Мәди Бесбаев: Біздің қоғамды құртып жатқан әсіредіншілдік

Oinet.kz 10-04-2025 172

Мәди БЕСБАЕВ – дінтанушы, Ө.Жәнібеков атындағы оқпу кәсіподақ ұйымының төрағасы.

Screenshot_27.jpg

– Мәди Әбзелбекұлы, әлеуметтік желідегі жазбаларыңызға қарағанда, соңғы уақытта АҚШ-та тұрасыз. Мұхиттың арғы жағына біржолата көштіңіз бе? Қандай дәм-түз айдап барды? 

– Бұл менің АҚШ-қа екінші келуім. Мұхиттың арғы жағындағы құрлыққа алғаш рет 2003 жылы «Сан алуан түрлі діндер және АҚШ-тағы Ислам» бағдарламасы аясында аяқ басқан болатынмын. Қазіргі таңда  Калифорния штаты Дейвис қаласына 1 жылға отбасыммен келген жайым бар. Әйелім Ақбілек – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да PhD доктор. «Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамаға осында келген.  Алла қаласа, осы жылдың күз айларында елге қайтамыз. Біз тұратын Калифорния штаты  әлемге ерекше табиғатымен белгілі. Ауа-райы жанға жайлы, жылы, жасыл қала. Мұнда қыс болмайды. Тынық мұхитының бойында орналасқандықтан бұл жақта жүріп жағажайлардың түр-түрін көруге болады.  Ал «Калифорния» университеті Дейвис қаласында орналасқан. Ол әлемдегі ең мықты университеттер қатарына кіреді. Дэйвис қаласын университет қалашығы деп атауға болады. Бұл қалада 60 мыңнан астам халық тұрады. Соның жартысы студенттер. Керемет тыныш қала. Сол университетте әйелім тағылымдамадан өтуде.

– АҚШ-тағы жағдай Қазақстанмен салыстырғанда қаншалықты өзгеше? Ең алдымен көзге ұратын ерекшелік деп нені айтар едіңіз?

–  АҚШ – өте дамыған ел. Адам үшін бар жағдай жасалынған. Қызығатындай-ақ мемлекет. Әйтсе де мұнда бар нәрсе біздің елде де бар деп айта аламын. Америкалықтар өздері үшін өмір сүретін халық. Дүние жинау, той жасау деген түсінік жоқ. Тағы бір байқағаным АҚШ-та жылжымайтын мүлікке салық өте жоғары болғандықтан тұрғындардың көбісі үй жалдап тұруды құп көреді. Жалпы мұнда салық жоғары. Мысалы, дүкеннен бір зат алсаңыз сол заттың салығын да бірге төлеп кетесіз. Америкалықтар  тәртіп бұзу, айыппұл төлеу секілді мәселелерден қашқақтайды, қорқады. Тұрғындары тәрбиелі деп айтуға болады. Біздің көшелердегідей қаптаған камераны көрмейсіз. Бұл тәрбие мен сенімнің жоғары болуынан шығар.  Көшеде, саябақта жүрсең, әсіресе, егде жастағы адамдар сенімен амандасып, жағдай сұраса кетеді. Бірақ «сәлем», «қалайсың» деумен шектеледі. Әлемде қазақ секілді  ашық-жарқын, қонақжай халық жоқ шығар. Үйінде аста-төк дастархан жайып, қонақ күткен америкалықты көрмейсің. Әйтсе де менің түсінбейтінім Америкада адамның жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалынғанымен үйсіз-күйсіз, қаңбығас жандарды да кездестіруге болады. Ал бір қызығы қаңғыбас адамдарға мұнда құрметпен қарайды. Мұрнын шүйіріп, жақтырмай қарау, намысына тиетін сөздер айту деген жоқ. Кез келген мекемеде оларға барлығымен тең дәрежеде қызмет көрсетеді. Білім саласында да қызығатындай жағдайлар көп. Бір балам осында мектепте оқиды. Білім ошақтарында міндетті мектеп формасы киілмейді. Оқушыларға дәптер, қалам секілді құрал-жабдықтар тегін беріледі. Екі мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Ұстаздар әр оқушыға жеке көңіл бөліп, тіл табысады. АҚШ мектептерінде аутизм, Даун синдромы болсын денсаулығында ақауы бар балалар да бірге оқытылады. Оларға да тең дәрежеде білім беріледі. Бір сөзбен айтқанда, Америка мектептерінде еркіндік бар.  

– Дін саласындағы мықты маман екендігіңіз жұртқа белгілі. Соңғы уақытта жұртшылық арасында дін мен дәстүр жөнінде пікірталас көп. Бұл екеуін бір-біріне қарама қайшы қоятындар да аз емес. Қазақтың дәстүрі мен шариғат арасында соншалықты қайшылық көп пе? 

– Қазіргі таңда діни ахуалды тұрақты деуге болады. Бірақ оған біз тоқмейілсімеуіміз керек. Өйткені кейбір дәстүрлі емес діни топтар ата-бабаларымыз ұстанған сенімдерден алыстатқысы келеді. Яғни бұл ұстанымдарда Аллаға серік қосу, бидғат ( діндегі жаңалық) деген сияқты пікірлерді ұстанады. Кезінде тәуелсіздік алдық деп қуанып, дін бостандығына ие болдық дедік. Нәтижесінде қазақ жерінде мүлде болмаған діндерді кіргізіп алдық. Руға бөліну, ұлтқа бөліну былай тұрсын діндерге бөлініп кеттік. Оның ішінде Ислам дінінің өзінде неше түрлі ағымдарға бөлініп қаншама отбасы осы сенімдер үшін ойран болды. Ислам діні Тәуелсіздіктен кейін келді дегендер шықты. Ал Ислам дінін ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстап келді. Дінді дәстүрмен қатар алып жүрді. Ислам діні біздің дәстүрмен сабақтасқан деуге болады. Адам дүниеге келгеннен, дүниеден өткенге дейін дін мен дәстүр қатар жүреді. Ал дәстүрді кейбір дін атын жамылғандар жоққа шығарғысы келеді. Біздің әдет-ғұрпымыз Ислам дініне қайшы емес. Оны қазір біздің муфтият Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дәріптеп, насихаттап та жүр. Бұл жерде басты мәселе – ұрпақ тәрбиесі. Енді мұндай теріс пиғылды діни топтармен кешенді түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ ұрпақ тәрбиесі өте маңызды. Ата- анасын тыңдамаған бала мұғалімді, имамды, полицияны, үлкендерді тыңдамайды деп қайда жүрсемде үнемі айтамын. Бала тәрбиесіне екі дүниеде ата-ана жауапты. Тәрбие тамақтың тоқтығы, киімнің бүтіндігімен өлшенбейді. «Бала не істеп жатыр, достары кім, ұялы телефонда не істейді?» деп қызығушылықты ата- ана танытпаса, онда барлығы кеш. Өйткені осы салада жүргенде «балам, қызым осы жолға кетіп қалды, енді не істеймін?» деп шырылдап келген қаншама адамдарды көрдім. Қазір ғаламтордың қолжетімділігі қатты алаңдатады. Ғаламторға смартфондар арқылы кіру оңай. Ал қазір барлық баланың қолында осы смартфон. Енді бір қызықты айтайын, менің ұлым АҚШ-та 2-ші сыныпта оқиды. Мектепте ұялы телефон пайдалануға рұқсат жоқ. Осы секілді баланың  ұялы телефон қолдануын үйде де, мектепте де шектеген жөн. 

– Ұзақ жылдары діни зерттеу орталығында еңбек еттіңіз. Теріс ағымның жетегінде ергендермен жұмыс істедіңіз. Сіздің ойыңызша, теріс ағымдардың қазақ қоғамына дендей енуіне қандай жағдайлар әсер етті? Қай жерден қателестік?

– Дін арқылы елді біріктіруге де, ыдыратуға да болады. Дінсіздік те, әсіредіншілдік те адамзатты құрдымға алып барады. Дін – саяси құрал. Біздің қоғамды құртып жатқан әсіредіншілдік. АҚШ-та барлық діндерге толеранттылық танытады. Мешітке барамыз жұма намазы, айт намазын оқимыз. Ораза тұтып, ауызашар береді.

– Соңғы уақытта отандастарымыздың арасында Мекке Мәдениге умра қажылыққа барушылар көп. Мұны бизнес деушілер де баршылық. Жалпы адамдардың діни сенім-нанымынан біреулердің бизнес жасап отырғанымен келісесіз бе? 

– Қажылықты, умраны бизнестің көзіне айналдырғандар негізі өзіміздің елдің азаматтары екенін ұмытпайық. Әр турфирма әртүрлі баға қойып алған. Сосын умрадағы уағызшыларды реттеу керек сияқты. Өйткені муфтиятқа қатысы жоқ адамдар ұстаз болып уағыз айтып жүр. Ниет еткен жандарға муфтият ұсынған қажылық компаниялармен баруға кеңес берер едім.

– Теріс ағымның жетегіне ергендерді жоғарыда билікте отырғандар қолдайды деген пікір де көп айтылады. Жоғары лауазымды шенеуніктер арасында да керағар ағымға кіріп кеткендер бар ма?

– Теріс ағымдағыларды қазіргі таңда  ешкім қолдамайды. Биліктегілер де. Біз зайырлы демократиялы елміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда осы мәселелерді көтерді емес пе?

– ҚМДБ-ның позициясы, ұстанып отырған бағытына айтар ескертулеріңіз, келіспейтін тұстарыңыз бар ма?

– ҚМДБ-ның ұстанымына көзқарасым оң. Өйткені біз, яғни Қазақстан мұсылмандары муфтиятқа бағынуымыз керек. Имамдардың имиджін қалыптастыруымыз қажет. Қазіргі таңда білімді, сауатты имамдарымыз көп. Бұрынғы кеңестік тәрбиемен өскен кей азаматтар және тәңіршілер басқарманы сынап, кемшілігін іздеп жүреді, яғни қабылдағысы келмейді.

– Соңғы кездері жиі талқыланып жүрген тәңіршілдік шын мәнінде болған ба? Оны дін ретінде мойындайсыз ба?

– Исламға дейін түркі халықтары Көк тәңірі сенімін ұстанған. Бірақ қазіргі тәңіршілердің ол сенімге қатысы жоқ деп ойлаймын. Ислам діні біздің ата-баба ұстанымын түпкілікті жойған жоқ. Ислам дініне қайшы келмейтін ұстанымдарды әлі күнге дейін біздің халқымыз ұстанып келеді. Менің пікірімше, бұрынғы атеистер Ислам дінін қабылдағысы келмей осы тәңіршілерге қосылып кеткен сияқты. ҚМДБ ұстанымын арабизация деп қабылдап, байбалам салып жүргендер де осы тәңіршілер.

– «Жусан» операциясы кезінде 200-ге жуық әйел мен 400-ден астам бала елге қайтарылғаны мәлім. Алайда олардың кейінгі жағдайлары туралы еш жерде ашық айтыла бермейді. Олар расымен қоғамға бейімделді ме, әсіресе балалардың қазіргі ахуалы алаңдатады. Кешегі кішкентай бала бүгін бозбала, кейбірі кәмелет жасынан асып та кеткен шығар. Сирияда ата-анасынан айырылған сол балалардың көкейінде әлдебіреулерге деген өкпе, реніш, ыза қалмады ма деген сұрақ мазалайды?

– Шымкент қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог мамандары «Жусан» операциясымен келген азаматшалармен және олардың балаларымен теологиялық, псхиологиялық оңалту жұмыстарын жүргізді. Олар үшін қазақстандық дәстүрлі құндылықтарды насихаттайтын түрлі шаралар өткіздік. Елге оралған әйелдер және балалармен кешенді жұмыстар жүргізілді және әлі де жалғасын тауып жатқан шығар.  Әрине олар, яғни балалар, әйелдер соғысты, қаруды, жарылысты, өлімді көрді.  Ол адам психикасына кері әсер етпей қоймайды. Және олар Қазақстаннан кеткенде ашумен, ызамен кеткендер. Халифатты, шариғатты аңсап кеткендер. Бейбіт Қазақстаннан кеткендер. Балалардың өзінде түрлі-түсті реңк деген түсінік болмаған. Оларды бейімдеу үшін әуелі Ақтауға орналастырып оңалту жұмыстарын, жүргізіп, өз өңірлеріне жіберді. Яғни солай Шымкентке де келді. Жалпы «Жусан» операциясын бір сұрақпен қамту қиын. Айтылатын нәрсе көп.

Әңгімелескен Айнұр ОҢҒАРБАЙ

Шымкенттегі ұлттық жобаның тиімділігі көп
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу