Әкімдердің династиясы Сапарбаев – Нәлібаев – Машбек әулетін не күтіп тұр?

Oinet.kz 26-11-2025 66

Screenshot_1.png

«Қызылордада – Нұрлыбек,

Түркістанда – Әзімбек».

Естеріңізде болса,  «Рейтинг» газетінде осындай тақырыппен мақала жарияланғанбыз. Осыдан бір жыл бұрын. Онда Түркістан қаласы әкімінің креслосына жаңадан отырған Әзімбек Пазылбекұлы мен жалпы әкімдердің династиясы атана бастаған Сапарбаев-Нәлібаев-Машбек әулетінен шыққан шенеуніктер туралы біраз толғанысымызды білдірген едік.

Енді жоғарыдағы сөздерге «Шымкентте – Жарылқасын Машбек» дегенді қосқалы жатырмыз. Өйткені осы аптада династиядан шыққан тағы бір өкіл әкімдердің командасына қосылып, әжептәуір лауазымның иесі атанды. 

Кадрлар келіп жатыр. Кадрлар кетіп жатыр. Кімдер келіп, кімдер кетпеген бұл Оңтүстік?

Жуырда «Курсив» порталы Тәуелсіздік жылдарындағы  өңір әкімдерінің рейтингісін жариялады. Осы рейтингке сенсек, отыз жылдан астам уақыттың ішінде өңірлерге 150 шенеунік әкімдік еткен.

Олардың орташа әкімдік өтілі – 2 жыл 11 айды құраған. Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) әкімі ең жиі ауысатын облыс мәртебесіне ие болыпты. Мұнда облыс әкімі орта есеппен 2 жыл 7 ай сайын ауысып отырған. Әкім ұзақ отыратын өңір – Қостанай облысы. Онда бір әкімнің орташа қызметтік «жасы» 4 жыл 3 айды құрайды. Бір орында ең ұзақ әкім болған Батыс Қазақстан облысын басқарған Қабиболла Жақыпов екен. Ол бұл орында 8 жыл отырған. Екі арадағы айырмашылық қайда жатыр десеңізші. Біздің білуімізше, Оңтүстік Қазақстан облысын ең ұзақ басқарған әкім – Асқар Мырзахметов. Ол бұл орында 6,5 жылға жуық уақыт отырған.

Ал енді жалпы әкімдік креслода отырған шенеуніктердің рейтингісінде марқұм Бердібек Сапарбаевтың орнатқан рекордын әлі ешкім бұза алмаған. Оның әкімдік стажы 18 жыл 2 айды құраған. Бердібек Сапарбаев тоқсаныншы жылдары өзі туып өскен Қызылорда облысына әкім болған. 1999 жылы Шымкент өңірінде газ бен жарықтың тақсіреті шектен шығып бара жатқан тұста Президент оған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болу міндетін жүктеді. Аумалы-төпкелі, қиын-қыстау кезде бұл міндетті абыроймен атқарды. Ақпарат құралдарында «спецназ Сапарбаев» атанған Бекең одан кейін тағы үш облысты басқарды. Соңғысы – Жамбыл облысынан зейнеткерлікке кеткені, жұрт оны әуежайға дейін қимай шығарып салғаны, бәрі-бәрі есте. Бекең әзірге бес бірдей облыстың тізгінін ұстаған жалғыз шенеунік. Ол «ескі Қазақстанмен» де, «жаңа Қазақстанмен» де шәй деспей жұмыс істеді. Бұл Бекеңнің тіл табыса білетін қасиеті ғана емес, белгілі  топқа, әулетке емес, халыққа қызмет етуді басты ұстаным етіп алғандығында болса керек. Енді сол Сапарбаевтың бағындырған биігіне оның інісі Нұрлыбек Нәлібаев шыға ала ма?

Бердібек Сапарбаевтың өзі айтып кеткендей, Нұрлыбек Нәлібаев облыс басшысының крелосына даладан келген кадр емес. Барлық баспалдақтан өткен.  2005 жылдардан бастап Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, Шиелі ауданының әкімі, ал 2013 жылы Қызылорда қаласының әкімі лауазымына тағайындалды. Одан әрі Үкімет кеңсесінде біраз тәжірибе жинап,  Қызылорда облысы әкімінің креслосына отырды, 2022 жылы. Ең қызығы, бұл тағайындау Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл облысы әкімі лауазымынан босатылған сәтте жасалды. Содан бергі аралықта үш жарым жылдан астам уақыт өтіпті. Енді алдағы бірер айда Нәлібаевтың әкімдік мерзімі аяқталады.  Одан кейін не болады? Ол Президенттің келісімімен облыс әкімі болуын жалғастыра ма, әлде ротациялық ауысу тәртібімен Астанада бұдан да құзыры мықты, құрығы ұзын құрық ұстай ма? 

Осыдан бір ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына барды. Осы сапар барысында Мемлекет басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың атқарған жұмыстарына оң баға берді. Естеріңізде болса, былтыр Президент Түркістан облысына келген кезде, Дархан Сатыбалдының жұмысын жоғары бағалап, «әкімдеріңіз жақсы жұмыс істеп жатыр» дегенді айтқан еді. Көп ұзамай Сатыбалды Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары лауазымына жоғарылап кеткен. Енді Президенттің оң бағасын алып, назарына іліккен Нәлібаевтың да жерде қалмасы анық. Соңғы апталарда Нәлібаев жақын арада Астана қаласының әкімі болады деген әңгімелер айтыла бастады. Кім біледі?!

Әкімдер династиясының үшінші өкілі Әзімбек Пазылбекұлы қазір Түркістан қаласының әкімі. Нұрлыбек Нәлібаевтың туған ағасының ұлы. 33 жаста. Әзімбек Пазылбекұлы жуырда Қазақстандағы ең жас шенеуніктердің рейтингісінде алғашқы бестікке енген болатын. Ол бүгінгі күні Түркістан облысындағы барлық аудан, қала әкімдерінің ішіндегі ең жасы. Бәлкім бүкіл Қазақстандағы ең жас әкім болуы да әбден ықтимал. Алайда Әзімбек Пазылбекұлын Түркістанның әкімі болуға дейін барлық баспалдақтан өтті деуге болмайды. Оның карьерасы 2013 жылы ағасы Нұрлыбек әкім болған Қызылорда қаласында басталған.  Алғашқыда Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінде жетекші маман болған. 2015 жылы Қызылорда қаласы әкімінің аппаратында тер төккен. Бұдан кейінгі карьерасы министрліктерде жалғасқан. Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй коммуналды шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары болған. Былтыр көкелерінің жолын қуған Әзімбек әкімдік салада жинаған тәжірибесінің жоқтығына қарамастан облыс орталығы, түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласының тізгінін иеленді. Бұл көпшілік арасында әрқилы пікір туғызғаны рас. Жап-жас шенеуніктің облыс орталығын басқаруға тәжірибесі жете ме? Осы сауалды журналистер былтыр елордада өткен брифингте Дархан Сатыбалдыға қойған. Облыс басшысы Әзімбек Пазылбекұлының тәжірибесі жететінін, бірақ тағайындау кезінде оның «текті әулеттің өкілі» екендігін білмегенін айтқан еді. Содан бері бір жылдан асты. Әзімбек Пазылбекұлы өзіне сенім артқан ағаларының үмітін қаншалықты ақтады? Өзін қай қырынан көрсете алды, Түркістан сияқты қасиетті қаланы басқаруға тәжірибесі жетті ме? Осы бір жыл ішінде облыс орталығының дамуына нендей үлес қосты? Жұрт айтып жүретіндей нендей тірлік атқарды? Бұған сіз не дейсіз?

Бір анығы – Әзімбек Пазылбекұлының карьерасы қала әкімінің  орынтағымен шектеліп қалмайды. Оған алдағы жылдары облыс әкімінің креслосы бұйырып жатса таңғалмаймыз? Ол кімнің орнын басады? Ағасы Нұрлыбек Нәлібаевтың ба?

Осы аптада «текті әулеттің» тағы бір өкілі Шымкент қалалық әкімдігінен қызмет алды. Жарылқасын Пазылбекұлы Машбек бұған дейін Шымкент қаласы әкімдігінде қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған. Ол уақтысында ағасы Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс істеген Премьер-министрдің кеңсесінде тәжірибе жинаған. Осы жерде оның жолы Ғабит Сыздықбековпен түйіссе керек. Сыздықбеков оны өзімен бірге Шымкентке ала келген. Кейбір ақпарат көздеріне қарағанда, Жарылқасын Машбек қала әкімінің ең сенімді кадрларының бірі саналады.  Осы аптада ол Шымкенттегі Қаратау ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Жарылқасын Машбектің басқармадағы лауазымын тастап, әкімдікке келуінің астарында не гәп бар?

Әрине, халыққа қызмет ету,  адамның тегіне, қанына байланысты емес, Алаштың арысы Әлихан Бөкейханұлы айтқандай, мінезінен, жаратылыс болмысынан.  Не де болса, елдің назарындағы азаматтарға Алла қажыр-қайрат беріп, елдің аманаты мен сенімін ақтай берсін деп тілейміз!

«Рейтинг» газеті, 26 қараша 2025 жыл.


Тоқаев ішкі істер министрі Сәденовке бірқатар тапсырма берді
Меңдіқұловқа сенеміз бе, Антикорға сенеміз бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу