54 «елес» студентті оқытқан колледж директоры ұсталды
Батыс Қазақстан облысында колледж директоры жалған студенттерді тіркеу арқылы бюджеттен 49 млн теңгеден астам қаражат жымқырды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Juzmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Қаржы мониторингі агенттігінің облыстық департаменті білім беру саласында бюджет қаржысын жымқыру дерегіне байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу мәліметінше, Батыс Қазақстан индустриалдық колледжінің директоры оқу процесіне қатыспаған 54 адамды жалған түрде студент ретінде рәсімдеген. Олардың атына сабаққа қатысу табельдері, бағалар мен үлгерім құжаттары толтырылған.
Жалған студенттердің атына банктік шоттар ашылып, сол шоттарға стипендия төленді. Ал карталар директорға немесе оның тапсырмасымен басқа адамдарға беріліп, қолма-қол ақша алуға және қаражатты пайдалануға қолданылды. Тергеу органы бұл схема арқылы 49 млн теңгеден астам бюджет қаражаты иемденілгенін анықтады.
Күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот оның пәтеріне тыйым салу туралы санкция шығарды.


