"Мемлекет оларды асырауға міндетті емес" - премьер-министр Бектенов
Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат отырысында депутат Сұлтанбек Мәкежановтың бюджет шығынын оңтайландыру туралы сұрағына жауап берді, - деп хабарлайды Oinett.kz тілшісі.

Олжас Бектенов алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру шеңберінде базалық шығын 15%-дан 12%-ға дейін қысқартылғанын мәлімдеді. Бұл ретте әлеуметтік салада бюджетке елеулі жүктеме сақталып отыр.
Премьер-министрдің айтуынша, әлеуметтік жәрдемақылар мен түрлі қолдау шаралары - жалпы мемлекеттік бюджеттің 60%-ы.
"Республикалық бюджетте ұзақ уақыт бойы бұл шығындар 40%-дан асып келді. Үш жылдық бюджетті қалыптастыру кезінде бұл көрсеткішті 38%-ға дейін төмендете алдық, әлі де төмендетуге болады. Біз бұл жұмысты жалғастыра береміз. Түрлі объективті факторларға байланысты жұмыс істеуге және өздерін қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ азаматтар ғана мемлекеттен әлеуметтік қолдау алады. Жұмыс істей алатын адам жұмыс істеуі қажет. Мемлекет оларды қамқорлығында ұстамауы керек және ұстамайды да", - деді Олжас Бектенов.


