Әкім Саитовқа Әдеп кеңесі ойыншық па?

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде біз Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Саитовтың жерге қатысты заңсыз тірліктері туралы жазғанбыз. Дәлірегі Саитов ауылдағы 4,8 гектар жерді бизнесменнің қанжығасына байлап жібере салған. Ол үшін халықтың келісімі де сұралмаған, ешқандай сауда-саттық та өткізбеген. Абырой болғанда ескіиқандық шенеуніктің заңсыз әрекетіне құзырлы органдар дер кезінде тосқауыл қойып, сот шешімімен жер халыққа қайтарылады. Прокуратура заңсыз әрекетке барған әкімнің ісін қарау үшін Әдеп кеңесіне жолдайды. Алайда өзінің тәртіптік ісі қаралатын күні Саитовтың ауырып қалып, демалысқа шығып кеткенін бұған дейін де жазғанбыз... Осы тақырыпты одан әрі қарай қозғауға тура келіп отыр.
Өйткені өткен аптада Ескі Иқан ауылы әкімінің ісі Әдеп кеңесінің күн тәртібіне тағы да қойылды. Саитов тағы да денсаулығына байланысты келген жоқ. Оның үстінен редакцияға арызданып жүрген облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Даныш Маннатовтың айтуынша, осылай жалғаса берсе, Саитов жазадан құтылып кетуі әбден мүмкін.
Түркістан облыстық экономикалық сотының биыл сәуірде шығарған шешіміне қарағанда, Ескі Иқан ауылының әкімі Дилшод Саитов былтыр 20 ақпандағы №13 шешімімен ауылға жекеменшік мектеп салуға ниет еткен «Мектеп Жаңа Иран» серіктестігіне бас жоспар бойынша халыққа тұрғын үй салуға арналған аумақтан 4,8 гектар жер берген. Алдымен жер телімі 5 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен табысталған. Желтоқсанда әкім жердің санатын жекеменшікке ауыстырған. Кейін аудандық жер қатынастары бөлімі мен серіктестік арасында сатып алу –сату келісімшарты жасалған. Осы шешімдердің заңдылығына тексеру жүргізген прокурорлардың айтуынша, ауыл әкімі жер телімін жекеменшік компанияға, яғни кәсіпкерге аукционсыз берген. Бұл өрескел заңбұзушылық. Осыдан кейін облыстық жер ресурстарын басқару департаменті сотқа арызданады. Сәуірде сот талап арызды толық көлемде қанағаттандырады. Ауыл әкімі шығарған шешімнің күші жойылған.
– Ескі Иқан ауылындағы халық жерге зәру. Жылдап жер кезегінде тұрады, алған жерін рәсімдеу үшін айлап әуре-сарсаңға түседі. Ал әкім Саитов кәсіпкерге жерді бар-жоғы екі күнде рәсімдеп берген. Ескі Иқанда 0,8 гектар жердің өзі 5-10 миллион теңге тұрады. Ал, 4,8 гектар суармалы жерді кәсіпкерге тегін беруден мемлекеттің қанша қаржыдан қағылуы мүмкін болғанын енді өзіңіз есептей беріңіз,– дейді осы аптада редакциямызға қайта хабарласқан Түркістан қаласы мен Сауран ауданының Құрметті азаматы Даныш Маннатов.
Әкімнің заңсыз шешіміне наразы болған халық былтыр наурызда Сауран аудандық Қоғамдық кеңесіне арызданады.
– Мен бұл кезде Қоғамдық кеңестің құрамындағы комиссияның төрағасы болатынмын. Комиссия мүшелерімен бірге ауыл әкіміне кіріп, заңсыз тірліктерді тоқтатуды сұрандық. Алайда әкім бәрі заңды дегеннен танбады. Абырой болғанда, мәселеге құзырлы органдар араласып, сотқа талап арыз берілді, жер мемлекетке қайтарылды. Прокуратура әкімді жауапқа тарту үшін оның ісін Әдеп кеңесіне жолдады. Кеңесте ісі қаралатын күні ол денсаулығына байланысты демалысқа шығып кетті. Алайда арада екі күн өткенде науқастанып жатыр деген Саитов аудан әкімінің халықпен кездесуіне барды. Осы жиында халық көп арыз- шағым айтты. Біздің әкімнің бұрыннан келе жатқан бір әдеті бар: аудандық мәслихатқа сайланған, ұр да жық мінезі бар депутатты халыққа қарсы қояды. Осылайша өзекті мәселе қаралатын, ауыл әкімінің жұмысына баға беретін жиналыстың шырқын бұзады. Бұл жолғы жиында да депутат дөрекілікке салып, белсенділерді сөйлетпеді. Осы кезде алдын ала дайындап қойған ақсақалдардың бірі бата беріп, жиынды таратып жіберді. Өткен аптада Саитов Әдеп кеңесінде ісі қайта қаралар кезде екінші рет «больничныйға» шығып кетті. Міне, осы аптаның дүйсенбісінде жұмысына қайта шыққаны туралы ақпарат алдық. Сонда Саитов Әдеп кеңесін ойыншық қылып жүр ме? Біздің ойымызша, ол әдейі демалысқа шығып кетіп, тәртіптік іс бойынша жауапқа тарту мерзімін өткізіп жіберуді көздеп жүрген сияқты. Әкімдікте өтетін жиындарға осы ауылдағы мектептердің мұғалімдерін отырғызып қояды. Қарапайым халық жиынның болатынын да білмей қалады. Бұл Президенттің «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын, «Жаңа Қазақстан» саясатын мазақ ету ме? Әкім Саитов қай дәуірде өмір сүріп жатыр? Жерге қатысты заңсыздықтарды әшкерелеп жүрген депутат Бақытжан Базарбек жер телімдерін аукционсыз беру жөніндегі шешімдердің арғы жағында коррупция бар деп еді. Саитовтың әрекетінде де осындай бір «бармақ басты, көз қысты» әрекет бар ма деп күдіктенеміз. Ауыл әкімінің прокуратураның ұсынысы бойынша Әдеп кеңесінде жауап беріп, қызметінен босатылуын талап етеміз,– деді арызданушы.
Дилшод Саитов Ескі Иқан ауылының әкімі қызметіне биыл ақпанда сайланған. Саяси дода барысында Саитовқа қарсылас болады деген үміткерлердің табан астында декларациясынан шикілік анықталып, жарыс жолынан шығып қалғанын біз бұған дейін «Рейтинг» газетінде жазған едік. Саитов сол додаға қол астындағы бас маманмен және көршілес Жаңа Иқан ауылдық округі әкімдігінің бас маманымен бірге түсіп, жеңіске жеткен.
Айтпақшы, Даныш Маннатов бізді Сауран аудандық прокуратурасының биыл тамызда Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп кеңесіне жолдаған хатымен де таныстырды.
«Ерекше назар аударатын жағдай, Д.Саитов өзінің іс-әрекеттері заңға қайшы келетінін біле тұра, бұл мәселе бойынша тиісті прокурорлық қадағалау актісі енгізілгенін, сотқа талап арыз келтірілгенін және Департаментпен тәртіптік жауапкершілігін қарау өндірісі қозғалғанын біле тұра, өзінің райынан қайтпай, заңсыз іс-әрекеттерін жалғастыру мақсатында 03.12.2024ж. №101 шешімімен серіктестікке бұл жерге жекеменшік жер пайдалану құқығын табыстаған. Бұл ретте Д.Саитовтың іс-әрекеттері «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50-бабында көзделген заңбұзушылығын аяқтау мақсатында қайта жасағанын анық көруге болады. Демек серіктестікке жерді аукционсыз табыстағанын заңсыз екендігін біле тұра оны екінші қадамымен жекеменшікке табыстау шешімін шығару арқылы заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткен»,– деген прокурордың хатында Саитовтың тәртіптік ісін тез арада қарау қажеттігі жазылған.
Алайда Саитовтың Әдеп кеңесінде ісі қаралатын күні денсаулығына байланысты демалысқа шығып кетуді әдетке айналдырғанын жоғарыда жаздық. Әдеп кеңесімен «ойынынан от шығып», Ескі Иқанның әкімі жазадан осылайша құтылып кете бермейтін шығар.
Әліптің артын бағып көрейік.
«Рейтинг» газеті, 19 қараша 2025 жыл.


