Армения премьер-министрі Пашинян: "Қазақстанға ресми сапармен келу - зор мәртебе!"
Мемлекет басшысы Армения премьер-министрімен келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

"Аса құрметті Никол Воваевич, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыз өте маңызды. Екі елдің стратегиялық серіктестік деңгейіндегі қарым-қатынасының дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз. Бұл - Қазақстанға алғашқы сапарыңыз. Шын мәнінде, қазақ халқы Армения жұртына, тарихына, салт-дәстүріне, мәдениетіне зор құрметпен қарайды. Сапар барысында бірқатар маңызды келісімге қол қойылады", - деді Президент.
"Аса құрметті Президент мырза, мені Қазақстанға ресми сапармен шақырып, Астанада қонақжайлық танытқаныңыз үшін алғыс айтамын. Бұл сапар біздің екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін береді. Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі сіздің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарыңыздан бастау алды. Соның нәтижесінде маңызды келісімдерге қол қойылды. Оның кейбірі жүзеге асырылды, қалған бөлігі орындалу үстінде. Қазақстанға ресми сапармен келу - мен үшін зор мәртебе!" - деді Никол Пашинян.
Айта кетейік, Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян кеше ресми сапармен Астанаға келді.
Бағдарлама аясында 21 қарашада екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша бірқатар кездесу жоспарланған.


