Меңдіқұловқа сенеміз бе, Антикорға сенеміз бе?

Oinet.kz 26-11-2025 46

e9b965e9-ba90-495b-b2cd-1b7a7e6636a4 (1).jpg

Шымкентте «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны директорының міндетін атқарушы лауазымын соңғы екі жылдың көлемінде атқарып келген Асқар Булешовтің дипломына қатысты «жырдың» әлі жалғасатын түрі бар. Өткен аптада редакцияға аталған кәсіпорын тікелей бағынатын, Булешовті осы қызметке тағайындаған қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтан хат алдық.

Шамасы, Меңдіқұлов хатты білікті адвокаттармен ақылдасып, «мың рет өлшеп» отырып дайындаса керек, әйтеуір, бірқатар заңдардың баптары мен тармақшаларын баса көрсетіпті. Ол алдымен Асқар Булешовті «сүттен ақ, судан таза», өз міндетін адал атқарған басшы ретінде суреттеген.

 – «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы директоры Асқар Булешов еңбек қызметін 2015 жылдың 16 ақпанынан бастаған. Жұмыс барысында ол өзін жауапты, тәртіпті және орындаушылық қабілеті жоғары қызметкер ретінде көрсеткен,– дейді Меңдіқұлов. Ешқандай тәртіптік жазаға тартылмағанын ескере отырып, 2024 жылдың 22 қаңтарында оның директордың міндетін атқарушы болып тағайындалғанын алға тартыпты (шамасы бұл кезде 800-ден астам жұмысшысы бар кәсіпорында Булешовтен басқа  тәртіптік шара көрілмеген ешкім қалмаса керек).  Басқарма басшысы Булешовтің бұған дейін бірнеше рет сотталғанын жоққа шығарады.

– Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің «Ақпараттық сервис» жүйесіндегі мәліметтерге сәйкес Булешовке қатысты қандай да бір құқық бұзушылық тіркелмеген,– дейді. Осыдан кейін барып диплом мәселесіне көшеді.

Меңдіқұловтың жазуынша, жұмыс барысында Булешовтің дипломында бір шикіліктер бар деген күдік-күмән тумаған (расында да тәртіпті, жауапты, орындаушылық қабілеті жоғары қызметкер болса, қандай күдік-күмән болсын).

– Кәсіпорынның бұрынғы директорының міндетін атқарушы Булешов Асқарға тиесілі дипломның жалған екендігін анықтау мақсатында тиісті құқық қорғау мекемелеріне шешім қабылдау үшін іс-құжаттар жолданған болатын. Ол мекемелерден қазіргі таңда хабарлама келмегендіктен нақты айту мүмкін емес,– деп қысқа қайырған Меңдіқұлов құзырлы органдардан Булешовті қызметтен шеттету туралы нұсқама да түспегенін атап өтеді.

Сондай-ақ Меңдіқұлов  сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін кінәлі деп танылып, сотталып шыққан, бұдан кейін «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен айналысатын –офицер-комплаенс қызметін атқарып жүрген Данияр Толыбаевқа ойысады.  Толыбаевтың бұл қызметке  лайық екендігін, тіпті оның атқартып отырған қызметінің заңға қайшы келмейтіні сот қаулысымен  расталғанын алға тартыпты. Біздің қолымыздағы құжаттарға қарағанда, Толыбаев бұл қызметке 2023 жылы кәсіпорынның сол кездегі басшысы Рзабек Меңдіқұловтың бұйрығымен тағайындалған. Яғни, бір кездері өзі қабылдаған шешімді заңсыз деп айтпайтыны бесенеден белгілі ғой. Бірақ бұл жерде мәселе заңда емес, қабылданған шешімнің мемлекеттік қызметтің әдебіне қаншалықты сәйкес келетінінде емес пе?!

  Түсіндіре кетейік, коррупциялық баппен сотталып шыққан Толыбаевтың коррупциямен күресетін офицер-комплаенс лауазымын атқаруы сыбайлас жемқорлық ұстанымдарына қайшы келетінін ең алғаш рет 2024 жылы еңбек инспекциясы анықтаған. Алайда «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының басшылығы еңбек инспекциясының нұсқамасын даулап, мамандандырылған әкімшілік сотқа арызданған. Алғашқы сатыдағы сот инспекцияның нұсқамасы дұрыс деген төрелік айтқан. Алайда апелляциялық саты офицер-комплаенстың лауазымды қызметке жатпайтынын алға тартып, нұсқаманың Толыбаевқа қатысты бөлігінің күшін жойған болатын. Меңдіқұлов осы апелляциялық соттың қаулысын алға тартып отыр. Бұған дейін біз «сыбайлас жемқорлықпен сотталған адамның сыбайлас жемқорлықпен, күресетін қызметті иеленуі заңның осалдығы ма, әлде басшылардың осалдығы ма?» деген сауалды көлденең тартқан едік. Меңдіқұловтың хатынан кейін түсінгеніміз, бұл заңның осалдығы. Бұл мекемелерге офицер-комплаенс лауазымын енгізген Антикордың осалдығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің приципсіздігі. Бұдан басқа не айтуға болады?   

Қысқасы, Меңдіқұлов ештеңе білмейді, тек құжатқа сенеді. Хат соңында ол мақаламызды теріске шығаруды талап етіп,  орындалмаған жағдайда сотқа беретінін де ескертіпті. Сондықтан біз де өз тарапымыздан бірқатар құжаттарды ұсынғанды жөн көрдік. Алдымен Булешовтің соттылығына қатысты мәселеден бастайық.

Кәсіпорын басшысының бұған дейін бірнеше рет сотталып шыққанын алғаш рет бізге 2024 жылдың көктемінде редакциямызға арызданған «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының бұрынғы қызметкерлері мәлімдеген болатын. Тіпті оның  қашан, қай соттың үкімімен, қандай жаза алғанын, тіпті, қай мекемеде жазасын өтегені туралы Бас прокуратураға бағынышты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінен сұрау салу арқылы алынған құжаттармен де таныстырған. Мұны бір деңіз. Екіншіден, биыл наурыз айында Антикор «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізген. Маусымда  талдау нәтижесі бойынша қорытынды түзілген. Осы құжатта кәсіпорында бірнеше азаматтың сотталып шыққаны жазылған, арасында директордың міндетін атққарушы Асқар Булешов те бар.  Арызданушы Ерғали Рүстембеков бізге осы қорытындының көшірмесін ұсынған еді. Орыс тілінде жазылған хаттағы мына мәтіндерді сөзбе-сөз келтірейік:

«А.Булешов 1998-2003 жылдар аралығында жеке тұлғаға қарсы және мүліктік қылмыстар бойынша бірнеше рет сотталған («тонау», «қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе сату», «өз бетінше билік ету», «адамды заңсыз бас бостандығынан айыру»). Оған 180 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту, 3-4 жыл бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалған. Қазіргі уақытта оның жазалары өтелген»,– деп жазылған. Жалпы біз бұған дейінгі мақалаларымызда Булешовтің сотталып шыққанымен, соттылығы жойылғанын, бұл жағдай оның басшылық қызмет атқаруына кедергі келтірмейтінін жазғанбыз. Біреудің өткен-кеткен өміріне тоқталу кімге де болсын оңай емес, әрине. Дегенмен Меңдіқұловтың хатынан кейін мынандай заңды сұрақ туады: Сонда Құқықтық статистика комитеті Антикорды алдап отыр ма, әлде  Меңдіқұловты алдап отыр ма? Бір мекеменің екі түрлі мәлімет беруі мүмкін бе? Сіз қалай ойлайсыз? Ары қарай сабақтайық.

Жоғарыдағы қорытындыда былай дейді:

«Булешовтің жеке іс-парағына тіркелген дипломға қарағанда, ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін 2009 жылы өнеркәсіптік және құрылыс технологы мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Алайда 2003-2006 жылдар аралығында ол Қарағанды облысы Долинка елді мекеніндегі ИК-41 мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген. Бұл жағдай аталған мерзімде оның жоғары оқу орнында білім алуы мүмкін екендігін жоққа шығарады».

Бұдан бөлек Антикор М.Әуезов университетіне сұрау да салған. Жауап хатта Булешовтің құжатындағы тіркеу номерімен мүлдем басқа азаматшаға диплом берілгені көрсетілген.

 Осындай жағдайлардан кейін Булешов аталған оқу орнында оқығанын енді қалай дәлелдеуі мүмкін?

Осыдан кейін біз жазған мақалаларымыздағы қай фактіні теріске шығаруымыз керек, Меңдіқұлов мырза? Түсінбедік.

Айтпақшы, талдау қорытындысында анықталған фактілер Энергетика басқармасына, Шымкент қаласы әкімінің аппаратына және тиісті шешім қабылдау үшін Шымкенттің құқық қорғау орындарына жіберілетіні жазылған. Яғни, дипломға қатысты фактіні Меңдіқұлов сол маусымда білген болуы мүмкін. Бұдан кейін ол Булешовті қызметтен шеттетуі тиіс емес пе ді? Жоқ, қыркүйекте Булешовтің дипломына қатысты М.Әуезов университетіне  сұрау салған. Проректор С.Бейсенбаев 12 қыркүйекте Булешовтің аталған университетте оқымағаны жөнінде жауап хат жолдаған (бұл хатты өткен номерлерімізде жариялағанбыз). Осыдан кейін 16 қазанда Меңдіқұлов Булешовті өз еркімен  атқарып отырған лауазымынан босатып жіберген.

– Жоғарыдағы құжаттар Булешовтің дипломының тұпнұсқасы бар екендігіне күмән келтіреді. Заң бойынша жалған дипломды пайдаланғаны үшін қылмыстық жаза көзделген. Алайда Шымкенттің полициясы, прокуратурасы Антикордың берген хатынан кейін де ешқандай шара қолданбай отыр. Әлде бұл Антикордың осы уақыт аралығында таратылып кеткендігімен байланысты ма? Булешов ұзақ уақыт бойы жоғары білімі жоқ екендігін, біліктілік талаптарының сәйкес келмейтінін біле тұра, кәсіпорында басшылық лауазымдарды атқарған. Яғни, басшыларды алдаған. Меңдіқұлов оның осы әрекетіне тиісті баға бермей, тәртіптік шара көрмей, оны өз еркімен жұмыстан босатып жіберуі қаншалықты заңға сәйкес келеді?– дейді арызданушы Ерғали Рүстембеков.

Жуырда бұл мәселе Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінде қаралды. Сол жиында кеңес төрағасы Б.Парманов қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің  тексеру жүргізіп жатқаны жария етті.

Департаменттің бұл іс бойынша нендей төрелік айтатынын күтіп көрейік. Ал, қарамағындағы осындай жәйттарға көздерін жұмып отырған Шымкенттің басшылары, оның ішінде қала әкімінің коммуналдық салаға жауапты орынбасары Берік Беркімбаевтың тірлігіне не айтуға болады? Қала әкімі аппаратының басшысы лауазымына жуырда тағайындалған  Берік Айдарбеков мырза, сіздің бұдан хабарыңыз бар ма?

P.S. Антикордың қорытындысында Булешовтің қызметкерлерді жұмысқа конкурссыз қабылдағаны, тіпті олардың арасында өзге облыстың азаматтары да болғаны келтірілген. Яғни, арызданушылар «кадрлық бизнес» деп, осы уақытқа дейін босқа шырылдамаған болып тұр ғой. «Бизнестің» көкесі бюджеттік мекемелерге жылу беру мен оның ақысын жинауда орын алған. Бұл бойынша Меңдіқұлов қандай шара қабылдады? Бұған тағы бірде тоқталатын боламыз.


«Рейтинг» газеті, 26 қараша 2025 жыл.

 

 

 


Әкімдердің династиясы Сапарбаев – Нәлібаев – Машбек әулетін не күтіп тұр?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу