алмай, қалтасынан әдемі бәкісін шығарып, қалай ашарын білмей біраз қарады да, тұмардың шетінен жүргізген тігісті тауып, ақырын ғана бір шекіп үзді де, тігісінен сөге бастады. Мата үш қабат екен. Ішінен арабша жазуы бар А-4 форматтағы бір парақ қағаз шықты. Алдымен Мұрат іші-сыртын қарап, әріптерін алақанымен сипап алып, Омар қариға ұстатты. Омар қари ерні жыбырлап іштей оқи бастады. Бөлме тып-тыныш боп қалды. Кесе ұсынып, шай сораптап отырғандар да қимылын тежеп, қатып қалған. Сілтідей тыныштықты үкім оқитын сот құсап, Омар қари бұзды.
– Бұл парақта әйелдерге арналған «Ниса» сүресінің 1,3-аяты жазылыпты. Әдетте тәуіп-бақсылар мұндайды қолымен көшіретін. Ондай жазуды оқу қиын болушы еді. Себебі, көбісі арабшаға сауатсыз әріптерді сол қалпы қате көшіреді. Мына қағазды Құранның бетінен ксерокөшірмеге көшіріп алған екен, бұл да жақсы болды.
– Не жазыпты? – мылжың Мұрат мойнын созып барады.
– Сөзбе-сөз оқиын, тыңдаңыздар!
– Ой, мұнда маңызды ештеңе жазылмаған ғой.Осы-ақ па?!
Мылжың Мұрат маңыздырақ нәрсе күтті білем, көңілі түсіп кетті. Омар қари өзіне қайта ұсынған парақты матасымен бірге иесіне қайтармай, десорамалға қалай болса солай орап, кастөмінің қалтасына тастай салды.
Сыры ашылған қағазда қандай қадір болсын. Әлгінде ғана қызарып-созарып отырған Сұлушаш жеңгей керісінше, арқасынан ауыр жүк түскендей ерекше нұрланып кеткен сияқты. Молдалар енді екі жақтан қапталдағанды қойып, қолдарын сүртіп, тісін шұқығансып, телефондарына қарауға кірісті. Қазақтар да кейде қоймінездес пе, қалай? Қорадан шыққан бойда қырқадан қырқаға жүгіріп тойған соң, суаттың басында иіріліп қалатыны бар ғой, сырттай қарағанда бұл да сондай көрініс. Тек бұл жерде екіаяқты адамдар.
Дастарқанға отырғалы бері сөйлеушілерді қас-қабақпен қолдағаны болмаса, Манарбек жақ ашқан жоқ болатын. Қасындағыларға жемісті турап, ұсынып жатып, – Мен сіздерге бір әңгіме айтып берейін, – деп аузын қағазбен сүртіп, ыңғайлана берді. Көп алдында көсілетін көсем болмаса да, кабинетіне келгендерді креслода отырып, бетқаратпайтыны көрініп тұр. Асекең үй егелеріне ескертіп қойған «Бөдененің қуырдағынан кейін біраз тоқ басайық, үлкен асты қоя тұрыңдар» деп. Деміл-деміл келіп жатқан көк шай, қызыл шайлар тоқтап, қонақтар жемістен жеп, түрлі-түрлі шырындармен сусындап отыр.
Комитеттің төрағасы болып тұрған кезімде маған Оңтүстік Қазақстаннан бір кісі келді. Араға адам салып, қабылдамасыма қоймаған соң «Мақұл» дедім де, бір қутұяқтың келетінін біліп, іштей өзімді дайындап алдым.
Молдалардың мәнді әңгімесі жібітті ме, мазасы болмай отырған режиссер Темағаң да сөзге араласа бастады.
– Қутұяқ екенін көрмей қайдан танып білдің? Мұң-мұқтажын айтайын деп келген мүмін шығар?
– Темаға! Қутұяқ! Маған жеткенше қанша адам, қанша кабинет бар. Оның бәрінен қу болмаса өту оңай емес. Нормальный адам ешқашан министрдің алдына өзі шақыртпаса келмейді. Момын адам шаруасын министрдің алдында емес, шарбағында жүріп шешеді. Басындағы тақия мен қолындағы тәспісін көрдім де, сағатқа қарап, «Келген шаруаңызды тез айтыңыз маңызды кездесуге кетуім керек» дедім.
– Балам! «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» дегенді естіген шығарсың?
– Иә. Естігем. Содан?
– Бұл сөз бұрынырақта былай айтылатын, «Ат басын Атымтайға тіре! Арыстанбабқа түне! Қожа Ахметтен тіле» деп. Сол Арыстанбаб кесенесінің күншығыс жағында 100 метрдей жерде «Атымтай әулие» жатыр. Бұл бәріне аян-ақиқат, шырағым! Өзім сол жақтың тумасымын. Басын қарайтпаса әруақ тыныш жата ма? Талай жылдан бері түсіме де кіріп жүр. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Күмбезін көгертіп, кесене соғуымыз керек әулиеге. Оның жолдарын да өзім айтамын, – деп келе жатқанда даусымды көтеріп:
– Ата, ұят емес пе? Неге өтірік айтып отырсыз? – деп сәл тұрдым да, – «Атымтай әулие» Арыстанбабтың күншығысында емес, күнбатысында жатыр. Сосын 100 метр дегеніңіз де қате. Бес шақырымдық жерде, тура бара жатқан жолдың бойында — деп едім, қария сәл қабақ көтеріп, ойына бір қулық келді-ау деймін.
– Иә! Иә! Балам, өте дұрыс айтасың! Бізге де бұрын шалдар сол төбенің тұсын көрсететін. Қазір ғой білгіштер көбейіп, соған сендірді ғой біздерді. Сен айтып тұрған сол Мөртөбенің тұсы. Жүзі жылып, тәспісін санамалап, күбірлеп аузын аша бергенде,
– Ата, неге алдап отырсыз? Мөртөбеңді де, Сартөбеңді де білмеймін. Сөзіңді сынап көрейін дегем. Миды ашытпай, мәселені тіке айтыңызшы, не керек?!
Қариям сол кезде тәспісін тез қалтасына салып:
– Сен өзі ақылды жігіт көрінесің. Шымқалада «Көне күмбез» деген қорда 200 миллион теңге жатыр. Құрған адамдар сотталып кеткен. Қазір бас еге жоқ. Біздің прокурор сіздің бөлеңіз екен. Соған бір ауыз айтыңыз. Қалған құрылысты да, сенің құлқыныңды да тап-тұйнақтай етіп өзім реттеймін – деп тұр. Содан бері әулиесымақтарды маңыма жолатпаймын.
Осы кезде Мұхтархан молданың сымсыз телефоны безілдеп қоя берді. Қарады да, «хабарлас деп еді, есімнен шығып кетіпті ғой!» генерал Сайрамбай ағамыз іздеп жатқан», деп әдейі жоғары дауыс шығаратын тетікті шатасқан боп басып жіберді. «Алло! Ассаламу алейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Сайрамбай аға, қалайсыздар?» Арғы жақтан отырғандардың көбіне таныс гүжілдеген дауыс естілді. «Уағалейкум Ассалам, уа рахматуллахи уа баракатух! Мұхтархан, қалайсың? Қайдасың?» Бұл: «Аға, сізге жақын жерде, осы Горный гиганттамын»! Ол: «А, бәсе! Даусың жақыннан естіліп тұр. Ертең сағат 10-да маған келіп кетші, өз үйіме!» деді де қоя салды.
Шалқайып отырған еркектер жағы қасқырдың даусын естіген ауыл иттеріндей сәл-пәл жасып қалды. Бір құдіретті күштің жақын жерде жүргенін сезінді-ау деймін. Мәдениетті қонақтар белдерін бір босатып алу керектігін қыбыр-жыбырмен білдіре бастағасын Асекең:
– Ал, балалар! Әсия келіннің еті де келетін уақыт жақындап қалды-ау! Есік алдына шығып, аяққа қан жүгіртейік онда деп орнынан үстелдің екі жағын қарманып, үйелеп қалған кәрі түйедей зорға көтерілді. Әйелдер жағы орындарынан тұрып, дастарқанды жинағансып, еркектер белдерін жазып, есікке қарай беттеді.
Жас молдалар далаға шыққандарға ілеспей, дәреттерін жаңартып, бөлмеге қайта кіргенде Оразбай ыңғайларын танып:
– Намаз оқысаңдар, жайнамазды дайындап қойдық, мына бөлмеге кіре беріңдер – деп қарсы бөлмеге кіргізді де, есігін сәл ашық қалдырды.
Молдалар сүннет амалдарынан кейін екеуден-екеу құптанды оқуға кірісті. Омар қари бір табан алға шығып, имамдықты атқарып, Құранды ерекше мәнермен оқығанда бергі бөлмедегі әйелдер тербеліп кетті. Намаздың алдында Мұратхан ақырын азан айтып жатқанда Оразбай сүйсінгені сонша бойы шымырлап, диванға отыра кеткен. Әлі сол қалпы, тапжылар емес. Не ойлап отырғанын бір Құдай білсін! Әсия жеңгей де түпкі бөлмеден Құранның даусы шыққанына қатты қуанып, зәулім үйінде мешітте отырғандай өзін бөлек сезінді.
Есіктің алдындағы шамдардың жарықты молынан беріп тұрғаны сонша аспандағы жұлдыздарға қарамасаң күндіз не түн екенін айыра алмайтындай. Жүзімдіктің артындағы субұрқақтың жанында бес адам тұр. Екеуі Оразбайдың қайынінілері – Бағдат пен Нұрали. Бұл үй қонақ шақырған сайын қызметте осылар жүреді. Әйелдері ас үй жақта, өздері есік алдында. Әдетте мұндай субұрқақтар ғимараттың ішіне орнатылатын. Шағын ғана. Жиегі мрамор тастармен қоршалған. Суы да биікке ытқып, секіріп, сарқырап тұрған жоқ. Белге жетер-жетпес деңгейге барады да гүлдің қауызындай ашылып, төмен құлайды. Қарасаң бір үйлесімдікті тыныштық баурап, «тапжылмай тұра бер» дейтін сияқты. Тобықтан келетін суы бар табанында жотасындағы қанаттары жарқырап асыранды форельдер жүр.
Мылжың Мұрат ақымақтау демесең аңғалақ, ақ жүрек адам. Артық дүние жинамай, адал ақы айлықпен зейнетке шыққан. Оның ордалы жыландай бұл ортаға кіруінің жайы былай болды: Жалғыз ұлы жұдырығы қатты, жүректі болып өсті де білек күшінің арқасында сынақтан сүрінбей өтіп, үлкен банкке қарауыл болып жұмысқа тұрды. Есірген акционерлер әр жексенбіде банк қарауылдары арасында ережесіз төбелестен жарыс өткізіп тұратын. Сол жерде бас банкирдің көзіне түсіп, оққағары, бірде жүргізушісі болып жүріп, ажырасқан қызына үйленді әйтеуір. Көп ақшаның серті ауыр болды ма, бұл күйеу болған он жылдың ішінде, опай-топай кісі қолынан, жол апатынан бақилық болды бәрі. Қазір сол банктің көп акциясы баласы Дәулеттің қолында. Мылжың Мұрат көзіне түскен зат жөнінде не ойласа соны сәтін күтпей сол жерде сұрамай жаны тынбайтын. Сол сүйегіне сіңген әдетімен тағы да Оразбайдың қайнысы Бағдатқа қарап:
– Бағдат-ау! Мыны зәулім сарайды соғып жатқан Орекеңнің көршісі «горводаканалда» диспетчер екен. Қалай ойлайсың, соғуға шынымен айлығы жетуі мүмкін бе?
– Қайдам аға? Әйтеуір ауыр техника ары-бері кіріп-шығып жатыр ғой, – деп мандыртып жауап бере алмады. Оған қанағаттанбаған Мұрат:
– Валентин ағай, Сіз айтыңызшы? Сіз білмесеңіз, онда қайдам? – Валентин ағай миығынан мекер күлкімен «мырс» етіп жымиды да,
– Оны білмейтін несі бар? Диспетчер бастықтың өз адамы. Мекемеге күнде түскен тапсырыстарды өз фирмасына ұсынады. Құдайдың күні көп. Алматыдан бір күнде неше тапсырыс түседі, есептей беріңіз.
Мылжың Мұраттың миына бірдеңе енді жетті-ау деймін. «А» деп аузын ашқанда көзі бақырайып кетті. «Ай, Мұрат ағай-ай!», деп Валентин ағай ақырын қолдарын айқастырып, тамның артындағы ашық терезеден Әсия жеңгейдің «Жылдам үйге кел! Тура қазір кел! Санжар трубканы қойма деймін саған» деген сөздерге құлағын төсеп бара жатты. Бұл Оразбайдың жалғыз ұлы Санжардың жүрісі сұйықтау екенін еститін. Асекеңнің мәдениет министріне айтқанын орындататыны бәріне белгілі. Демек, әлгінде орденіне көрімдікке берілген қалың конверт Санжарды қызметке тұрғызу үшін ұсынған пара екені белгілі. «Не үшін көп ақша берді екен» деп ойлап қойған, шешуін енді тапты.
* * *
Асекең мен Темағаң алма талдардың ортасындағы ашықтағы көкмайсаның үстіне төселген кілемде қыжым жастықты қолтықтап жайғасқан. Орталарындағы жозыда ыдыс толы жеміс, шырыны шүлпілдеген әртүрлі шишалар тұр. Әңгімелері сол кино жайында. Жас молдалар тарауих, артынан тахажұт-нәфілдерін ұзақ оқып сыртқа шықты. Шыға берістегі биік табалдырықта Әсия баласы Санжар әлі келмегендіктен, күйеуіне «сен шақыршы» деп телефонын беріп жатқан. Жас молдаларды көріп, екеуі де «Ә» оқып болдыңдар ма? Ниеттерің қабыл болсын!», – деп жік-жапар болып қалды. Әсияның ойы: баласы келіп молдалардың уағызын тыңдаса, бірге отырса, танысса екен.
Молдалар биік табалдырықтан түспей айналаға асықпай біраз қарап тұрды. Неге екенін Мұхтарханның намаз оқып тұрғанда ойынан шеткі орындықта үндемей отырған Валентин ағай кетпей қойды. Былай қарағанда түр-тұлғасында ешқандай ерекшелік жоқ. Ұрада өскен бидайдай ашаң жүзді, сидаңдау кісі. Жасы жетпістің ар жақ, бер жағында-ау шамасы. Бұл әдетте тілдескен адамының бет-бейнесінен бөлек сөз саптауынан бұйрық беріп, не тапсырма орындап жүрген жан екенін жазбай танып қоятын. Мына кісі не тіс жарып сөйлеп, не түс жылытып сұхбатқа дем беріп, қозғау салған жоқ. Көз жанарынан да қағаздағы сурет сияқты сыр ұғу мүмкін емес. Саусағына дейін сыпайы.
Қарттардың қасында кемпірлері отыр. Субұрқақтың түбінде Мұраттар тұр. Арасынан Валентин ағай көзге түсе қоймағасын аяқ киімін киіп жатып:
– Валентин ағай қайтып кеткен бе?, – деді.
– Жоқ. Осында болуы керек, – деп Оразбай телефонын беріп жатып маңайға бір қарап қойды.
– Ол кісі де қызметтесіңіз бе?
– Жоға! Жекжатымыз.
– Аты қызық екен.
– Шын аты – Уәлидін. Орыс тілділер Валидин деп кейін Валентин ағай боп кетті ғой.
– Аееей! – деп молдалар текпешектен түсіп келе жатқанда Асекеңдер шақырды.
– Қазір аға! Оразбай ағамыз соққан әлемнің сегізінші кереметін тамашалап келейік, – деп үй егелеріне естірте субұрқаққа барды екеуі.
Бұлар жақындағанда Бағдат пен Нұрғали шылымдарын бір-бірден құшырланып тартып-ап лақтыра салды. Бұл енді молдаларды сыйлаған түрлері. Омар қари субұрқақтың табанындағы таязда бауырын төсеп жүзіп жүрген балықтарға еңкейіп қарап, телефонына түсіріп жатты. Мұхтарханды қызықтыратын балық емес, қашанда адамдар.
– Құстарды көргілерің келсе, анау тұр. Валентин ағай бір сағат бойы тапжылар емес, қараңдаршы! Құдай біледі, осы құстың да тілін біледі-ау!
– Біледі. Біледі, – деп мылжың Мұраттың сөзін қасындағылар да қоштай қойды.
Мұхтархан «Солай ма?» деп таңырқаған боп, тағы да айта түссе екен деген оймен:
– Бұл кісі де құс баға ма? – орыс тілін араластырып Бағдат жауап берді.
– Валентин ағай «Разводящий по Казахстану». СНГ анау-мынау пофиг, бәрін шешеді. Ворлар, прокурорлар с кем угодно бәрімен тіке тұрып сөйлеседі. Елдің бәрі ақшаны іздесе, ақша Валентин ағайды іздейді.
Мұхтархан құстарға қарап тұрған Валентин ағайға сыртынан көз салып «Маш Алла!» деп мылжың Мұратқа таңғалған кейіптегі сұраулы жүзін бұрды.
– Шайтанның да тілін табады, Әзірейлі болмаса.
Өзін сөз етіп жатқанын байқап, Валентин ағай бұларға қарай беттеді. Мұхтархан жүзін жолбарыстай жылмитып, Валентин ағайды әңгімеге тартуға ыңғайланып тұрған. Бақтан Асекеңнің «Ау! Бәрің мұнда келіңдер! Қауын жейміз!» деген бұйрықты даусы естіліп, бәрі баққа қарай жылжыды. Қонақтар келген соң Асекең алдында тұрған үлкен басыбалды қауынды салмақтап көріп, құшырланып иіскеп алды да, союға кірісті.
– «Көкше байлық – бір айлық» деген осы. Қауын қойдың басы емес, тілікті жасы кішілерден бастап ұсынған жөн.
Пышақты салған бойда қызыл етті сары қауынның иісі аңқып қоя берді. Бармағынан бал шырынын сорғалатып, бірінші тілікті Омар қариға ұсынды. Бәріне таратып болғасын қауынның қалғанын қайықтай етіп алдына қойып, әдемілеп шахматтың тақтасындай бір тегіс ойып, Темағаң екеуі іліп жеуге кірісті.
– Қауынды жегенде қалалық сыпайылықты қойып, міне, былай «сылпылдатқан» дұрыс – деп аузына салған сайын демін ішіне алып, су ішкен кептер құсап, басын жоғары көтеріп жұтып жатты. Мылжың Мұрат «Тух! Қауын жегеніңіз де бір қойылым ғой, Асеке!» деп қолпаштап жіберді. Қауынды жеп болғанда иығына сүлгі, екі қолына табақ пен құмған ұстаған Нұрғали еңкейіп бәрінің қолына су құйып шықты.
Аса жоғары талғаммен салынған зәулім үй. Айналасы түгел абат. Бойы аласа талдардың төңірегі түкті кілемдей көк майса. Ана бір талдың түбінде көзінен от жарқырап, ойыншық жолбарыс тұр. Тұп-тура ормандағы тірі жолбарыс сияқты. Қол еңбегімен күн көрген қаратабан адам мұнда ойда-жоқта кіріп келсе, «Мынау жұмақ – анау дәу періштелер» деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Әсия жеңгей үлкен астың дайын екенін хабарлағанда бәрі ішке кіріп, орындарына қайта жайғасты. Асекең «Ауминды» айтып, ет желіне бастағанда Санжар келіп, түгел қол беріп амандасып шықты. Түннің бір уағында келгенінің ерсі екенін бәрі біліп отырса да, Оразбай мен Әсияның көңілі үшін жағдай сұрасқан боп жалпылдап жатыр. Молдалардың қасына отырған Санжар бір-екі шұқығаны болмаса, мандыртып ештеңе де жей алған жоқ. Басын төмен салып, мұрынын жиі тартып отырған Санжарды бәрі «суықтаған шығар» деп түйді. Ал Валентин ағай болса, олай ойлаған жоқ.
Көз жанары солғын. Қап-қара еріндері жалақтанған. Өзі арық бұл анық порошок иіскейтін бала. Соған қарағанда көптен бері иіскейді-ау. «Мұны камераға қамаудан басқа ем жоқ». Бұл Валентин ағайдың қойған диагнозы. Әсия жеңгей баласына біртүрлі боп қарағандай болды. Өзінің бақытсыз болашағын көзбен көру кім-кімге болса да оңай тимесе керек.
Опер, одан түрменің тергеушісі, судьялық қызмет Валентин ағайдың қабілетін жан-жақты ашқан. Сол кездегі кәсіби әдеті бойынша Валентин ағай дастарқан басында елмен бірге орындықта сұлбасын тастап, өзі анадай жерден бәрін сырттай бақылай алады. Өзін де, басқаларды да қалаған бұрыштан қарап тұрады. Кейде бір қарап, көзімен ой фотосына жарқ еткізіп түсіріп ап, соны төмен қарап іштей талдай да береді. Бұл қабілетін Мұхтархан молда сезді ме қайдам, көзін алмай мұны ашықтан-ашық бақылауға кірісті. Әлде, «Сіз де менің назарымдасыз» дегенді ұқтырғысы келді ме екен? Не де болса алғырлығына сүйсінді. Оның үстіне өмір көріп, адам арбаудың неше түрін меңгерген мына боққарын байларды үйіріп әкеткеніне риза болды. Тағы да Оразбай, Манарбектердің кеудесіндегі иманға, дінге толмай тұрған бос бұрышты дәл тапты ғой бұлар. Шіркін! Баяғы заман туып, екі молдадан қан сасыған қараңғы камерада сұрақ алар ма еді? Сорпаны сораптап отырған Асекең:
– Балалар! Сендерге Темағаң екеуміздің сұрағымыз бар еді, – деп асықпай екеуіне де кезек көз тастап.
– Айтыңдаршы осы, адамның образын сомдаған күнә ма? – деп сұрады. Ешкінің құртынан езілген малтаны сорпаға тағы үстемелеп қосып отырған Мұхтархан:
– Жоқ. Күнә емес. Бұл деген үлкен сауапты сүннет амалдардың бірі ғой, аға, – деп сорпасын сүбесін сыдырып алған қабырғамен бұлғап «неге екеніне дәлел айтам қазір» деген пішін танытты.
– А, не деген жақсы молдасың, балам! Қанша болды рольде ойнап, образ сомдағанды сауап деген сөзді молданың аузынан тұңғыш естіп тұрмын. Шын айтасың ба? Әлде біздің көңіліміз үшін бе, а?!
– Ғұламалардың берген бәтуасы бойынша исламда үш түрлі білім болады екен. Бірінші білім – Алла айтты. Ол – Құрандағы аят, сүрелер. Екінші білім – пайғамбар айтты. Ол – хадис шәріптер. Үшінші білім – «білмеймін» деген білім. Білмегенді «білмеймін» деп ашық айту да білім болып тұр ғой сонда. Енді сұрағыңызға бірінші білімге жүгініп жауап беріп көрейін, аға! – деп, Валентин ағайға көзін нықтап бір салып қойды. Валентин ағай да «Менен күткенің осы ма?» дегендей түсін жылытып қарап, жауап берді. «Мұны да арпалысып өзіме қараттым-ау ақыры» деген ойда отырсын деп бұл қылығын әдейі жасады. Әйтпесе дастарқан басындағы арбасу текетіресінде Валентин ағай әр қимылын бір мақсатқа қызмет еткізіп дағдыланған.
– Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.)-ға ең алғаш Субхан Алла Тағаланың аяттары Хира үңгірінде түскен болатын «Аләқ» сүресін еске алайық. «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен (оқы!)». Бұл аяттарды әкелген Жебірейіл періште болатын. Енді осыған назар аударайықшы. Субхан Алла Тағала мен Жебірейіл періштенің қай тілде сөйлесетіндігі өздеріне аян. Ал бұл жердегі дауыс адамның үнімен арабтың тілінде айтылды. Демек, ең бірінші адамның тілінде сөйлеген Жебірейіл періште болып тұр ғой. Енді екінші білімге жүгінейік. Бухаридың пәленше сахабадан риуаят етілген сахих хадисі бойынша сүйікті пайғамбарымыз сахабаларымен сұхбаттасып отырғанда бір әдеміше жігіт келіп, пайғамбарымыз сонымен оңаша сөйлесіп, ішке қайта кіреді. Сонда бір сахаба: «Бұл жігітті бұрын бұл өңірден көрген жоқ едік қой» дегенде сүйікті пайғамбарымыз «Бұл – Жебірейіл періште. Ол бізге мына мәселелер бойынша осы аяттарды әкелді» дейді. Кейін Әл-Ақса мешітінен сүйікті пайғамбарымыз Миғражға осы Жебірейіл періштенің иығына мініп көтеріледі. Жеті қат көкке көтерілгенде ғана Жебірейіл періштенің өз бейнесін көреді. Бұдан шығатын қорытынды: Ең алғаш адамның кейпіне енген де Жебірейіл періште боп шығады. Пайғамбарымыздың бізге көрсеткен амалдарының бәрі – сүннет.
– Бұл сұраққа мүфти де мандыртып жауап бере алмап еді, мені мәз қылдың! Бәсе! Өзім де «бұлай болмауы керек қой» деп ойлаушы едім. Енді жауабы табылды. Сәтін салса мен бұл жаңалығым жөнінде міндетті түрде бір мақала жазамын», – деп Асекең шындығында марқайып қалды. Осы кезде мылжың Мұрат тағы да бір сұрағын қойып кеп жіберді.
– Мұхтархан бала! Мен кәрі коммунистпін. Ануарбек – врач. Орекең генерал кездескен сайын саясатта болсын, басқа сала болсын пікіріміз кереғар боп таласамыз да қаламыз. Ол түсінікті. Әрқайсымыз әртүрлі кітап оқып, білімді әр тараптан аламыз. Осы сендер, сопы, таблиғ, хиз бут дейме бәрің неге бір мәмлеге келе алмайсыңдар. Біздікі сияқты емес, оқығандарың бір кітап, Құран ғой.
Осы кезде Асекең «Мұрат, шырақ! Сен ол сұрақтарыңды енді біздің үйге келгенде қоясың. Таң да атып қалды. Шаршадық, енді үйге қайтайық», – деп тыйып тастады да түрегелуге ыңғайланды.
Қонақтар көліктеріне мініп жатқанда Валентин ағай Мұхтарханның жанына келіп:
– Мұхтархан, бүгін бір қызық отырыс болды. Сенімен танысып, сұхбаттас болғаныма қуаныштымын. Ертең қолың бос болса, моншаға шақырсам қалай қарайсың? Әңгімелесейік тағы. Омарды да ертіп кел.
– Болады ғой аға. Сағат қаншаларда?
– Түстен кейін сағат төрт шамасында, болады ма?
– Жақсы аға. Келістік.
Валентин ағай адресті айтып тұрып костюмінің жан қалтасынан әмиянды алып жатқанда Мұхтархан «Ой, оны қайтесіз» деп, Қашқақтағансып мұны ақша береді екен деп қалды. Ат дорбаны көрсе жем тілейтін жылқы құсап, оңашада қалтасына қол салған адамнан ақша дәмететін журналист кезінен қалып кеткен жаман әдеті бар болатын. Бірақ Валентин ағай әмиянынан ақша емес, визитка қағазын шығарып ұсынды. Бұл ыңғайсыздықты, әрине, екеуі де іштей түсінді. Валентин ағай дүкеннен зат алғанда ғана беріп, ұсағын алғаны болмаса, ешкімге, ешқашан ел көзінше ақша беріп, не алмайтын. Жұмыс барысында нольдері көп цифрлар бұлсыз-ақ счеттан-счетқа, банк арқылы ауысып, үйір-үйір жылқылар сияқты өрістен-өріске өтіп жататын.
Мұхтархан көлікке жайғасып, бұларға бас изеп көзін алмай тұрған Валентин ағайға қарап, «Мынандай сұңғыла адамның біздің жауымыз болмағанына шүкір» деп жұмсақ жымиып, қолын бұлғап қойды.
Ахметжан ӨЗБЕКОВ,
айтыскер ақын.