"Сауда айналымын 1 миллиард долларға ұлғайту": Түркіменстан президенті Қазақстанмен Презид
Қазақстанға Түкіместан президенті Сердар Бердімұхамедов іссапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны жылы қарсы алып, "Алтын Қыран" орденімен марапаттады. Іссапарда алдағы уақытта Түркіменстан мен еліміздің экономикалық байланысы мен бірқатар келісімдер жасалды.
Салтанатты кездесуде Тоқаев Бердімұхамедовке орденді табыстады. Ал Сердар Бердімұхамедов Қазақстан мен Түрікменстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес мемлекеттер деп атады.
“Саяси-дипломатиялық салада Түрікменстан мен Қазақстан жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы ықпалдастық орнатқан. Атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, энергетикалық тұрақтылықты нығайту, көлік байланысын ілгерілету, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ортақ.
Бұл марапатты Түрікменстан халқына көрсеткен құрметіңіз, елдеріміз арасында ғасырлардан жалғасып келе жатқан берік достық пен тату көршіліктің белгісі ретінде қабылдаймын. Екі мемлекет халықаралық аренада тығыз әрі нәтижелі ықпалдастық орнатқан. Ынтымақтастығымыз өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуде өзара түсіністіктің, бірліктің және қолдаудың жоғары деңгейін көрсетіп келеді”, – деді Түрікменстан президенті.
Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің Түрікменстанның мемлекеттілігін, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен халықаралық аренадағы орнын дәйекті түрде нығайтып келе жатқан прогрессивті, мықты көшбасшы екенін атап өтті.
“Сіз түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы, аса құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич Бердімұхамедовтің келешекке арналған стратегиялық бағдарын сенімді түрде жалғастырып келесіз. Сіздің салиқалы басшылығыңызбен Түрікменстан экономикасы керемет қарқынмен дамуда. Баянды бастамаларыңыздың арқасында бауырлас Түрікменстанда ірі әлеуметтік жобалар жоспарлы түрде жүзеге асырылып, ғылым-білім саласы соны серпін алып, халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Бұл жетістіктің бәрі шынайы құрметке және жоғары бағаға лайық”, – деді Тоқаев.
“Өсімдік майы, макарон, ет-сүт өнімдерінің экспорты, жол салу”: Стратегиялық келссөзде не талқыланды?
Президент келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібіндегі кең көлемді мәселелерді талқылады. Әсіресе сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге назар аударылды.
“Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын жарты миллиард доллардан асады. Биылғы көрсеткіштерге де көңіл толады. Құрметті Түрікменстан президентімен бірге өзара сауда көлемін бір миллиард долларға дейін ұлғайту үшін қажетті шараларды қолға аламыз. Осы мақсатта Қазақстан тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс жоспарын қабылдауды ұсынды. Екі елдің бизнес өкілдерін қолдау үшін Сауда үйлерін ашу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ қос мемлекеттің қалалары арасында тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу мәселесін қарастыруға келістік”, – деді Тоқаев. .
Мемлекет басшысы одан бөлек, көлік-транзит саласын да алға тартты. Бұл орайда Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдары ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
“Биыл он айда тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік үдерістерді жеңілдету шаралары қабылдануда. Шекара маңының инфрақұрылымы белсенді түрде дамып, өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы бағыты бойынша жол инфрақұрылымдарын ұштастыру мәселесі біртіндеп шешілуде. Контейнерлік тасымалды жандандыру үшін Каспийдегі Ақтау, Құрық, Түрікменбашы порттарының көлік-логистикалық әлеуетін толық пайдалануға уағдаластық.
Бұдан бөлек, келіссөздер барысында Ауғанстан арқылы өтетін Оңтүстік Азия бағытындағы теміржол желісін тарту перспективасы қарастырылды. Қазақстан бидайын түрікмен нарығына жеткізу көлемін арттыруды егжей-тегжейлі талқыладық. Сонымен қатар өсімдік майы, макарон және ет-сүт өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Түрікменстан-Ауғанстан шекарасында астық терминалын салу перспективасын пысықтадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика саласындағы бірлескен жобаларға баса мән берілген. Сонымен қатар еліміз мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру және ІТ технологияларды енгізу ісіндегі тәжірибесін ескере отырып, түрікмен тарапын бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
“Қазақстан түрікмен газын Қытайға тасымалдауда ұзақ жылдар бойы сенімді серіктес болып келеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар газды қайта өңдеу, көгілдір отын жеткізетін инфрақұрылымды дамыту жобалары аясындағы ықпалдастықты жалғастыруға уағдаласқан. Оған былтыр қол қойылған Газ саласын дамыту бойынша стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім негіз бола алады”, – деп қосты ол.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Бірлескен мәлімдемеге қол қойды
1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасында мәдени-гуманитарлық сала бойынша ынтымақтастық туралы келісім;
2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасында көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Түрікменстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында зейнетақымен қамтамасыз ету саласы бойынша ақпараттық ықпалдастық туралы келісім;
4. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Түрікменстанның Әділет министрлігі арасында құқықтық саладағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында ветеринария саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
6. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Астық дақылдары ғылыми-зерттеу институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
7. Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасында көлік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөніндегі 2026-2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;
8. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Түрікменстанның Денсаулық сақтау және медициналық өнеркәсіп министрлігі арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2026-2027 жылдарға арналған негізгі іс-шаралар жоспары;
9. Қазақстан Республикасы Маңғыстау облысы әкімдігі мен Түрікменстанның Балқан уәлаяты әкімшілігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
10. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Түрікменстанның Ғылым академиясы арасында ғылым саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
11. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының "Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені" ШЖҚ РМК мен Түрікменстанның Телевизия, радио хабар тарату және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында ақпараттық сала бойынша ынтымақтастық туралы келісім.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедов пен бауырлас түрікмен халқын Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады.
“Қазақ-түрікмен қарым-қатынасының келешегі жарқын екеніне сенімдімін. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы осыған айқын дәлел. Қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылуы көп жоспарлы серіктестігімізге тың серпін беріп, қазақ-түрікмен ынтымақтастығының жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашатынына күмән жоқ”, – деді Мемлекет басшысы.
Сердар Бердімұхамедов өз кезегінде мемлекеттер арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейтуге қатысты Түрікменстанның ұстанымымен бөлісті.
“Екі мемлекеттің бизнес қоғамдастықтары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтудың маңызы зор. Энергетика – екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі. Түрікменстан бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын. Сонымен қатар еліміздің электр энергиясы мен химия өнеркәсібіндегі серіктестікті нығайтуға айтарлықтай мүмкіндігі бар. Көлік және логистика өзара ықпалдастығымыздың стратегиялық сипатқа ие бағыты саналады. Қазіргідей күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал кезінде Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағдарындағы көлік-транзит дәліздерінің жұмысын жандандыру аса өзекті”, – деді Түрікменстан президенті.


