Шымкентте 80 жастағы әже көлік тізгіндеп жүр
Шымкентте 80 жастағы әже көлік тізгіндеп жүр, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.

Қарт жүргізуші көлігіне толықтай өзі қарайды – майын ауыстырады, бұзылса, жөндеуге апарады. Фатима апаны кейде жастар жарысқа шақырады екен. Фатима Нұрғалиқызы көлік айдауды 64 жасында үйреніпті.
Қазір ол Шымкент ішінде ғана емес, алыс-жақын аудандарға да жолға шығады. Сексеннің сеңгіріне шыққан әжей көлігі бұзылса, жөндеуге де өзі апарады.
"Шалым үйретті, былай айда-былай айда деп айтып тұрды. Соның ұрысқаны сабақ болды. Қазір айдап жүргеніме 12 жыл болды. Көлігімді жөндетуге өзім алып барамын. Негізі жүргізушілер жылдамдықты жақсы көреді ғой. Қызылордадан келе жатқанда, сәл жылдамдықты асырып едім, артымнан ГАИ келіп тоқтатты", - дейді Шымкент тұрғыны Фатима Нұрғалиқызы.
Мамандардың айтуынша, қазір жасы келген әйелдердің көлік жүргізуге қызығушылығы артып келеді.
Маңыздысы – адамның жасы емес, талпынысы. Сондықтан ерік-жігер болса, кез келген жаста рөлге отыруға болады.
"Жалпы, көлік айдау үшін әйел адамға қайсарлық керек. Ең бастысы, қызығушылық, талпыныс керек және үйрену керек. Мамандардан білім алу керек. Сонда ғана оңай айдап кете алады", - деді Автомектеп қызметкері Әлия Асқарқызы.
Фатима әже жүргізуші куәлігін алған соң, біраз уақыт көлік айдауға сескеніп жүріпті.
"Ал өзі рөлге отыра бастаған кезде жұрттың таңырқай қарайтынына үйрене алмадым", - дейді әжей.
Фатима Нұрғалиқызының айтуынша, жақсыны үйрену ешқашан кеш емес. Бастысы, құлшыныс пен ниет болуы шарт.


